ЦОЙ ӘКІМДЕРГЕ ШҮЙЛІКТІ
Әлем пандемия құрсауынан шыға алмай отыр.
Қазақстанда да Covid-19 індетінің тіркелуі өршіп, эпидахуал қиындап барады.
Қазақстанда Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары «қызыл аймаққа» тұр. «Сары аймаққа» Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары еніп отыр. Тек Қостанай, Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысы «жасыл» жолақта.
Пандемия басталғаннан бері елімізде коронавирусты жұқтырғандардың саны 274 мыңнан асты. Өкінішке орай 3200-ден аса адам індетті жеңе алмай, о дүниелік болған.
13-сәуірдің өзінде елімізде 2229 адамнан коронавирус анықталған.
Өткен жылдың 1-тамызынан бастап 12-сәуірге дейін коронавирустық белгісі бар пневманиямен 51539 адам тіркелген. Емделіп шыққандар саны 50304 адам болса, 736 адам көз жұмған.
Мамандар алты құрлыққа ауыз салған індетті жеңудің жалғыз жолы екпе салдыру екенін айтады. Дәл осы екпе салдыру бойынша тиісті жоспарды дұрыс жасай алмағаны үшін Президенттен сын естіген еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ашуға мініп отыр. Бұған дейін ол эпидахуалдың күрделене түсуіне халықтың көпшілігінің маска тағу, адам көп шоғырланатын жерге бармау, жаппай іс-шараларға қатысудан бас тарту және т.б. індеттің ілмегіне түспеудің қарапайым талаптарын орындамауынан деуден жалықпаған.
Аптаның басында Үкімет отырысында өңірлерде науқастарға дұрыс жағдай жасалмай жатқанын, аурудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары көңіл көншітпейтіні, инфекциялық стационарларда кадр жетіспейтінін ашық айтып, таяқтың екінші ұшы бар екенін мойындады.
Айта кетейік, министр өткен аптада елімізде коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бір ғана сәуір айының өзінде 2 млн. тұрғынға екпе салдырамыз деп мәлімдеген. Сонымен қатар ол, бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл меже толық орындалғанмен бір айдың ішінде жағдай жақсара түседі деп ойлау әлі ерте екенін, азаматтардың негізгі бөлігі 2-3 ай ішінде вакцинацияланған соң барып эпидахуал тұрақтала түсетінін айтқан. Сондай-ақ ол, азаматтардың екпе қабылдауы өз деңгейінде жүзеге асатын болса, күзге жақын ұжымдық иммунитет пайда болады деп болжауда.
Еліміздің бас дәрігері екпе қабылдағандардың денсаулығы күрт нашарлайды деген мәлімдемелер жалған екенін, бүгінде коронавирусқа қарсы екпе қабылдағандардың 0,8%-да ғана катаралды синдром, яғни, дене температурасының жоғарылауы, ине салған жердің ауырсынуы сияқты күтілген реакциялар тіркелгенін, бірақ келесі күні-ақ оның ізі қалмайтынын ескертеді. Алексей Цой вакцина қалыпты өмірге тез оралуымызды қамтамасыз еткенмен азаматтардың 18 жасқа толмауы, жүктілік немесе созылмалы аурулардың өршуі, аллергиялық реакциялар, дене қызуының жоғарылауы сияқты белгілер екпе қабылдаудан бас тартуға негіз болатын жағдайлар екенін алға тартады. Министр егер азамат сау болса әрі препаратқа қарсы көрсетілімдері болмаса, вакцина алғаны дұрыс деп есептейді. Осы ретте қазіргі таңда елімізде халық үшін коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация тегін және ерікті негізде қалып отырғанын айта кетейік.
Қазіргі таңда елімізде коронавируске шалдыққан науқастарды емдеуде ауруханалардағы орындардың жүктелуі 41 пайызды, ал реанимациялық орындардың жүктелуі 27 пайызды құрап отыр. Бұл арқаны кеңге салатын көрсеткіш емес.
А.САТЫБАЛДЫ.