АЛТЫНТӨБЕ АЛМА БАУЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Шымкенттегі «Алтынтөбе» тұрғын алабында қайта өңдеу өндірісі өрге басады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған тұрғын алапқа барып, бұл бағытта қолға алынған жобалармен танысты.

Атап айтқанда, қала әкімі «Алтынтөбе» тұрғын алабындағы «Алан и Компания» ЖШС-нің көкөністер мен жемістер өңдейтін кәсіпорын құрылысын аралап көрді.
Бүгінде серіктестік 39,5 га жерге алма, 2 га жерге шабдалы, 2 га жерге алмұрт 1,5 гектар жерге жүзім шаруашылығы бойынша жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Инвестиция көлемі – 400,0 млн. теңге. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Одан бөлек, серіктестікте сыйымдылығы – 1,3 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді.
Жеке кәсіпкер 2021 жылы жеміс-көкөніс қайта өңдеу өндірісінің құрылысын жүргізуде. Инвестиция көлемі – 1 200,0 млн. теңге («АКК» АҚ-нан несие алынды). Құрал-жабдықтары Түркиядан әкелінеді. Бұл бағытта жалпы 30 адам жұмыспен қамтылады. Алда шырын, джем, пектин ұнтағы сынды өнім түрлері дайындалады.
Сондай-ақ, голландиялық үлгідегі жылыжай кешенін салу жоспарда. Инвестиция көлемі 5,2 млрд.теңге. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізуге жер анықталып, «АКК» АҚ-нан несие алуға құжаттар жинақталуда.