ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАЛЫ БОЛУЫ БАҚЫЛАУДА

Шымкентте арендалық үй кезегіне тіркелген азаматтар саны 42269-ға жеткен. Өткен жылдың осы кезеңінде баспана үшін кезекке тіркелгендер саны 40500 болған. Яғни, кезекке тіркелгендер саны бір жыл ішінде 1750 адамға көбейген. Үй кезегіне тіркелгендердің жартысына жуығы атап айтқанда, 19681 адам мемлекеттік мекеме, бюджеттік ұйым және әскери қызметкерлер болып табылады. Тізімдегі 14102 азамат халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, 6774-і көп балалы отбасылар, 1685-і жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, 27-сі тұрғын үйі апатты деп танылғандар. Жыл сайын арендалық тұрғын үймен қамтылып жатқан азаматтар саны көбейіп келеді. Мәселен, 2018-2019 жылдары қалада 1692 пәтер берілсе, 2020 жылы 1596 пәтерде қоныстой тойланған. Биыл 2500-ден аса азаматқа пәтер кілтін тапсыру көзделіп отыр.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Instagram» желісі арқылы тұрғындармен тікелей эфир арқылы кездесуінде мәлімдеді.
Арендалық тұрғын үй кезегіне тұрғандардың кезегін тез келтірудің нақты жолы – көпқабатты үйлерді көптеп салу екенін алға тартқан қала басшысы жыл соңына дейін 1748 пәтер салу және соғу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл үшін қосымша 13,7 млрд. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар басталып кеткен. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 1748 пәтердің 67-сі жетім және ата-ананың қомқарлығынсыз қалғандарға, 268 — әлеуметтік жағынан әлсіз деп танылған санаттағыларға, 516-көп балалы отбасыларға, 900- жұмыс істейтін жастарға бөлінеді.
Мұрат Дүйсенбекұлы былтыр арендалық тұрғын үйлердің сапасына қатысты көп сындар болғанын, биыл ондай кемшіліктер қайталанбауын сала мамандарына тапсырғанын айтты.
Сондай-ақ қалада арендалық тұрғын үйлермен қатар, жергілікті бюджет есебінен кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алуда. Ондағы пәтерлерге азаматтар «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары бойынша қол жеткізеді. Мегаполис басшысы аталған бағдарламалар бойынша қалай баспаналы болу қажеттігі жөнінде де аз-кем ақпараттар берді. Бұл туралы ол:
– «2-10-20» немесе «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушы азаматтар үшін баспананың жылдық сыйақы мөлшері екі пайызды құрайтын болады. Бастапқы жарна кемінде 10 пайыз. Несие мерзімі 20 жыл. Бағдарламаға арендалық үй кезегінде тұрғандардың ішінде көп балалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар қатыса алады. Ең бастысы бұл санаттағылар тұрғын үй кезегіне тұруы керек.
Ал «5-10-20» немесе «Шаңырақ» бағдарламасының жылдық сыйақы мөлшерлемесі бес пайызды құрайды. Бастапқы жарна 10 пайыз, несие 20 жыл мерзімге беріледі. Және үйдің ең жоғарғы құны 15 млн. теңгеден аспауы тиіс. «Шаңырақ» бағдарламасына үй кезегіне тіркелген азаматтардың барлығы қатыса алады,-деді.
Сондай-ақ ол, «7-20-25» бағдарламасы бойынша азаматтар тұрғын үйді бастапқы нарықтан сатып алуы қажеттігін айтты. Ал жылжымайтын мүліктің жалпы құны 25 млн. теңгеден аспауы қажеттігін атап өтті. Бағдарлама бойынша баспананың жылдық сыйақы мөлшері 7 пайызды құраса, несиені төлеу мерзімі 25 жылға дейін созылады. Ал бастапқы жарна 20 пайыз болады. Бағдарамаға кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады.
Былтыр кредиттік бағдарлама бойынша 2614 пәтер берілген. Оның ішінде «2-10-20» бағдарламасымен 285 азамат үй алған. «5-20-20» бағдарламасымен 690 азамат баспаналы болған. Ал «7-20-25» бағдарламасымен 1639 азамат үймен қамтылған.
Айта кетейік арендалық тұрғын үй кезегіне ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым мен әскери қызметкерлер, жалғыз баспанасы апатты деп танылғандар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, І-ІІ-ші топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, зейнеткерлер, қандастар, ҚР Үкіметі бекіткен аурулар тізіміндегі азаматтар, төтенше жағдай салдарынан үйінен айырылғандар, мемлекеттік және әскери қызметті орындау барысында қайтыс болған адамдардың отбасылары тіркеле алады. Ескеретін жағдай бұл санаттағы азаматтардың соңғы үш жыл көлеміндегі тұрғылықты мекен жайы сол қалада болуы тиіс. Және соңғы бес жыл көлемінде өз атына жазылған тұрғын үйі болмауы қажет.