ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРСАЙҒА БАРДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданы «Құрсай» шағын ауданына барып, тұрғындар мәселесімен танысты. Бұған дейін «Құрсайда» ауыз судың жоқтығы, табиғи газдың тартылмағаны, жарықтандыру жүргізілмегені туралы тұрғындар қала әкіміне бірнеше рет шағым айтқан.

Тұрғындардың шағымы бойынша Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті сала мамандарымен бірге «Құрсай» шағын ауданында болып, инфрақұрылым мен әлеуметтік нысан мәселесін шешу жолдарын қарастырды.
Биыл «Құрсайда» жеке инвестор есебінен бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхана құрылысы басталады. Бұл «Shymkent ӘКК» АҚ-ның ұйымдастыруымен жүзеге асады.
Ал шағын ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жалпы жоба құны 5,9 млрд. теңге. Нысанның құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Ал, электр жарығымен қамту жұмысы 2019 жылы жүргізілген. Қамтылмай қалған 130 үйге осы жылы «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан жаңғырту бағдарламасы арқылы жарық жетеді.
Құрсайлықтарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2200-ден астам үйге жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Шағын аудан 2021 жылдың соңына дейін толық табиғи газбен қамтылады.
Шағын ауданда жалпы 55 көше бар. Оның 8-і топырақ жол. Тиісті басқармаға ұсыныс беріліп, осы жылы топырақ көшелерге шағал тас төселетін болып шешілді. Елді мекеннің екі көшесі ғана түнгі жарық шамдармен жарықтандырылған. 2021-2021 жылдары «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы бір көше (Ә.Бекболатов) жарықтандырылады.
Сонымен қатар, 900 орындық №49 жалпы орта мектепте қазір 3112 оқушы білім алады. Үш ауысымды оқытуды жою мақсатында «Shymkent ӘКК» АҚ ұйымдастыруымен 450 орындық «Әл-Фараби» атындағы жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, инвестор «Бекназ и К» ЖШС тарапынан 450 орындық мектептің құрылысы жүруде.

«Уақыт».