ТОКИОДАҒЫ ТРИБУНА ЖАРТЫЛАЙ ТОЛАДЫ

Осы жылдың шілде және тамыз айларында Жапония астанасы Токио қаласында өткізілетін Олимпиада ойынын тамашалайтын көрермендер саны шектеледі. Мұндай шешімді Жапония Үкіметі мен Халықаралық Олимпиада комитеті шығарды. 

Мақсат – коронавирусқа байланысты әлеуметтік арақашықтықты сақтау. Сол үшін де жарыстың әрбір түрін тамашалау 10 мың көрерменге ғана рұқсат етіледі. Дүбірлі доданы қызықтап көретін көрермендерге арналған трибуналар жартылай ғана толады.
Сонымен қатар ойынды тамашалауға Жапонияда тұратын азаматтар ғана кіре алады. Өзге елден келетін жанкүйерлер үшін ойынды тамашалауға рұқсат берілмейді. Пандемияға байланысты спорт делегацияларының да саны әдеттегіден азайтылып отыр.
Бұған дейін Токиода өтетін байрақты бәсеке пандемияға байланысты көрерменсіз өтуі мүмкін екені туралы ақпараттар айтылған.
Жанкүйерлердің қатысуы былай тұрсын, сайыпқырандар сайысын өткізбеу туралы наразылық акциялары да болған. Десе де, Жапония билігі коронавирустың таралу деңгейі өссе, Токиода төтенше жағдай енгізіліп, ойындар көрерменсіз өтуі мүмкін екенін ескертті. Дей тұрғанмен нақтылы шешім 12-шілдеден соң қабылданады. Төрт жылда бір рет өткізілетін дүбірлі дода алғаш рет араға бес жыл өткізіп ұйымдастырылып отыр. Былтыр өтуі тиіс ойын коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілген еді.