ҚАНДАСТАРҒА ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН САТУ МЕН ЖАЛҒА БЕРУ БАБЫ ҚЫСҚАРТЫЛАДЫ
Президент жаңа заң жобасын Мәжіліске жолдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейтінін сүйіншілей жеткізген болатын. Бірақ Президенттің мұндай мәлімдемесі Конституциялық құқыққа ие еместігі де айтылған. Бұл туралы біз газетіміздің өткен санында жариялағанбыз.
Кешегі аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын Мәжіліске жолдады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы төменгі палатаның қарауына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен түсті.
Депутаттар заң жобасы жерге қатысты көп мәселеге майлы нүкте қояды деп сендіріп отыр.
Жаңа заң жобасында жердің тек шетелдіктерге емес, өзге елден қоныс аударып келген қандастарға да сатылмайтыны, жалға да берілмейтіні шегеленген. Ал қолданыстағы заңда елге көшіп келген, бірақ Қазақстан азаматтығын алмаған қандастарымызға 25 жылға дейін жерді тегін пайдалану құқығы берілген. Заңның жаңа редакциясында бұл құқық қысқартылған. Тек қандастар шаруа немесе шаруа қожалығын жүргізетін болса немесе ауыл шаруашылығы өндiрiсiн қолға алса ғана оған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы, иммиграциялық жер қорынан және бос жерден уақытша жер телімдері беріледі.
Жаңа заң бойынша 2016 жылдың 1-шілдесіне дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жалға алған қандастар мен шетелдіктер сол жерді келісім шартта көрсетілген мерзімге дейін ғана пайдаланады. Ары қарай жалдау шартының мерзімі ұзартылмайды.
Белсенділер жаңа заңда көрсетілген талаптар шаруалардың оң жамбасына келуі тиістігін, соған сәйкес бұл мақсатта жердің берілу шарты барынша жеңілдетілуі қажеттігін алға тартады.
Жасыратыны жоқ ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік, суармалы, жайылым жерлер жалға берілген көп алқаптар қазір мақсатты пайдаланылмай келеді. Бұл мәселені Президент Қасым Жомарт Тоқаев бірнеше рет көтерген. Мәселені реттеу үшін қазір өңірлерде жерлердің қаншалықты мақсатты пайдаланылып жатқаны бойынша түгендеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның нәтижесі бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы көп жерлердің пайдаланылмай жатқаны да анықталып отыр. Осыған байланысты жергілікті жердегі әкімдік дұрыс игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарынан бас көтере алмай жүр. Депутаттар жаңа заң мұндай сапырылыстың барлығын сап тияды сендіріп отыр.
Қ.ҚАЛИЕВ.