119 МЫҢНАН АСА АЗАМАТ ЖЕР КЕЗЕГІНДЕ ТҰР

Олардың көбі Түркістан қаласының тұрғындары

Былтыр жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 659 азаматтың иелігіндегі 86 мың гектар ауыл шаруашылығы жер пайдаланылмай жатқаны анықталған. Олардың басым көпшілігі, дәлірегі, 77,8 мың гектары жайылым жерлер.

Бұл туралы Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Самат Рамазанов мәлімдеді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым, егістік, суармалы жерлерді мақсатты пайдаланбай жүрген 203 жер иесі 47,1 мың га жерді өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарса, 82 жер иесі 8,6 мың га жерді қайта игеруге кіріскенін айтты. Ал, 374 жер иесінің 30,3 мың га жерін аудан, қала әкімдіктері тарапынан мемлекет меншігіне қайтару шаралары жүргізілуде.
Өз кезегінде ол осы жылы жайылым жерлерді қайтарудың 5 бағыттық қадамдық алгоритмі әзірленгенін алға тартты. Соған сәйкес, бірінші кезекте жайылым тапшылығы орын алған 152 елді мекен маңындағы халықтың мұқтажына алынатын учаскелер анықталған. Ағымдағы жылы 129,6 мың га жайылым жер мемлекетке қайтарылып, халық игілігіне беріледі. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін облыстағы жайылым жердің аумағы 750 мың гектарға жуықтайды деп күтілуде.
Сонымен қатар Самат Рамазанов жеке тұрғын үй салу үшін 119 мыңнан астам азамат жер телімін алу кезегінде тұрғанын атап өтті. Кезекте тұрғандардың көбі Түркістан қаласынан жер алуға ниетті. Сонымен қатар кезекке тіркелгендердің басым көпшілігі Сайрам, Сарыағаш және Келес аудандарының тұрғындары болып табылады. Жер алу кезегінің жылжуы да мәз емес. Жер телімін алу кезегінің жылжуы да жылдам емес. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы жиыны кезекте тұрған азаматқа 301 жер телімі берілген.

С.САТЫБАЛДЫ.