ШЫМКЕНТТЕГІ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ 30 ПАЙЫЗЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДА БОЙ КӨТЕРГЕН

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінге дейін Шымкент шаһары жыл сайын шырайланып келеді. Қалада айналаның ажарын ашатын түрлі нысандар мен ғимараттар бой көтеріп, саябақтар саны арта түсті. Мегаполис мәртебесіне ие болған 2018 жылдан бері қала тіпті, құрылыс алаңына айналды десек те болады. Қазіргі таңда қала аумағында 701 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқаны соған мысал. Олардың 168-і бюджет қаражаты есебінен бой көтеріп жатса, қалған 533-нің құрылысы жеке инвесторлар есебінен жүргізілуде. Бұл ретте сан мен сапа үйлесім табуы үшін қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының рөлі зор. Басқармада тұрғын үй, газ және жер инспекциясы бөлімдерін ашудағы мақсат не? Оның нәтижесі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап табу үшін біз аталған басқарманың басшысы Ғалымжан ӨТЕНБАЕВПЕН әңгімелескен едік.

– Ғалымжан Әмірбекұлы мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы былтырдан бастап қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы деп атауын өзгертті. Түсінгеніміз мұндай оңтайландырудың нәтижесінде Сіздің басқаруыңыздағы басқармаға бұған дейінгі жұмысынан бөлек, тағы бірқатар міндеттер жүктеліп отыр. Тарқатып айтып беріңізші.

– Бұрын басқарма тек заңсыз құрылыстың сапасын тексеретін. Сонымен қатар құзырында құрылысты қадағалау, фирмалар мен серіктестіктерге құрылысты жүргізуге, нысандарды жобалауға, топотүсірілім жасау мен геодезист жұмыстарын жасауға лицензия беруді үйлестіру міндеті кіретін.
Ал қазіргі таңда басқармада бес бөлім бар. Олар құрылыстың сапасын тексеретін мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы, әкімшілік-құқықтық және лицензиялау, жер инспекциясы, тұрғын үй инспекциясы мен газ техникалық инспекция бөлімдері. Бұрын тұрғын үй инспекциясы мен жер инспекциясы бөлімінің жұмыстары жер қатынастары мен тұрғын үй басқармасының құзырында болатын.

– Неге аталған инспекциялар сол басқармалардың құзырынан ажыратылып алынды?

– Себебі ол басқармалар жұмысты атқаратын мекемелер. Ал олардың өздеріне жүктелген міндеттерін қаншалықты дұрыс орындап жатқанын біздің басқарма тексереді. Бұрын олар өздері құжат беріп, тапсырған құжаттарының заңдылығын өздері бақылайтын. Мысалы, тұрғын үй басқармасы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы болған кезде, кезекте тұрған азаматтарға баспана беретін. Іле сол берілген баспаналардың заң талаптарына сай табысталғанын бақылайтын. Бірақ олар өз жұмыстарына «дұрыс емес» деген тұжырым шығара алмайды ғой. Яғни, олар өздерінің атқарып жүрген жұмыстарына әділ баға бере алмайтын. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарды жолға қою үшін, республика бойынша өңірлердегі мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы былтырдан бастап қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы болып өзгерді.

– Бұл жаңа жүйе өз нәтижесін беріп жатыр ма?

– Біз қаладағы тұрғын үй қорына сараптама жүргіздік. Бүгінде Шымкентте 2236 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғын үй қорын зерделеу барысында 1564 тұрғын үйдің 1930-1990 жылдар аралығында салынғаны белгілі болды. Олар жалпы тұрғын үй қорының 70 пайызын құрайды. Ал 1990-2021 жылдары 672 тұрғын үй салынған. Бұл жалпы тұрғын үй қорының 30 пайызына тең. Тұрғын үйлердің жағдайына да визуалды тексеру жүргіздік. Нәтижесінде Шымкентте тұрғын үй қорының 7 пайызы немесе 160 тұрғын үйдің жай-күйі жақсы жағдайда, 1855-і орташа деңгейде екені мәлім болды. Бұдан бөлек, 114 тұрғын үй жөндеуді қажет етсе, 107 үй апатты жағдайда екені анықталды. Жыл басынан бері басқарманың тұрғын үй инспекциясы осындай саралау жұмыстарын орындады. Бұған дейін мұндай зерделеу жұмыстары жүргізілмеген. Енді белгілі бір уақыттан соң біз тұрғын үй қатынастары басқармасына апатты және жөндеуді қажет ететін үйлерді жөндеуге әрекет жасаңыздар деген мағынада ұсыныс жасаймыз.

– Жөндеуді қажет ететін немесе орташа жағдайдағы үйлерді жақсы деңгейге жеткізуге болады ма?

– Әрине. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді басқару бойынша «Бір үй-бір бірлестік-бір есепшот» деген қағидамен жұмыс істейтін Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және Жай серіктестік (ЖС) құрылды. Тұрғын үйлерді басқарудың мұндай жүйесі пәтер иелерінің кооперативін (ПИК) алмастырады. Оның тиімділігі неде? Бұған дейін ПИК құрамында бірнеше үй болатын. Айталық он көпқабатты үй дейік. Сол үйдегі тұрғындардан жиналған қаржы тек бір үйдегі ақауды жөндеуге жұмсалатын да, қалғандары құр алақан отыра беретін. Сол кезде бір үйдің тұрғындары «біздің жинаған қаржымыз неге көрші үйдің жыртығын жамауға жаратылады?» деген реніштерін білдіріп жататын. Сондықтан да ПИК орнына МИБ пен ЖС пайда болды. МИБ қағидасымен кондоминиум нысаны ретінде тіркеуден өткен тұрғын үйді тұрғындар өздері басқарады. Яғни, ай сайынғы жиналған ақшалар сол тұрғын үйге ғана жұмсалады.

– Мүлік иелерінің бірлестігі мен Жай серіктестіктің айырмашылығы не?

– Қараңыз. Белгілі бір тұрғын үйдегі тұрғындардың 51 пайыздан астамы тұрғын үйдің «Бір үй-бір бірлестік-бір есепшот» қағидасын қолдаса кондоминиум нысаны МИБ ретінде тіркеуден өтеді. Ал аталған қағидат бойынша жұмыс істеуге тұрғын үйдегі адамдардың барлығы 100 пайыз келіссе Жай серіктестік құрылады. Жалпы, МИБ пен ЖС қағидасының ерекшеліктері бірдей. Жаңа жүйенің тағы бір тиімділігі бар. Атап айтқанда, МИБ немес ЖС құрылған тұрғын үйлерге мемлекет тарапынан тегін техникалық зерттеу жасалады. Соның негізінде тұрғындарға үйлерінің қай жерінде ақауы бар екені туралы қорытынды беріледі. Егер тұрғындар сол ақауды қалпына келтіруге келіссе, мемлекет тарапынан тағы да жоба жасата алады. Жобалау жұмыстарын жүргізген мекеме тұрғындарға үйдің ақауын қайта қалпына келтіру үшін қанша шығын кететінін есептеп, жазып береді. Егер жобада көрсетілген қажетті қаржыны тұрғындардың қалтасы көтермесе, қалалық тұрғын үй басқармасына өтінім береді. Тұрғын үй басқармасы жобада көрсетілген қаржыны бюджеттен бөлдіреді. Оны тұрғындар бірнеше жыл бойына пайызсыз қайтарады. Сөйтіп тиісті жұмыстар басталып кетеді. Бұл ретте МИБ яғни, тұрғындар мердігер мекемені өзі таңдап, орындалған жұмыстарды өздері қабылдап алады. Жай серіктестікте де осындай тәртіп. Қазіргі таңда қаладағы 83 тұрғын үйде Мүлік иелерінің бірлестігі, 332 тұрғын үйде Жай серіктестік құрылған. Бұл барлық тұрғын үйлердің 19 пайызын құрайды. Тұрғын үйлерде МИБ және ЖС құрылуы бойынша тиісті жұмыстарды біздің басқарма үйлестіруде. Біз осы жүйе арқылы тұрғын үйлердің жағдайларын жақсартқымыз келеді.

– Газ техникалық инспекция бөліміне қатысты жұмыстарыңыз туралы не айтасыз?

– Газ техникалық инспекция бөлімінің басты мақсаты – көгілдір отынды барынша қауіпсіз қолдану. Жасыратыны жоқ қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйде бірқатар пәтер иелері жылу жүйесінен өз еркімен ажыратылады да, газбен жылытылатын автономды қазандық орнатып алады. Бұл сол тұрғынның өзіне де, өзгелерге де қауіп тудыратын заңсыз әрекет. Бұдан бөлек, екі қабаттан жоғары тұрғын үйлерде газ балонын қолдануға тағы болмайды. Бірақ қолданатындар бар… Сонымен қатар кез келген тұрғын үйлерде болатын желдеткіш жүйелерін жауып тастайтындар да кездеседі. Бұл да қауіпті. Міне басқармадағы газ инспекциясы бөлімі авариялық ақау, оқыс жағдай тудыратын осындай әрекеттерді анықтау әрі алдын алумен айналысады. Қалай? Қаламызда ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған (ВДГО) мекемелер бар. Ондағы мамандар жылыту пештеріне жалғанған мұржаларды тексереді. Ал ондай мекемелердің жұмысын біздер үйлестіреміз. Әрбір үй осындай мекемелермен келісім шартқа отыруы тиіс. Сол келісім шарт негізінде газ жүйесіне қосылған абоненттер газ құбырларын, жылыту пештеріне жалғанған мұржасын тексерте алады. Бұл ең алдымен қауіпсіздік үшін тұрғындардың өздеріне қажет тірлік. Өкінішке орай тұрғындар арасында сақтық шараларына жататын мұндай әрекет кең тарамаған. Жыл басында ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсету мекемесімен қаламыздағы газ жүйесіне қосылған абоненттердің 25 пайызы келісім шарт түзген болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 33 пайызға жетіп отыр. Қалада мұндай мекемелердің саны 12-ге жетеді. Тұрғындар олардың тізімдерін аудан әкімдіктерінен алып, келісім шартқа отыруға болады.
Негізінде, газ тұтынып отырған абоненттер ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсету мекемесімен келісім шартқа отырмаса оларға газ берілмеуі керек. Заңда солай жазылған.

– Басқарманың тағы бір міндеті – игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару болып табылады. Осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынды?

– Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 1546 жер иеленуші жерді игермей жатқаны туралы хабарлады. Бұл дегеніміз 20 мыңға жуық гектар жер мақсатсыз бос жатыр деген сөз. Кезінде бұл жерлер егін егемін, мал шаруашылығымен айналасымен деп уәдені үйіп-төккен азаматтарға жалға берілген. Оларға мемлекет бес жыл уақыт берді. Бірақ осы аралықта жалға алған телімге күрек тимеген. Біз бос жатқан осындай жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оларды шаруа қожалығымен айналысуға жер таппай жүрген епті азаматтарымызға беруіміз керек. Соған сәйкес, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Оның нәтижесі қандай болды? Атап айтқанда, 1546 жер иеленуші 403-і шағын кәсіпкерлікке жататын болғандықтан оларға мораторийға байланысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізе алмадық. Қалған жер иеленушілер бойынша былтыр 107 учаскені тексердік. Биыл 100 жер иеленушіге тиісті хабарлама тараттық. Нәтижесінде 98 жер учаскесіне 2 130 790 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 54,8 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Айтуға оңай. Бірақ бір шаршы метрдің өзін мемлекетке қайтару оңай шаруа емес. Мұндай ауқымдағы жұмыс Шымкентте бұрын-соңды болмаған. Әлі 900-ден аса учаскелерде тексеру жұмыстарын жүргізетінімізді ескерсек, мемлекетке қайтарылатын алқаптардың аумағы бұдан да арта түсетінін болжау қиын емес. Жалпы біздің мақсатымыз игерілмей тұрған, нысаналы мақсатына сай қолданылмай жатқан учаскелерді анықтау және анықталған кемшіліктерді реттеу болып табылады. Осы мақсатта биыл басқарманың араласуымен жерді мақсатсыз пайдаланып, құрылысы заңсыз жүргізілген 8 нысан анықталды. Оның 6-уі сот шешімімен бұзылса, қалған екі нысанды меншік иелері өз еркімен сүріп тастады.

– Енді әңгіме арнасын құрылысқа бұрсақ… Сіздер қандай жағдайда белгілі бір құрылыс нысанын бұзу туралы сотқа талап-арыз түсіре аласыздар?

– Құжаты жоқ, құрылысты жүргізу бойынша жобасы жоқ, техникалық қадағалау және сараптаудан өтпеген нысандар, белгілі бір учаскеде нысаналы мақсатына сай бой көтермеген ғимараттарды, мемлекеттік актісі жоқ бола тұра жерді өз еркімен басып алу арқылы құрылыс жүргізген кез келген жеке және заңды тұлғалардың үстінен құрылысын бұзуға міндеттеу бойынша сотқа талап- арыз түсіре аламыз. Бұл тұрғыда біздерге тұрғындардан көптеген арыз-шағымдар түседі. Біз шағымды құзырлы органға тіркейміз. Егер онда көрсетілген уәждер негізді болса, айыппұл салу немесе құрылысты бұзу бойынша сот арқылы тиісті шешімдер шығарылатын болады.

– Егер азаматтар жекеменшік тұрғын үй салатын болса оның қандай құжаттары болуы тиіс?

– Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізетін азаматтарға құрылысты жүргізу бойынша жоба, техникалық қадағалау мен сараптаудан өту туралы талап қойылмайды. Бір қабатты немесе екі қабатты үй салатын азаматтарда жерге берілген мемлекеттік акті, эскиз бен сәулеттік жоспарлау тапсырмасы болса жеткілікті. Бұл бағыттағы құжаттарды рәсімдеуді қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы реттейді. Біздің басқарма қабаттылығы екі қабаттан жоғары тұрғын үйлерге қадағалау ұйымдастырады. Қандай да жеке немесе заңды тұлға үш қабатты тұрғын үй салады ма біз тексереміз.

– Есепті мерзім ішінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді сараптауды жүзеге асыратын техникалық және авторлық қадалағалаушы сарапшыларға лицензия беру және қайта рәсімдеу бағытындағы жұмыстар туралы не айтасыз?

– Бұл бағытта осы жылдың 5 айында лицензия алуға және оны қайта рәсімдеуе басқармаға 332 өтініш келіп түсті. Соның ішінде тек 53 өтініш ғана қанағаттандырылды. Осы аралықта 12 техникалық қадағалаушы мен 2 авторлық қадағалаушы сарапшыларға 2520 АЕК (7 350 840 теңге) айыппұл салынып, аттестары 6 ай мерзімге тоқтатылды.

– Сіздердің араласуыңызбен белгілі бір мердігер мекеме соттың шешімімен мемлекеттік сатып алу конкурсының жосықсыз қатысушысы болып таныла алады ма?

– Қандай да бір мердігер мекемені мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы етіп тану туралы сотқа тапсырыс беруші талап-арыз түсіре алады. Оларға қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, қалалық құрылыс басқармасы және энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы жатады. Себебі аталған басқармалар белгілі бір нысандағы құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші болып табылады. Ал сол құрылыстардың сапасын, жобаға сай жүргізіліп жатқанын бақылап, қадағалайтын техникалық және авторлық қадағалаушылардың аттестаттарының мерзімін ұзарту немесе тоқтатуды біздің басқарма үйлестіреді. Жоғарыда нысандардағы құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты өз міндеттерін мінсіз атқармағаны үшін осы жылдың бес айында 12 техникалық қадағалаушы мен 2 авторлық қадағалаушының аттестаттары жарты жылға тоқтатылғанын атап өттім. Енді салыстырмалы түрде айта кетейін, 2019 жылы-11, 2020 жылы-8 техникалық қадағалаушының аттестаты тоқтатылған. Негізінде техникалық қадағалаушы құрылыстың сапалы шығуына бірден бір жауапты тарап болып табылады. Бірақ сол жауапкершілік үдесінен барлығы бірдей табыла бермейді. Оған мен келтірген деректер негіз болады.

– Осыдан біраз уақыт бұрын «Су ресурстары-Маркетингі» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орман жергілікті биліктің азаматтарға су құбырларының үстінен үй салуға рұқсат беруі, оның адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізер қаупі жоғары екені туралы мәселе көтерген. Бұл Сізді де толғандырады ма?

– Азаматтар жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін алдымен жерге мемлекеттік акті алады. Ал құжаттың бұл түрін тұрғындарға қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы береді. Тиісінше сәулеттік жоспарлау тапсырмасы құжатында тұрғын үй салынатын жердің астынан инженерлік құбырдың бар екені де көрсетілуі тиіс. Өкінішке орай бұл жәйттер ескеріле бермейді. Мысалы, әуежайды алайықшы. Ереже бойынша әуежай маңында радиусы бір шақырымға дейінгі алаң бос жатуы тиіс. Ал бізде бұл талап сақталмаған. Дәл түбіне дейін үйлер түскен. Кезінде бақыланбаған.

– Шымкентте қанша құрылыс нысаны заңсыз салынған?

– Дәл қазіргі таңда біздің қолымызда мұндай статистикалық дерек жоқ. Себебі өзіңізге белгілі 2023 жылға дейін шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий енгізілген. Дегенмен де біз талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Заңсыз құрылысты анықтау бойынша біз қала аумағын 42 секторға бөлдік. Енді әр секторға мамандар бекітіп, тиісті саралау, талдау жұмыстары жүргізіледі. Нақты цифрды келесі сұхбатта толыққанды айтып беретін боламын.

– Президент 2023 жылға дейін шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий енгізгені белгілі. Бұл сіздерге статистика жасаудан бөлек тағы қандай кері әсерін тигізіп жатыр?

– Кәсіпкерлерді тексеру уақытша тоқтатылды. Ол өте дұрыс бастама. Себебі бизнес адымы алшаң басу үшін кәсіпкерлерге карт-бланш ретінде уақыт беру қажет. Дегенмен де олардың бағдары дұрыс болған абзал. «Ешкім тексермейді» деп, өз бетінше, ешқандай құжатсыз құрылыс жүргізгенмен ертеңгі күні оны заңдастыра алмайтынын ұмытпауы тиіс. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген. Мораторий мерзімі аяқталатын уақыт та келеді. Сол кезде өзінің заңсыз әрекеті үшін айыппұл төлеп, әуре-сарсаңға түспеудің амалын қазірден бастап ойлағаны өзіне де қоршаған ортаға да пайдалы. Ал орта бизнес пен ірі бизнеске тексеру жүргізе аламыз. Жыл басынан бері басқарма тарапынан 51 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 22,2 млн. теңге айыппұл салынды.

– Сіздер құрылыстың сапасын бақылаймыз дейсіздер? Құрылыстың сапасын неге құрылыс басқармасы бақыламайды?

– Өте орынды сұрақ. Ең бірінші құрылысты тапсырыс беруші мекеме бақылайды. Бізде құрылыс басқармасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тапсырыс беруші болып саналатынын тағы да айта кетейін. Ал тапсырыс берушінің екі құралы бар. Олар техникалық қадағалаушы және авторлық қадағалаушы. Аталған басқарманың мамандары құрылыс нысанының басына барып, техникалық қадағалаушы және авторлық қадағалаушыдан құрылыстың сапасы туралы қорытындыларын алып отырады. Егер тапсырыс беруші мекеме техникалық немесе авторлық қадағалаушыға көңілі толмаса, сапасыз жұмыстарға жол беріп жатқанына көз жеткізсе біздің басқармаға арызданады. Тиісінше біз тексеру жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылдайтын боламыз. Техникалық және авторлық қадағалаушылардың аттестарының мерзімін тоқтату бағытында атқарылатын жұмыстар осындай шағымдардың нәтижесінен кейін іске асады.

– Авторлық қадағалаушы мен техникалық қадағалаушының айырмашылығы не?

– Авторлық қадағалаушы жобаны сызады. Және құрылыстың сол жобаға сай салынуын тексереді. Ал техникалық қадағалаушы құрылыстың сол жобаға сәйкестігін тексеріп қана қоймай, оның сапасына да қарайды. Мысалы, авторлық қадағалаушы «мен жобада терезенің өлшемін 1х2 етіп сызғанмын, ал мердігер мекеме оны дұрыс орындамай жатыр» деп ескерту айтса, техникалық қадағалаушы құрылыстың нормалары мен сапасына екпін түсіреді. Құрылыс материалдарының сапасына мән береді. Техникалық қадағалаушыны кішігігім прокурор десек те болады ғой. Ол сапасыз жұмысқа мүлдем жол бермеуі керек. Бірақ бірқатары сапасыз жұмысты мақұлдап, қорытындыға қол қойып береді.

– Құрылысшы ретінде Сізге Шымкенттің қай шағын ауданымен жүрген ұнайды?

– Әкімшілік іскерлік орталығындағы аллеямен жүрген ұнайды. «Шым-Сити» шағын ауданының да келбеті көңілімнен шығады. Абай саябағында тыныстап, Тәуке хан көшесімен жүріп өтсем де үстімнен жүк түскендей жеңілдеп қаламын. Жалпы маған Шымкент ұнайды. Ұнамаса көшіп кетер едім.

Сұхбаттасқан:
С. ИБРАГИМОВА.