ЖЕР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙДЫ

Президенттің мәлімдемесі қашан заңдастырылады?

Кешегі аптаның айшықты жаңалығы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салынатынын айтқаны болды.

Мемлекет басшысы бұл туралы тапсырмасын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында айтты. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев талай толқынға себеп болған жер мәселесіне қатысты көптің көкейіндегі қалауды тап басты. Жұртшылық мұны дер шағында қабылданған шешім деп танып отыр. Себебі, осы жылдың 31 желтоқсанына дейін Жер кодексіне қатысты мораторий күшін жояды. Егер Президент ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы пәрмен бермесе, жер дауына қатысты дау қайта өршуі мүмкін бе еді…
Біз меңзеп отырған дау, 2015 жылы 2-қарашада қабылданған Қазақстанның Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыру туралы Заңынан бастау алады. Заңды құжаттың 24-бабында ендігі кезекте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру мерзімі бұрынғыдай 10 жыл емес, 25 жылға дейін ұзартылатыны жазылған. Сондай-ақ, шаруасын жүргізіп отырған өз азаматтарымыздың жер телімдерін 49 жылға дейін жалға алу құқығы шектеліп, жерді тек аукцион арқылы жекеменшікке сатып алатындығы шегеленген. Бұл заң өз елінде шаруасы әбден алшаң басқан әлеуетті шетелдік кәсіпкерлердің оң жамбасына келгенмен, отандастарымыз үшін қолайлылық тудырмайтыны анық еді. Соған қарамастан Үкімет 2016 жылдың наурыз айында сол жылдың 1-шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн. гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеді. Сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың отыз екі тісінен шыққан бұл мәлімдеме халық наразылығын тудырып, бірнеше қалада жаппай қарсылық шаралары өткізілді. Осыған сәйкес, 6-мамырда сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер кодексіндегі өзгерістердің күшіне енуіне 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізу туралы Жарлығы шықты.
Сол шақта Президент халық қалаулылары мақұлдағанмен халықтың үлкен наразылығын тудырған Жер кодексіндегі нормаларды талқылау, отандастардың ұсынысын қарау үшін Жер реформасы жөніндегі комиссия құру туралы Жарлық шығарады. Оның құрамына сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Бақытжан Сағынтаев, “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, саясаттанушы Берік Әбдіғали, Сенат депутаттары Қуаныш Айтаханов, Әли Бектаев, “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен Мырзатай Жолдасбеков, Жақсылық Үшкемпіров, Мұрат Әбенов, Жүрсін Ерман, Жанарбек Әшімжанов, Зәуреш Батталова, Макс Боқаев және т.б қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері сынды 75 адам болған. Комиссия мүшелері 9 рет бас қосып, 14 маңызды шешім қабылдады. Солардың ең негізгілері отандастырымызға ауыл шаруашылығы жерін ауыл шаруашылығы мақсатында 49 жылға дейін жалға беруді сақтау туралы ортақ шешімге келгені. Тағы бір шешім заңның жаңа редакциясындағы 24-бабы ел наразылығын тудырған Жер кодексінің өзгерістеріне мораторийді 5 жылға дейін атап айтқанда, 2021 жылдың 31-желтоқсанына дейін ұзарту туралы еді. Бұл ұсынысқа сәйкес сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдіктерге жерді жалға беруге 2021 жылдың 31-желтоқсанына дейін мораторий енгізу туралы заңға 2016 жылдың 23-желтоқсанында қол қойды.
Дау тудырған Жер кодексіне қатысты қабылданған бұл шешім туралы қейбір қоғам белсенділері өз ойларын ірікпей айтты. Мәселен, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан мораторийдің орнына «жер сатылмасын,шетелдіктерге жалға берілмесін» деген халықтың тілегін қамтамасыз ететін кәдімгі заң қажеттігі туралы ұстанымынан танбады. Мұхтар Тайжанның былайғы уақытта да әлеуметтік желі арқылы да жеткізіп жүрген бұл ойын жақтап, қолдаушылар да өте көп.
Көптің тілеуіне айналған бұл талап Президент назарынан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысындағы жерге қатысты тапсырмасы соның айғағы.
Енді Президент айтқан тапсырмаға сәйкес, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылады. Құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдері мен жер мәселесін жетік білетін азаматтар қосылатын комиссия ағымдағы жылдың 25-наурызында жұмысқа кірісуі тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жердің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы елді елең еткізген мәлімдемесін бұған дейін де айтқан. Естеріңізде болса 2020 жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Жер кодексінің кейбір баптарына енгізілген мораторий мерзімінің аяқталар күні таяу қалғанын, жер шетелдіктерге сатылмайтынын, бірақ Үкіметтің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиістігін айтқан еді. Президенттің өз Жолдауындағы бұл мәлімдемесі туралы белгілі ақын Жүрсін Ерман «Бұл тек мәлімдеме, Конституциялық құқыққа ие емес» деп, мәселені заңдастырмай қуану әлі ерте екенін меңзеген болатын. Жүрсін мырзаның сөзінің жаны бар. Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді дегені, әзірге тек мәлімдеме ғана болып тұр. Ұлағатты ұстаным заңдастырмай тақиямызды аспанға ата алмаймыз.

А.САТЫБАЛДЫ.