ЕГІНШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЖЕМІСТІ БОЛДЫ

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 48 млрд. теңгеге жетті. Өндірілген өнімнің көп бөлігі өсімдік және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Ауданның халқының негізгі табыс көзі – егін шаруашылығы. Жер анадан ырыздық терген диқандар өткен жылы 60 мың гектардан астам жерге егістік еккен. Оның 40 мың гектарға жуығына мақта тұқымы себілген. Нәтижесінде ауданда 100 мың тоннадай ақ алтын жиналған. Орташа өнімділік 25 центнерді құраған.
Алқаптағы мақтаны машиналық әдіспен теру 66%-ға жеткен. Қалған бөлігі жұмысшылардың күшімен жиналған. Өткен жылы АҚШ-тан Мақтаарал ауданына қосымша 23 дана «Джон-Дир» мақта терім комбайны сатып алынды. Терім науқанына 514 трактор, 1200-ден астам тіркеме және 151 комбайн жұмылдырылған.
Былтыр ауданда 300 мың тоннадан астам бақша өнімдері өндіріліп, оның 80%-ы эскпортқа шығарылған. Маусым кезінде күн сайын 300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері Түркия, Германия, Греция, ТМД және Балтық елдеріне жөнелтілген.
Сонымен қатар, шаруа қожалықтары 50 мың тоннаға жуық көкөніс, 12 мың тонна күріш және басқа да түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіріп, қамбаны астыққа толтырған. Сондай-ақ, 250 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы өндірілген.
Ал Кентау қаласында 72,9 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Өнімнің басым бөлігін өсімдік және мал шаруашылығы құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 12 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды.
Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инфестициялар көлемі 190%-ға артығымен орындалып, 285 млн.теңгеге жеткен.
Ірі қара мал басы 100 мыңнан асып, уақ мал 500 мыңға жеткен. Жылқы саны 18 мыңға жуықтап, түйе 3 мың басты құраған. Жыл қорытындысы бойынша құс басы 14%-ға артып, 200 мыңға жеткен. Қалада 17 мың тонна ет, 65 мың тонна сүт, 100 мыңға жуық дана жұмыртқа өндірілген.
Сондай-ақ, қалада 460 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Қала бойынша 17 гектардан астам алқапта жылыжай іске қосылды. 90 мал бордақылау алаңдары ашылды. Жалпы 5 мың гектарға жуық алқапқа күздік бидай егілді.