АҚ ХАЛАТТЫЛАРҒА АЛҒЫС АЙТЫП, АҚШАЛЫ БОЛЫҢЫЗ!
Үшінші мегаполисте адам жанының арашашысы, бойымызға дерт дендесе, оған дауа тауып, дәремет көрсететін дәрігерлердің еңбегін бағалап қана қоймай, дүйім елге таныстыру мақсатында «Рахмет саған, дәрігер!» әлеуметтік жобасы қолға алынды. Жобаны «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы, Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалы, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастыруда. Аталмыш идеяның авторы, белгілі журналист Ерсұлтан Әмірбек.
Байқауға кез келген әлеуметтік желі қолданушылары, қала тұрғындары, журналистер мен блогерлер, медициналық мекемелер, баспасөз орталықтарының мамандары және т.б азаматтар қатыса алады. Байқаудың мақсаты – журналист, блогер көзімен әлеуметтік жазбалар топтамалары арқылы үшінші мегаполистің денсаулық сақтау саласындағы егемендік жылдарындағы жетістігін насихаттау болып табылады. Ол үшін не істеу керек?
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің жетістігін жариялау қажет. Үздік аурухана, емхана, жедел жәрдем қызметі мекемелерінің үлгілі ісімен бөлісе отырып, Шымкенттегі медицина саласының оң имиджін қалыптастыру бағытында ақ халатты абзал жандардың еңбегі туралы позитивті ақпарат тарату, тікелей репортаждар ұйымдастыру керек.
Байқауға қатысу үшін жоба мақсатына сай келетін, әртүрлі тақырыптағы мәтіндік материал (мақала, пост, телеочерк, фотосуреттер, бейнероликтер мен слайдттар, сэлфи және т.б) әлеуметтік желідегі Facebook, Вконтакте, Instagram парақшаларының бірінде жариялануы қажет. Үміткерлер әлеуметтік желіде. “Рахмет саған, дәрігер!” тобына жазылуы керек. Және байқауға ұсынылатын материалдар осы топта жариялануы қажет.
Байқауға 2021 жылдың 12-сәуірінен 20-маусымға дейінгі жарияланған материалдар қабылданады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 000 000 теңге. Байқауға бақ сынап көру үшін қосымша сұрақтар туындағанда ұйымдастыру алқасының 8-778-222-22-97 нөміріне хабарласуға болады. Электронды пошта; ontoi@mail.ru