СОЗАҚТА ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫ ДАЙЫН
Түркістан облысы, Созақ ауданында қысқы мал азығын дайындау мәселесі қарқынды жүзеге асуда. Қарақұр ауылдық округінің шаруалары қысқа дайындыққа қызу кіріскен. Бүгінде «Қарақұр» өңірістік копперативті 2 трактор, 2 пресстеу машинасымен 6000 дана пресс шөп әзірлеген. «Бірлік» шаруа қожалығы болса, жеке қаржысына сатып алынған техниканың көмегімен 7000 дана пресс шөп жиып үлгерді. Шаруалардың тынымсыз еңбегінің арқасында дала шөбінің бағасы 700-750 теңгеден сатылуда.
Қарақұр ауылдық округінде мал азығын дайындау науқаны шілде айының басынан басталды. Ауыл округі бойынша 2021-2022 жылдарға 10 мың тонна дейін мал азығын дайындау жоспарланса, қазіргі күнде оның жартысына жуығы жиналған.
Биылғы қуаңшылық Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аудандарының алқаптарына да кері әсерін тигізіп, табиғи шөп бітік шықпағаны белгілі. Алдағы қыс айларында мал азығының тапшылығын алдын алу мақсатында облыстағы орман қорының жерлерінен табиғи шөптерді орып алу ұйымдастырылуда және Келес, Сарыағаш, Жетсай, Мақтарал аудандары Шардара, Отырар аудандарының жайылымдарын пайдалану туралы меморандум жасалынды.
Түркістан облысы әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, облыстың агроқұрылымдарына орман қоры жерінен жайылымдық және шабындық жерлер ұсынылып, ағымдағы жылдың 6 айында 545 агроқұрылымға 562,9 мың га жайылым жер, шөп шабуға 23 агроқұрылымға 1,5 мың га шабындық жер берілді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы жылы облыстағы мал басына қажетті 4 млн.тн жуық мал азығын 100 % дайындауға толық мүмкіндіктер бар. Оның ішінде 2,7 млн. тн жоңышқа, 134,6 мың тн сүрлем, 70,6 мың тн пішендеме және 945,0 мың тн табиғи шөп жиналады. Бүгінгі күнге 3,2 млн. тн мал азығы жиналды (81 %).
Сондай-ақ, Түркістан облысынан қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ- ның қолдауымен 95 вагон (3 мың тонна) шөп жөнелтілді.