МЕКТЕП ФОРМАСЫ МІНДЕТТІ ЕМЕС
бұл шешім тек келесі оқу жылы үшін қабылданды
Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желілерде 1-11 сынып оқушылары алдағы оқу жылының бірінші тоқсанында қашықтан білім алатыны туралы ақпарат пайда болған. Және бұл мәлімдемені еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқан делінген. Бірақ еліміздің Білім және ғылым министрлігі желіде жылдам таралған бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ашып айтты. Өткен маусым айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы оқу жылы туралы дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырған болатын. Бірақ содан бері бір айдан аса уақыт өтсе де, тиісті министрлік нақты шешім шығаруға асығар емес. Білім және ғылым министрлігі егер оқыту дәстүрлі форматта болатын болса, мектеп формасы міндетті болмайтынын айтудан әрі аспауда.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook парақшасында биыл оқушылар тек мектеп формасында емес, классикалық мәнердегі киімде де келуіне рұқсат етілетінін жазды. Өз кезегінде ол пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болғанмен, бірақ өткен жылдары барлық жағдайларды ескере отырып осындай шешім қабылдап отырғанын түсіндіреді. Сонымен қатар ол, өзін ата-ана әрі министр ретінде мектеп формасын киюді қолдайтынын, себебі бірыңғай форма балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, оларлың арасындағы бірлікті нығайта түсетінін, ең бастысы оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін алға тарта келе, «Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек келесі оқу жылы үшін қабылданды. …Бұл шешімді қабылдаған кезде нені басшылыққа алғанымызды түсіндірейін. Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайды ескердік. Қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз.
Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады.
Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер әртүрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі. Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды»,- деп жазады министр.
Министрдің бұл шешімі мектеп формасын тігетін кәсіпорындар үшін жағымды жаңалық болмағаны белгілі. Қашықтан білім алу форматы енгізілгеннен бастап елімізде мектеп формасын тігетін 50 фабрика 9 млрд теңге шығынға батып, 5 мың жұмысшыны қысқартуға мәжбүр болған.
Қ.ҚАЛИЕВ.