ДИСКУССИЯ АДАМДАР ТУРАЛЫ ЕМЕС, МӘСЕЛЕ ТӨҢІРЕГІНДЕ ӨРБІГЕНІ ЖӨН
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары,
Шыңғыс МҰҚАН:
Шымкенттегі ипподром төңірегіндегі талқы маған ұнап жатыр. Ашық қоғам осылай қалыптасса керек. Әркім өз ойын ашық айтуда. Келіссек те, келіспесек те, кетіспейік. Кез келген байсалды дискуссия адамдар туралы емес, мәселе төңірегінде өрбігені жөн. Сонда тақырып ашылады. Қойылған сұрақтарға барынша жауап бердім. Ешкімнің атын атап, жеке басына тиіспедім. Коммент жазушылардан да соны сұраймын. Айтылған уәжге қарсы аргумент болса, марқабат.
«BI Group» компаниясының сойылын соқты» деп жазғырмағайсыздар. Әкімдік үшін әр бизнес, әр инвестор құнды. Бизнес төлейтін салықтың арқасында мемлекет құрып, тұтастығын сақтап, әлеуметтік мәселе шешіп, мектеп салып балаларымызды оқытып, емхана салып науқастарды емдеп, әлеуметтік топтарға баспана салып, жол жөндеп жүрміз.
Өкінішке қарай, Шымкент қаласы дотацияда отыр. 400 млрд теңгеден астам қала бюджетінің жартысын орталықтан алып отырмыз.
Шымкент сияқты мегаполистердің — Нұр-Сұлтан мен Алматының бюджеті бір триллионнан асады және өз-өздерін толық қамтып отыр. Демек, көп мәселе ол қалаларда тезірек шешіледі.
Миллион халқы бар Шымкенттің қаржысын да оған жеткізу үшін қалаға біраз инвестиция тарту керек.
Келем деп тұрған да инвестор көп емес. Көп болса, «Шымситиді» салып тастамай ма? Басталғанына бес жыл болды. Онда мемлекеттің үйінен басқа үй салынып жатқан жоқ.
Онымен бірге қалада бірнеше жылдан бері газ тапшы, электр қуаты тапшы, кәсіпорындарға “техусловие” бере алмай отырмыз.
Әкіміміз Бозарықтағы 2023 жылы аяқталуға тиіс АГРЭС-пен қосалқы станцияны жуырда бітіру үшін жанталасып жатыр. Энергоресурс мәселесі шешілсе, әлеуетті инвесторларды үдете шақырамыз. Шымкент қаласының әкімі Мұрат
Әйтеновтың бастамаларын қолдауға шақырамын.