ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЗАНДА САНАЛАДЫ

Былтыр пандемияға байланысты осы жылға шегерілген халық санағы қазан айында өтетін болды. Ауқымды шараны қазан айында жүргізу туралы шешімді
ҚР Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес шығарған. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов бұл жолғы санақтың басты ерекшелігі заманауи технологиялардың қолданылатыны әрі барлық процесс автоматтандырылатыны екенін атап өтті.

Төрағаның сөзінше санақ кезінде ел тұрғындары туралы қажетті мәлімет екі жолмен жиналады. Әуелгісі, тұрғындар sanaq.gov.kz сайтына өтіп, өзі және отбасы туралы мәліметті тиісті графаларға өз бетінше толтырады. Ал санақ кезінде мәліметтерді онлайн түрде жинауға ықпал ету мүмкіндігі жоқ азаматтар туралы ақпараттар әр үйді аралап жүру арқылы алынады. Халық санағы үшін әр үйді аралап шығу қазан айының 1-30 аралығында жүргізіледі.
Дәл осы жылғы санақты жүргізу бойынша Үкімет басшысы Асқар Маминнің арнайы комиссия құру туралы тапсырмасы өңірлердегі мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктерге жолданған. Арнайы комиссияның төрағасы Премьер-Министрдің орынбасары Әлихан Смайылов болып бекітілді. Оның алғашқы отырысы 10-ақпанда өткізілмекші. Өз кезегінде комиссия санақ бойынша алға қойылған негізгі жұмыстарды ұйымдастырумен, басты мәселелерді шешумен, дайындық жұмыстарын үйлестіріп, оны іске асырумен айналысады.
Елімізде соңғы рет санақ 2009 жылы өткізілген. Оның нәтижесі бойынша қазақстандықтардың саны 16 миллионнан сәл асқан. Содан бері он жылдан аса уақыт өтті. 2017 жылы қазақстандықтардың саны 18 миллионнан асқаны сүйіншілей айтылды. Былтыр ақпарат құралдары республикамыздағы халық саны 19 миллионға жеткені жазылды. Ал халық санағымен 50 жылдан бері айналысып жүрген демограф Ерболат Мұсабек отандық БАҚ-қа берген бір сұхбатында Қазақстанда 19 млн-шы адам 2021 жылдың шілде айының соңында тіркелуі мүмкін екенін, ал туу көрсеткіші көбейсе бұл болжам одан сәл ерте болатыны туралы айтқан.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда 16 млн.-шы тұрғын 2009 жылдың ақпанында, 17 млн.-шы тұрғын 2013 жылдың мамырында, 18 млн.-шы тұрғын 2017 жылдың мамырында тіркелген. Зер салсақ, әр төрт жыл сайын қазақстандықтар 1 миллионға көбейіп отыр.