Ұлттық құндылықтар – Рухани жаңғырудың негізі
Мемлекеттің тарихы ғасырлар бойы қаланып отыратын қамал сияқты. Әр ғасырдың ұрпаққа жүктелетін міндеті мемлекеттің қажеттіктерін өтеу мәселелерінен туындайды.
Қазақ хандарының заманында мемлекетті қалыптастырып нығайту, оны үнемі ел болып қорғап отыру ұрпақ міндетіне жүктелді. Сол кездегі ата-бабаларымыз өздеріне жүктелген міндетті ұлттық парыз деңгейінде түсініп қабілетті, білікті, есті, кемеңгер, ерік жігері мол жауынгер болуға ұмтылды. Жауынгерлікті адам мал мен пұлға сатып ала алмайды, ол ұлттық тәрбиемен, діни сауаттылықпен, баланың жастайынан ел тұрмысымен араласып ширығып өсуімен келеді. Осы себептен ата-бабаларымыздың батыр, би, шешен және тума талант өнер иесі болуында қазақ ұлтының тарих өмір мен уақыт талабына ілесе білген қабілеті жатыр.
Рухани жаңғыру ұлт пен оның өкілі жеке адамның кісілік табиғатына тәуелді. Ұлттық санада шынайылық, туралық, ұқыптылық орын алмаса әлеуметтік ортаның даму күші әлсірейді. Осы себептен тарихтың тәжірибесінен, уақыттың елегінен өткен құндылықтар сақталып, адамның қоғамдық ортадағы іс-әрекеті, қоғамдық психология сонымен реттеліп, кез-келген ел мүддесіне қажет нәрсе прагматикалық және реалистік принципте зерделенуі тиіс. Қазақ ұлтының ата мекен кеңістігін игеру, қорғаудағы ұстанымы да осы қағидамен жүзеге асып отырған.
Ұлттық код ұлттық болмыстың рухани көзі, тарихи негізі. Ұлттқ код болмаса тарихи ақпараттар, мәдени құндылықтар ұрпақ санасында бірікпейді. Ұлттың игілігіне негізделген барлық тарихи және заманауи ақпараттар ұлттық код арқылы ұлттың зердесінде жинақталып, таратылып, өңделіп жүзеге асып отырады.
Рухани жаңғырудың негізі ұлттың қасеттері мен рухан құндылықтарға тәуелді болса, оның әлеуметтік өрісі қашанда білімге, еңбекке және табандылыққа келіп тіреледі. Қазақ баласына білімнің рухын түсіндерген. Жеке адамның білімге деген құрметі оның толыққандың білім алуына, рухани деңгейінің қалыптасуына ықпал етеді. Абай мен алаш зиялыларының заманында ел тұрмысының қиыншылығына қарамастан көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының шығуына ықпал еткен қазақтың өнер, білім және ғылым туралы кемел түсінігі. Ұлттық тәрбиедегі уақыттан қалмайтын және білімі тозбайтын құндылықтар олардың талапты, арлы, жігерлі, еңбекқор, қиындыққа төзімді, ақылды және рухани терең болуына ықпал еткен. Осы тұрғыдан алаш зиялыларының болмысына, тарихи қызметтеріне қарайтын болсақ рухани жаңғыру ұрпақтың тарих, отан, келер уақыт алдындағы кісілік қасиеттерімен тұлғалық ұстанымының әлеуметтік ортада қатар сақталуы. Ұлттық кодынан қол үзбеген жеке адам заманынан қалмайды, өз заманында алға ұмтылады, өз заманының жетістіктеріне қол жеткізеді және оны ұлт игілігіне айналдыра алады. Туған жерін ұмытпайтын адам туған елін қадірлейді. Елді қадірлеу туған жердің рухын бойға сіңіріп өсуден басталған. Сондықтан да елде туып, елде тұрып елге жаны ашымаған адам зиялылар қатарында болған емес. Зиялылықтың бірінші шарты адамның туған жерге, халыққа және ұлт болашағына деген шынайы жанашырлығынан бастау алмақ.
Ұлттық рух бар жерде рухани жаңару күш алады. Мемлекет басшысы мақалада атап көрсеткендей ұлттық сана, ұлттық код рухани жаңарудың түп қазығы, ұлттың негізі арқылы жеке адамның, халықтың, елдің уақыт талабына сай ізденуі, еңбек қоғамын құруы, уақытты, еңбек пен білімді, денсаулықты қатар бағалап, қатар қорғай алған қоғам ұлттық рухымен мемлекетіне, қоғамына, еліне игілік әкелетін дүниелерді қалыптастырады.
Уақыт бір орында тұрмайды, заман алға жылжиды. Уақыт өрісіндегі заман болмысының ерекшеліктері мен белгілері ұрпаққа жүктелетін міндетіне тәуелді. Өз дәуірінің ел болашағымен біріктіретін міндетін дұрыс орындай білген ұрпақ қана мемлекетінің мүддесін сақтап, өзінен кейінгі буынға табыстап кетеді. Аға ұрпақтың кейінгі буынға табыстайтын дүниелері ұлттық құндылықтар. Олардың кейінгі дәуірде өмір сүруіне ықпал ететін ұлттық қасиеттер. Ұлттық қасиеттер болмаса ұрпақтың бірегейлікте өмір сүру ұстанымы қалыптаспайды. Абай айтқандай ұлттық сана болмаса қара басының қамынан аса алмаған, бас басына би болған өңкей қиқым ұлттық рухы жоқ адамнан шығады. Осы себептен ұрпақтың заман талабына сай ізденуіне, рухани кемелденуіне, бірігуіне ықпал ететін ұлттық код.
Мереке Кенжеханова,
Арайлым Қайсарова,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ, «Механика және мұнай газ ісі» факультеті, «Стандарттау және сертификаттау»
кафедрасының магистр, аға оқытушылары.