СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСЫНЫҢ КӨБІ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНА ТИЕСІЛІ
Былтыр Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті жедел-тергеу кезінде 97 қылмысты анықтаған. Тіркелген қылмыстардың 72 дерегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Анықталған сыбайлас жемқорлық деректерінің басым бөлігі білім беру саласына тиесілі. Одан кейінгі орынға жер қатынастары жайғасады. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қорғау, денсаулық пен құрылыс салаларында да «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер жиі тіркелген.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті Хаким Көшқалиев облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты анықталған қылмыстардың басым көпшілігі «Өңірлерді дамыту» және «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыс барысында жасалған. Бағдарламаны іске асыру үшін бағытталған мол қаржы есебінен өз есебін түгендеуге бел буғандардың кесірінен мемлекетке 171,7 млн. теңге залал келтірілген. Бүгінде оның 99 пайызы өндірілген. Ал өндірістегі қылмыстық істер бойынша жалпы 1 млрд. 345 млн. теңге залал анықталып, оның 1 млрд. 335 млн. теңгесі, яғни 99% пайызы өндірілген.
Брифингте 2020 жылы мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша 2 млрд. теңгеден астам қаржы үнемделгені айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа жол берген азаматтарға жазаның қатаңдатылғаны туралы департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ғабит Жүндібаев «Жаңа заңнамаға сәйкес, пара берушілер мен пара алушыларды бас бостандығынан айыру жазасының мерзімі ұлғаюынан бөлек, айыппұл мөлшері де бірнеше есеге өседі. Мәселен, пара берушілер үшін (50 АЕК дейін) айыппұлдың ең төменгі мөлшері 2 есеге, параның 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. Егер азамат 100 мың теңге пара бергені үшін сотталған болса, онда оған ең төменгі жаза ретінде айыппұл мөлшері 2 млн теңгені құрайды. Егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса, қазіргі таңда жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ жазаға сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады», — деді.
Айта кетейік, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында аймақта 850 мыңға жуық адамды қамтыған 1800-ден астам түрлі бағытта іс-шара өткізген.