ӘКЕ ЖОЛЫН АРДАҚТАҒАН АРУ

Көз алдыңызға елестетіп көріңіз… Елімізге әлемнің басқа бір бөлігінен қанатын талдыра жеткен ұшақтан табаны тиген адамның ендігі кезекте баратын жері шекаралық бақылау бөлімінің құжат тексеру кабинкасы. Терезенің арғы бетінен «Қазақстанға қош келдіңіз!» деген ілтипатпен қарсы алған маман оның құжатын тексеріп елге шығатын жолды нұсқайтындығы да рас. Құжат парақталып жатқан аз ғана уақыт ішінде саяхатшының көзіне бірінші түсетін адам ол әрине, шекарашы! Ал, енді ақиқатын айтыңыз… Терезенің арғы бөлігінде қазақтың көрікті де көркем қызы отырған болса тіліңіздің күрмеліп, сөйлесуге ынтызар бола бастайтыныңызға сенімім кәміл.

Отбасы дейтін кішігірім ғана мемлекет негізі қаланған күннен бастап түрлі-түрлі сынақтарды басынан кешіретіндігі хақ. Бұл әскери қызметкердің отбасы болса мұны көзбен көріп, құлақпен естіген жан ғана түсінетін шығар. Жоспарлы-жоспарсыз іссапардан жарғақ құлағы жастыққа тимейтін офицерлік құрамның жанында «сенімді серігі» болмаса төгілген тер мен еткен еңбектің зая кетері анық… Дәл осы сәтте кішігірім ғана «мемлекеттің» халқы іспеттес балалар қауымы туралы айтпай кету мүлде мүмкін емес. Ата-анасы қайда ауысса сонда баратын бала ғұмырдың да басынан бір кітапқа жүк боларлық оқиға өтеді-ақ. Осылайша әскери адамның отбасы жиһанкез болып шығады ғой несін айтасыз?! Бір кездері полковник шеніндегі бір сардардың «балалығым» қай жерде қалды екен деп терең ойланып отырғанына куә болғаным бар еді.
«Шымкент» (әуе) шекаралық бақылау бөлімшесінің аға маманы аға сержант Мадина Дәулетқанова біз сөз еткен балалық шағын еліміздің әр түкпіріндегі әскери бөлімдерде өткізген адамның бірі. Мадинаның ата-анасы күні кешеге дейін ҰҚК Шекара қызметінде табысты еңбек етіп бүгінгі күні бейнеттің зейнетін көріп отырған бақытты жандардың бірі. Орта мектепті бітіргенге дейінгі аралықта еліміздің Күршім, Мақаншы, Алматы және Қызылорда қалаларында болып үлгерген оқушы Мадина өзінің өмірлік мамандығы ретінде дәрігерлік мамандықты таңдап Қызылорда қаласындағы медициналық колледждің тәлімгері атанған. Бірақ сол баяғы ата-анасының қызмет бабына байланысты Сыр өңірінде басталған оқуды Шымкент қаласында аяқтау бақыты бұйырыпты. Білімге деген құштарлығы бар шығыстық ару бұдан соң Қазақстан халықтар достығы университетіндегі тілдер академиясын шетел филологиясы мамандығын қоса тәмамдаған. Осылайша қос білімнің иегері атанған ол ата-анасының салған ізімен шекарадағы соқпақты таңдайды. Өзінің қызметтік жолын 2011 жылы «Шымкент» (әуе) шекаралық бақылау бөлімшесінен бастаған аруымыз сол жылдары жаңадан құрылған «Байқоңыр» шекаралық бақылау бөлімінің алғашқы маманы ретінде тарихта қалды.
Бүгінгі күні Мадина Дәулетқанқызы оңтүстік өңірге әуе жолы арқылы келетін қонақтардың құжаттарын тексеретін бірден-бір жауапты маман. Әке мен анасының жүріп өткен жолын жалғастырған батыл да байыпты жан. Ата-ана үмітін ақтауға тырысқан аяулы жанның әлі де биік белестерді бағындыратынына сеніміміз кәміл!

Рауан НҰРМЕТ,
ҚР ҰҚК Шекара
қызметі Түркістан облысы
бойынша департаментінің
капитаны.