«Саған келдім мен бүгін, бәйтерегім!»
Жарық дүние болғаның үшін, ыстығыңа күйіп, суығыңа тоңғаным үшін, аяулы асыл таңдарым үшін, өзіңнен сабақ алғаным үшін, Өмір, сені сүйемін!
Әкім Ысқақ.
Адам іздеп жүретін, әрбір жанның бойындағы таланты мен жақсы қасиеттеріне ден қойып, бір ортаға жинап, жақсыларды бір-бірімен таныстырып, табыстырып, өнерлі жанға ұстаз боп жүретін Әкім Ысқақ ағамыздың осы бір қасиетіне ризамын. Дәл қәзіргі кезеңде адамнан гөрі ақшаны, достықтан гөрі байлықты, руханияттан гөрі мансапты биік қоятындарға, жақындарына бір жақсы сөз айта алмайтындарға оқу үшін «Алтыным» кітабын ұсынар едім. Көктемнің жылылық лебі ескен көрікті көкек айында қайраткер-қаламгер шырайлы Шымкентке келіп, туған жерге тағзым етіп, өз оқырмандарын қуантып, тілеулестерімен, тай құлындай тебісіп, бірге өскен достарымен кездесті.
– Ойнап, қозы қуған жерім,
Бал-суыңды қанып ішкем.
Сүйем сені, туған жерім,
Мөлдір таза сағынышпен, — деп өзі жырлаған ақынның атамекені Бөржардан, сонау оқушы кезінде еккен Бәйтеректен бастау алған бұл бас қосу туған жерге деген сүйіспеншіліктің бір көрінісіндей естен кетпес әсер қалдырды. Бөржардағы кездесу ауылдық Мәдениет үйінің ауласындағы Бәйтерек басына:
«Бөржарым болмағанда қайтер едім,
Сенде туған бағым бар қайта менің!
Балалықтың бал дәмін ұсынатын,
Саған келдім мен бүгін, Бәйтерегім! Теректі 1977 жылы қоғам қайраткері, ҚР Мәжілісінің 1-ші шақырылым депутаты, тұңғыш қазақ тілінде заң жазған, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы, жазушы Әкім Ысқақ отырғызған.Оқырмандары атынан Айтбала Жолмаханова 10.04.2021 жыл» — деп жазылған ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды. Осынау игілікті істің бастамашысы республикалық «Әкім аға тілеулестері» оқырмандар тобы болса, бұған Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан арнайы оқырмандары келіп қатысты.
Ескерткіш тақтаның лентасын қиған еңбек ардагерлері, Әкім ағаның әкесі, ұстаздары Әбдіқайым Ысқақ, Жақсылық Маханбетов аталар мен Сәлима Әбілдаева апай ақ тілектерін айтып, баталарын беріп, қайраткердің балалық шағынан естеліктер айтты.
Әншілер Сәуле Каненова мен Бауыржан Балғабеков орындауындағы «Ордабасым» атты Әкім ағаның жаңа әні жиналған қауымның көңілінен шығып, ауылдастарды шаттандыра түсті. Ал «Көңіл қымбат» әнін бүкіл жиналғандар қосылып шырқауы ән әлемінің кең тарағанының белгісіндей еді. Осыдан 33 жыл бұрын дәл осы Бөржарда бастама көтеріліп, негізі қаланған, «Ордабасы оттары» газетінің жанынан құрылған Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің мүшелері, бүгінде танымал азаматтар Құрманәлі Жылқыбай, Әсет Әссанди, Ғалымжан Зиябеков, Базаркүл Қалбыровалар қатысып, сол шақтағы әдемі естеліктерімен бөлісті. Жер-жерден жиналған «Әкім ағаның тілеулестері» оқырмандар тобының белсенді мүшелері «Қазбілімжабдық» компаниясының президенті Әбдіқасым Сыздықов, Қазақстан педагогика академиясы профессоры Әлима Пошанова, Жамбыл облысы, Сарысу аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова, сазгер Жұпаркүл Бекшораева, Кентау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлнар Кокулова, полковник Жүрсінәлі Мырзахмет, Әкім ағаның 45 жылдан бергі оқырманы Керімхан Дүйсенбиев ағалар сөз сөйлеп, «Алтыным» кітабынан үзінді оқыды.
Бәйтеректің басына жиналған оқырмандар арасында «Әкім ағаның тілеулестері» тобының мүшесі Ұлдана Байқонды әпкеміз ниет етіп, Төрткүлден арнайы ат басын бұрыпты, баласы Әбдімәлік Жанахмет Қалдыбекұлының тұсауын кестіріп, қуанышын еселей түсті. Мұндай тарихи сәттен шет қалмай, мен де ұлым Батырханға бата беруін сұрадым. Елдің адамына айналған Әкім аға менің де өтінішімді қабыл алып, қол жайған ұлым Төлбасы Батырханға: «Жақсылық пен ақиқат бар жерде өмір сұлулана түседі. Соның жанашыры бол! Жақсы адам – көктегі Күндей, күнде керек етесің, іздейсің. Сондай елің іздейтін жақсы адам бола біл! Өмір – түрлі деңгейдегі сынақтардан тұрады. Алла соны жеңе білетін саған жігер мен сабыр берсін! Әулиелі жердің Батырханысың, елдің намысын ойлайтын үлкен азамат бол, нағыз қазақтың нар тұлғасы бол! Айналадан қуаныш іздеп, жәй баладан халықтың батыр тектес Батырханына айналғын, Түркістанның туын, жақсылықтың жалауын, көңілдің алауын көтеретін, бәріміз мақтанатын, ел сүйсіне қарайтын намысқой Батырхан бол! Е, Алла, осы айтқанымды қолдай гөр! Әумин! «- деп, өз батасын берді.
«Батаменен ел көгерер» демекші дуалы ауызды адамның батасы қабыл болуын құдайдан тіледік.
Бәйтеректің басындағы кездесу әрі қарай Әкім ағаның қатысуымен туған жерді көгалдандыру сәтіне ұласты. Әкім аға жас теректің біреуін өзі ұйымдастырған Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің, екіншісін «Әкім ағаның тілеулестері» тобының мүшелерімен бірге отырғызды. Бұл «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген ұлағатты мұрасының маңызын ұғындырғандай еді.
Қаламгер қайраткердің туған жеріне тағзым етіп, бірнеше өңірлерден арнайы жеткен оқырмандарына, сонау Жаңатас қаласынан осынау граниттен жасалған ескерткіш тақтаны жасатып алып келген Жамбыл облысы, Сарысу ауданыны кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмахановаға, Бөржар ауылдық округы әкімінің орынбасары Батыр Дүйсенбаев ауыл тұрғындары атынан алғыс айтып, сый-сияпат жасады.
Әрі қарай Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университетте «Көңіл қымбат» атты белгілі қаламгердің шығармашылық кешіне жалғасты. Мұндағы негізгі тақырып, Әкім ағаның Қазақстанда тұңғыш «Жібек жолы» атты тәуелсіз журнал шығарған, жалынды журналист, іскер баспагер, өмірден ерте өткен досы Төрекелді Байтасовтың рухына арнап жазған «Төрекелдінің таңы» атты қойылымы залдағы көрерменнің көңілінен шығып, қаншама жанның көзіне мөлдір шық ұялатты. Асыл да ардақты жанның өлмес сөздері, отты өлеңдері әрбір тыңдаушысының жүрегіне жеткендей, баурап алды. Төрекелді мен Әкімнің бейнесін сомдаған мәдениет және спорт факультетінің студенттері Аян Акрамов пен Айдос Әбілдің, қоюшы-режиссер Дәмет Тамбетованың шеберлігіне жұрт қошеметпен қуана қол соқты. Қойылымның қорытындысында досы Төрекелдіге арнаған «Сағынған досыма» әні де Ақерке Илясова және Сапарбек Жақыптың орындауында әрбір жүректен орын алды. «Соңғы вальс» әні Фархад Бахтов пен Ораз Нышанбаевтың, «Ұмытпа» әні Жансая Аманкулованың, «Елге сәлем» әні Ардақ Ысқақованың, «Көңіл қымбат» әні Айбек Қорғанбайдың, «Қуантқым келеді» әні Айжан Әбілханованың, «Сағындым апа» әні Әйгерім Сауырованың, «Күзді сүйем» әні Болат Сенбековтің орындауларында тыңдарман қауымды бір серпілтіп тастап, сүйсіндіре түсті.
Өнердің құдіреті-ай десеңізші! Ағаның рухани ұлы Ерқасым Зұлпыхаров «Әкеге хат» монологын образға кіріп оқығанда залда тебіренбеген, толқымаған жан қалмады. Сазгер Айзада Жақсылықова Әкім ағаның «Бір аруға» атты өлеңіне шығарған әнін өзі орындап берген сәті де қошеметке ие болды. Кеш барысында толқып сөз сөйлеген Әкім Ысқақ досы Төрекелді Байтасов туралы естеліктер айтып, шынайы жүректен шыққан ықыласын жеткізді. Өмірден өткен Әбілда Аймақ, Сейіткерім Нұранов, Әмзе Қалмырзаев, Күдірбек Маханбетовтерді ерекше ықыласпен еске алды. «Бұл өмір қайта келмейді» атты қарасөзін зор толғаныспен оқып, жұртты өзіне қаратып, ойландыртып, тағы да рухани керемет күй сыйлады. Сонымен бірге кешке келген қонақтар мен оқырмандарын жеке-жеке таныстырып өткен Әкім аға өзінің кішкентай оқырманы, жеті жасар Нұржігітке сөз берді. Кішкентай Нұржігіт: «Әкім ата, мен сізді жақсы көремін!» деп, «Алтынымның» сөздерінен үзіндісін орындап болған соң да тағы да: «Әкім ата, мен сізді жақсы көремін!» — деп аяқтағаны, сәбидің бұлақтай тұнық жүрекжарды лебізі жиналған дүйім жұрттың ерекше құрмет көрсетіп, ду қол шапалаққа ұласты. Осыдан кейін өз кезегімен сөз алғандар университет проректоры Ұлан Сүлейменовтен бастап бәрі дерлік «Әкім аған, мен сізді жақсы көремін» деп жалғастыруы да шынайы көңілдің таза көрінісіндей еді. «Жақсы көремін» сөзі осы кештің көркін кіргізіп, осы кештің ұранына айналғандай.
Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы ұшып келген елімізге белгілі де, білікті дәрігері, академик Жасан Зекейұлы ақ тілегімен қатар университет ұжымына өз емханасынан 50 адамға тегін емделу жолдамасын тапсырды.
Осынау жағымды кеште тағы да бір ерекше орын алған сәт алтын ағамыздың «Әкімнің ән әлемі» атты жаңа әндер жинағының (баспаға дайындап құрастырған Жұпаркүл Бекшораева) дәл сол күні жарыққа шығуы еді. Әлі сиясы кеппеген жаңа кітаптың тұсауын белгілі композитор Құралай Сәтмұқанбетова мен университет проректоры Ұлан Сүлейменов кесіп, өнер сүйер қауымға жол тартты. Бір қарағанда көңіл төрінен орын алған әндер нотасымен жарияланған бұл кітап көзді ашып жұмғанша өз оқырмандарына таралып кетті…
Туған жерін жанындай сүйетін қайраткер-қаламгердің:
«Бөржарым болмағанда қайтер едім,
Сенде туған бағым бар қайта менің!
Балалықтың бал дәмін ұсынатын
Саған келдім мен бүгін, Бәйтерегім!
Саған келсем кеземін ой-тереңін,
Сағыныш қой, айтайын қай себебін.
Өткенімнің өшпейтін естелігі,
Армысың, аласармас Бәйтерегім!»-деуінде терең мағына бар. Ия, ол шын мәнінде осы жолы парыз бен қарызды ойлап, көзі тірі және бақилыққа өткен Бәйтерек тұлғалы азаматтарды іздеп келді…
Жібек Искакова,
«Ғажайып Қазақстан-2050»
журналының меншікті тілшісі.