ФРАНЦУЗ КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТУ ҰСЫНЫЛДЫ

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов «MEDEF International» бірлестігі ұйымдастырған онлайн-вебинарында франция кәсіпкерлеріне қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Нәтижесінде Францияның кәсіпкерлер одағы Шымкент қаласы әкімдігімен ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігін білдірді.

Жалпы «MEDEF International» Қазақстан Республикасының Франциядағы елшілігі және Францияның бизнес қауымдастығын біріктіретін бірлестік болып табылады. MEDEF қауымдастығы 1946 жылы құрылған Франция Патронатының Ұлттық Кеңесінің (CNPF) құқықтық өкілі ретінде 1998 жылы 27-қазанда құрылған. Бүгінде MEDEF 750 мың өнеркәсіп және сауда компанияларының, банктердің, сақтандыру мекемелерінің, көлік агенттіктерінің және басқа да кәсіпорын басшыларын біріктіріп отыр.
Вебинарға Қазақстанның Франциядағы елшісі Жан Ғалиев, Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің тең төрағалары Айдан Кәрібжанов пен Ив-Луи Даррикаррер, «Kazakh Invest» акционерлік қоғамы өкілдері қатысты.
Онлайн жиынға қатысушыларға Шымкент қаласының инвестициялық әлеуеті, жаңа индустриялық алаңдарды одан әрі дамыту жоспарлары, сондай-ақ инвестициялар үшін басым бағыттар таныстырылды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов француз кәсіпкерлерін машина жасау, цифрландыру, сауда, тамақ өнеркәсібі және туризм секілді салаларға белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Қызу диалог барысында Жан Ғалиев француз кәсіпкерлеріне елдегі инвесторларды қолдау бойынша негізгі ақпараттарды айтып өтті.
Өз кезегінде, Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің тең төрағалары Ив-Луи Даррикаррер мен Айдан Кәрібжанов Француз инвесторларының елімізде бірлескен жобаларды дамытуға ниеті бар екенін атап өтті.
Вебинар соңында қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған іс-шараның Қазақстан-Франция қарым-қатынастарын нығайтуға ықпал ететінін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, Шымкент қаласында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың жаңа перспективаларын белгілеуге дайын екенін жеткізді.