ДЕРТКЕ ДЕС БЕРУ ҮШІН ЕКПЕ ЕГУ ДЕМАЛЫССЫЗ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Елімізде 1-ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау шарасы басталған болатын. Вакцинаны жүргізу үшін елімізде 347 егу пункті жұмыс істейді. Соңғы мәліметтер бойынша (31-наурыздағы жағдай бойынша) елімізде екпе қабылдағандардың саны 134 мыңнан асқан. Оның 40 мыңға жуығы екінші компонентін алып үлгерген.

Шымкентте жұқпалы індетке қарсы вакцинациялау жұмыстары 21 емдеу мекемелерінде жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 29-наурызындағы жағдай бойынша қалада 7 мыңнан астам адам ковидке қарсы препаратты ерікті түрде қабылдаған. Оның басым көпшілігі медицина қызметкері. Қалғаны мұғалімдер, полиция қызметкері мен басқа да санаттағы азаматтар болып табылады.
Бұған қоса наурыз айының соңына дейін қосымша 10 бастапқы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында вакцинация жасау үшін арнайы кабинеттер ашу жоспарлануда. Осы мақсатта санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, бастапқы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының 450 медицина қызметкері үшін вакцинация мәселелері бойынша тренинг-семинарлар өткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде.
Вакцинация алдында дәрігер егуге келген адамды міндетті түрде тексереді. Профилактикалық егуге препаратқа қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі.
Шымкент қалалық әкімдігі коронавирусқа қарсы екпе тегін әрі ерікті түрде жүргізілетінін алға тартады. Сонымен қатар енді қаладағы егу пункттерінде азаматтарды вакцинациялау демалыссыз, аптаның сенбі, жексенбі күндерінде де жүргізілетінін хабарлайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент коронавирустың таралуы бойынша елімізде «жасыл аймақта» тұр. Бірақ қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов 24-наурызда үшінші мегаполисте эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз екенін айтып, сақтық шараларын сақтауды ескерткен. Сонымен қатар ол, коронавирусты жұқтырғандардың көрсеткіші күн сайын көбейіп келе жатқанын да айтқан. Мәселен, 23-наурыздағы жағдай бойынша Шымкентте 21 адамнан вирус анықталған болса, 24-і күні -35, 25-і күні -34, 26-сы күні -40, 27-сы күні -45 адамда коронавирустың оң нәтижесі көрсетілген. Ал 30-наурызда коронавирустың 47 жағдайы тіркелген.