БҰРЫНҒЫ ШЕНЕУНІКТЕР ӘКЕ ТӘРБИЕСІН ҚОЛҒА АЛАДЫ
Шымкентте бір жылда мыңдаған жұптың некесі бұзылады. Шаңырақтың шайқалуына әкенің бала тәрбиесін екінші орынға ығыстырып қоюы көп әсерін тигізуі әбден мүмкін.
Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Шымкенттегі қалалық ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебі» ұйымы құрылды. «Әкелер мектебі» ұйымы үйдегі отағасының бала тәрбиесіне қатысудағы жауапкершілігін арттыруға, оның мектеппен байланысын нығайтуын жолға қоюға жұмыс істейді. Сонымен қатар мектепде ұйымдастырылатын ақпараттық-танымдық, спорттық және тағылымы мол шараларда мұғалімдермен, әкелермен бас қосып, белсенді жұмыстар жүргізетін болады.
Жаңадан құрылған «Әкелер мектебінің» төрағасы болып ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кенжехан Төлебаев бекітілді. Ал құрамында қаламызға белгілі азаматтар Абай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Башенов, Еңбекші ауданының ардагері Зұлпуар Жайшыбеков, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, саясаттанушы, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Аралбайұлы, теолог Мұхамеджан Естеміров, еңбек ардагерлері Еркін Сатқанбай, Ильяс Төлегенұлы бар. Аты аталған азаматтар көп жылдар бойына ұрпақ тәрбиесі жолында қажырлы еңбек еткендер. Мәселен, Еркін Сатқанбай бірнеше жыл бойына Шымкенттегі №2 кәсіптік лицейді басқарған. Қалалық мәслихаттың депутаты болып ел тірлігіне араласқан. «Әкелер мектебі» ұйымының тағы бір мүшесі Ұлықпан Башенов болса бір кездері Арыс ауданы әкімінің орынбасары, облыстық Білім департаментінің басшысы, кейіннен Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатының директоры болып еңбек еткен.
Ал Кенжехан Төлебаев күнгей жұртына жақсы таныс. Ол әртүрлі жылдар бедерінде лауазымды қызметтерде болған. Мақтарал, Шардара аудандарының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы экономика департаментінің басшысы, облыс әкімінің орынбасары мен облыстық төтенше жағдайлар департаментін басқарған. Сонымен қатар ол Оңтүстік Қазақстан ауылшаруашылық колледжінің директоры қызметін абыройлы атқарып, жастармен жұмыс істеуде зор тәжірибе жинаған азамат болып табылады.
Біз «Әкелер мектебі» ұйымының жұмысы жүргізілетіні туралы Кенжехан Атақұлұлымен сөйлескен едік.
– Кенжехан Атақұлұлы «Әкелер мектебі» ұйымына төраға болып бекітілдіңіз. Оның мақсаты бала мен әке арасындағы байланысты нығайтып, жауапкершілікті арттыру деп түсіндірілуде. Бұл үшін Сіздер қандай жұмыс жасайсыздар?
– Тек әкелердің бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ұлтымызға тән әдет-ғұрпымызды, дәстүрімізді жас ұрпақ бойына сіңдіруге көңіл бөлмекшіміз. Кейінгі ұрпақтың көпшілігі біраз құндылықтарымызды ұмытуда. Үлкенді сыйламайтын тентектеріміз көбейді. Бұрын қазақтың балалары көзін тырнап ашқаннан бастап, атқа мінуге, құс ұшыруды үйренуге асығатын. «Ер қанаты- ат» деп Қамбар ата төлін ерекше құрметтейтін. Қазір заман өзгерді. Бірақ біздің бозбалаларымыз атқа мінуді білуі тиіс. Ат әбзелдерін жатқа білуі қажет. Киіз үйдің құрылымын, оны құру мен жинауды да білген артықтық етпейді. Сосын жасыратыны жоқ кейінгі кездері отбасындағы әке мен ата ұрпақ тәрбиесінен тысқары қалып бара жатыр. Мектептегі жиналысқа бірде бір әке не ата бармайды. Баратындар некен саяқ. Қашанғы шеше байғұс шырылдап жүреді. Әке өз баласының тәрбиесіне уақыт табу керек. Тұтас әулеттің тамыры тереңге бойлаған мәуелі ағаштай жайқалып өсіп-өнуіне әкенің алар орны ерекше. Сондықтан әке нарық заманы деп күнұзын жұмыстың соңында жүріп, бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, баласын уыстан шығарып алса, еткен еңбегі де, төккен тері де түкке тұрғысыз болады. Сол үшін де біз барлық мектептерде әкелер одағын құрып, ата-аналар жиналысында сол әкелердің келуін қамтамасыз етуге ықпал еткіміз келеді. Сөйтіп олардың бала тәрбиесіндегі рөлін сәл де болса күшейтуге ниеттіміз. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы білім басқармасымен, мектептермен бірлесіп, арнайы бағдарлама бойынша жасалады. Шымкенттегі төрт ауданның ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебін» құру жоспарда бар.
– Жұмыстарыңызды қашан бастайсыздар?
– Біз қазіргі таңда арнайы бағдарламамызды жасап аламыз. Содан соң мүмкіндікке қарай көреміз. Эпиджағдайды ескеріп онлайн форматында да өткізуіміз мүмкін. Үлкен семинар жиын өткізуді мамыр айына жоспарлап отырмыз. Жиынды Абай ауданында ұйымдастырмақшымыз.
– Бұл жұмыстар үшін бюджеттен қандай да бір қаржы қаралады ма?
–Ешқандай да қаржы бөлінбейді.