Шымкенттік шенеунік Қазақстан азаматтығынан айырылды
Шымкент қаласының спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар болып шықты. Бұл деректі Шымкент полициясы растады, алайда бұған дейін қала әкімдігі ақпаратты жоққа шығарған еді. Сол үшін шенеунік азаматтығынан айырылды.
Шымкент полиция өкілдерінің мәліметінше, спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов Қазақстаннан басқа екінші азаматтық алуға тыйым салатын заңды бұзған.
Сол үшін шенеунік Қазақстан азаматтығынан айырылды.
«Шымкент қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан Республикасының азаматы Олег Владимирович Почиваловтың қос азаматтығы барын анықтады.
Азаматтық туралы заңның 21-бабына сәйкес, көші-қон қызметі басқармасы Олег Владимирович Почиваловтың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту дерегін тіркеді», — деп хабарлады Шымкент қаласы ПД азаматтық және иммиграция бөлімінің басшысы Гүлжан Нысанбаева.
Шенеуніктің қос азаматтығы туралы ақпарат бірнеше ай бұрын Желіде пайда болған. Онда Почиваловтың Қазақстан және Ресей азаматы екені айтылған.
Алайда Шымкент әкімдігінің өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарып келді.
«Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов Қазақстан Республикасының азаматы екенін хабарлаймыз», — деген болатын спорт басқармасының баспасөз хатшысы.
«Серке. орг».