ЖАНУАРЛАР МЕН АДАМҒА ОРТАҚ АУРУЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ
Былтыр Шымкентте эпизоотияға қарсы іс-шаралар үшін 129,7 млн теңге бөлінген. Қаржы еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше бөлінген қаржыға жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті 29 түрлі ауруға қарсы диагностикалық зерттеулер жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егу жұмыстары орындалған.
Жануарлардың энзоотиялық ауруларына қарсы іс-шараларды жүргізуге 42,2 млн теңге бөлініп, оған 162 492 мал басына бүрку және 240 652 басқа тоғыту жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек, 3 млн 922 мың шаршы метрлік үй іргелік қора жайға, 751 мың шаршы метрді құрайтын буферлік аумаққа кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар, 10 млн 833 мың шаршы метр 12 өзен мен канал аумағына егеуқұйрықтарға қарсы дератизация жасалған. Егеуқұйрықтарға қарсы дератизация 33 мың шаршы метр көп қабатты тұрғын үйлердің қоқыс тастайтын контейнерлерінде де жүргізілген. Сондай-ақ, «Ақтас» тұрғын алабы аумағындағы 580 мың шаршы метр қоқыс тастайтын полигон да егеуқұйрықтарға қарсы дератизациялық өңдеуден өткізілген.
Айта кетейік, Шымкенттегі «Ақтас-1» полигоны 2015 жылдың наурыз айында іске қосылған. Қазіргі таңда полигон тәулігіне 600 тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдай алады. Оның аумағы 34 гектарды құрайды. Оның ішінде 29 гектар қоқыс полигоны болса, 5 гектарында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау зауыты орналасқан. Былтыр аталған полигонда 200 мың тоннадан астам қоқыс қабылданған.