ЖЕМҚОРЛЫҚ ҮШІН ЖАЗА КҮШЕЙТІЛДІ
Әлемдік тәжірибеде кез келген елдің өркендеуіне тұсау болып, әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін фактор – сыбайлас жемқорлық. Сондықтан да, Ата Заңның аясында парасатты қоғамды қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан күрес мемлекет саясатының күн тәртібінен түскен емес.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен адамдарды құрықтап, жазалауға емес, керісінше сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алуға, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін тетіктерді жоюға және парасаттылық идеялогиясын ілгерілетуге айрықша басымдық берілуде.
Содан болар, соңғы екі жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңнамаға бірқатар өзгерістердің енгізілуімен ерекшеленді. Осылайша, превентивтік механизмдер күшейтілді. Атап айтсақ, қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі, нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру, жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі қабылданып, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің сыйлықтар алуына толық тыйым салынды. Сондай-ақ, комплаенс-қызметтер институты енгізіліп, квазимемлекеттік секторға бақылау күшейтілді.
Ал 2020 жылдың соңына қарай, Қазақстан Республикасының Қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бұл ретте атап өтерлігі Заңмен сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және оған қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу туралы мемлекет басшысының тапсырмалары іске асырылды.
Пара бергені, парақорлыққа делдал болғаны және бизнеске заңсыз араласқаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Бұдан былай лауазымды адамдарды параға сатып алумен арнайы айналысатын, яғни айтарлықтай мөлшерде пара беруге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы (бұрын 5 жыл болған) тағайындалуы мүмкін.
Бұл қылмыстар автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа яғни, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі көзделген.
Парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін бірнеше рет, не қылмыстық топпен немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адамдарға да осындай, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу түріндегі қатаң шаралар қолданылатын болады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді.
Заңмен Қылмыстық кодексінің 366-бабында судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты жаңа құрам (ҚК-нің 366-бабының 1-1-бөлігі) енгізіліп, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі санкция күшейтілді.
Енді құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның қарапайым пара, яғни 50 АЕК-тен кем пара алуы (145 850 теңгеге дейін) бұрынғы редакциядағыдай ауырлығы орташа қылмыс емес, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады.
Сондықтан, ең алдымен, бұл тұлғалар шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылады және жазасын бірден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу мүмкіндігі жойылады.
Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынып, ал жемқорлық үшін сотталғандарды қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу мүмкіндігі тоқтатылды.
Ерекше атап өтетін өзгерістердің бірі мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерден шоттар ашуға және иеленуге тыйым салынуы.
Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет. Сондықтан да ол бірқатар шектеулерді қабылдауды көздейді. Енді жұмыс жасап жүрген немесе жаңадан жұмысқа қабылданған мемлекеттік қызметшілерге шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай беріледі.
Егер мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жапқысы келмесе және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы.
Қорыта келе, жауапкершіліктің күшеюі парақорларға әсер ететіні сөзсіз. Әрбір азамат пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатынын білуі қажет.
«Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деп қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов атап өткендей, елімізге адал қызмет етіп, абыройлы еңбек етейік.
Асхат Жұмағали,
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша
департаментінің басшысы.