ТҮРКІСТАНДА СУ ҚОЙМАЛАРЫ КӨБЕЙЕДІ

Бүгінде Түркістан қаласындағы «Түркістан-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының пайдалануында екі су қоймасы бар. Кәсіпорын сыйымдылығы 1500 және 3000 куб метр су қоймалары арқылы Түркістан қаласын ауыз сумен қамтамасыз етуде. 

Қала қанатын кеңге жайып келе жатыр. Құрылыс қарқын алып, жаңа мөлтек аудандар салынуда. Енді ол аумақтарға тіршілік көзін жеткізу үшін қалада бірнеше су қоймаларының құрылысы қолға алынған. Бұл бағыттағы жоспарлар былтыр жасалған.
Соған сәйкес осы жылдың ақпан айынан бастап сыйымдылығы 5000 және Еңбекші Дихан елді-мекеніндегі жұмыс жасап тұрған 2 су қоймасы жанынан сыйымдылығы 10000, 20000 куб метр болатын су қоймаларының құрылысы жүргізілуде.
Былтыр «Әкімшілік іскерлік орталығы» мен «Яссы» мөлтек ауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер және мемлекеттік мекеме ғимараттарын тіршілік көзімен тәулік бойы қамтамасыз ету үшін сыйымдылығы 8000м3 болатын екі су қоймасының құрылысы басталған болатын. Бұл нысандар осы жылдың маусым айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
«Түркістан-Су» МКК мәліметінше ауқымды құрылыс жұмыстары үшін Кентаудағы «Мырғалымсай» су көзінен Еңбекші Дихан елді-мекеніндегі екі су қоймаға дейін диаметрі 800мм-ді құрайтын су жүйесі тартылған. Аталған құрылыс нысандары аяқталған соң шаһар аумағы толықтай сумен қамтамасыз етіледі.

«Уақыт».