ЖҮРГІЗУШІЛЕР ЖОЛДА ЖҮРУ ӘДЕБІН ҮЙРЕНУДЕ
Шымкентте қоғамдық күлік жүргізушілерінің өз қызметін орындауы кезінде бейәдеп сөздерді айтатыны, жол үстінде жүрсе де телефонмен сөйлесіп, жолаушылардың мазасын алатыны, оларға дөрекі сөйлейтіні, тіпті жүйіткіп, өзге жүргізушілермен жарысып жататыны туралы шағымдар көп айтылады. Бұл олқылықты реттеу мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі жыл басында қоғамдық көлік жүргізушілеріне тәлім-тәрбиелік курс өткізілетінін хабарлаған.
Соған сәйкес ағымдағы жылдың 2-сәуірінде қоғамдық көлік жүргізушілерін қайта даярлаудан өткізетін оқу орталығы ашылып, оларды оқыту жұмыстары басталды.
Мамандар бұл мекеме қала тұрғындарының қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты шағымдарының көбеюін мейлінше азайтатынын алға тартып отыр. Аталған орталықта арнайы мамандар, психологтар жүргізушілерге жолаушылармен қарым-қатынас ережелерін, жол жүру қауіпсіздігін, жолаушылар тасымалдау қағидаларын үйретеді. Қатысушыларға сертификат беріледі.
Қазіргі таңда бірінші кезеңдегі оқыту жұмыстары басталған. Осыған орай 30 жүргізуші қайта даярлау курстарынан өтуде. Жоспар бойынша айына үш кезең бойынша қайта даярлау жұмыстары ұйымдастырылып, жыл соңына дейін шамамен 800-ден астам жүргізушіге сертификат тапсыру көзделуде. Жалпы жүргізушілерді әдепті болуға үйрететін курсқа жалпы саны 2 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.