ТАБИҒИ ЖӘНЕ ТЕХНОГЕНДІК АПАТ БОЛҒАН КЕЗДЕ ҚАЙДА БАРУ КЕРЕК?
Айтқан жерден аулақ, бірақ төтенше жағдай орын алған кезде тұрғындар қайда баруы тиіс. Айтып келмейтін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен бетпе бет келгенде тұрғындар мұндай сұраққа жауап таба алмай дал болады. Дер кезінде бойды жиып ұстамау, біраз әуре-сарсаңға түсіруі мүмкін. Мұндай жағдайларды алдын алу үшін Шымкенттің картасына төтенше жағдай кезінде жиналатын 129 эвакуациялық пункттің мекенжайы түсірілді. Бұл мекенжайларды білу үшін бар болғаны «Төтенше жағдайлар кезінде жинау пункттері» мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет.
Электрондық іздеу жүйесін Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті мен 2ГИС қызметкерлері бірлесе отырып іске асырды.
Мобильді қосымша тұрғындар мен қала қонақтары үшін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жақын маңдағы эвакуациялық пункттерге келуді жеңілдетеді. Тиісінше эвакуациялық жинау пункттерінде зардап шеккендерге көмек көрсетіледі және қажетті ақпарат ұсынылады.
Халықты қабылдау нүктелерін табу үшін 2GIS мобильді қосымшасына кіріп, іздеу жолына «Төтенше жағдайлар кезінде жинау пункттерін» енгізіп, ең жақын жерді таңдау керек. Бір айта кетерлігі 2GIS офлайн режимде де жұмыс істей береді. Бұл Сіз интернетсіз де эвакуациялық нүктені таба аласыз деген сөз.
Жалпы Шымкентте төтенше жағдайды болдырмау, қауіпсіздікті күшейту мақсатында бірқатар цифрландыру жобалары жолға қойылуда. Атап айтқанда, қазіргі уақытта «PROLIFE» компаниясымен 10 тұрғын үйде улы газ мониторингі бойынша пилоттық режимде ақпараттық жүйе енгізілді. Орнатылған газ есептеуіштің көмегімен Ақмола көшесінде тұратын отбасы аман қалды. Биыл 1851 әлеуметтік жағынан осал топқа жатқызылатын азаматардың үйіне аталған құрылғыны орнату жоспарлануда.
Төтенше жағдайларды алдын алу үшін қолға алынған тағы бір жоба – өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейінің мониторингі бойынша датчиктер орнату. Бүгінгі таңда «CifrON» компаниясымен «Бадам» өзенінде, «Бадам» және «Тоғыс» су қоймаларында су деңгейін қадағалау үшін мониторинг датчиктер орнатылды. Қазіргі таңда осы пилоттық жобалардың көмегімен қоймалардағы судың толу көрсеткіші бақылануда.
Пилоттық режимнің мерзімі аяқталуына байланысты Шымкент қаласының төтенше жағдай департаментінен нәтижесі сұратылып, оң баға берілді. Жобаның құны – 1 954 000 теңге.