ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІ ӘУРЕ-САРСАҢҒА САЛДЫ

Түркістан облысының электр желілері табиғаттың тосын мінезіне шыдас бере алмайды. Кешегі аптада дәлірегі қаңтардың 21-нен 22-не қараған түннен бастап облыс аумағының кей жерлерінде екпені күшті жел тұрып, қалың жауған қар салдарынан жалпы жиыны 35 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды.

Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Талғат Досалиев айтты.
Абоненттерді жарыққа қайта қосу жұмыстары екі тәулікке жалғасты. Бұл үшін 20 бригада, 65 жеке құрам, 18 бірлік техника жұмылдырылған. Жарықтың сөнуі облыстағы Түркістан, Кентау қалалары мен Төлеби, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Созақ, Түлкібас, Сайрам аудандарында орын алған. Қолайсыз ауа райына байланысты Түркістан қаласында авариялық жағдайларды қалпына келтіру үшін тиісті жұмыстар тәулік бойы орындалған. Сала мамандары қатал қыстың қаһарына электр станцияларының не үшін шыдас бере алмағаны туралы тарқатып ештеңе айтпады. Олар бұл жағдайды кәрі құда қыстың қолайсыз ауа райынан болды деп санайтын сыңайлы.
Қала тұрғындары мен белсенділері мұны жарықты тұтынушыларға жеткізетін монополист компания «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің салғырттығы деп сынап, мінеп жатты. Ал «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас директорының орынбасары Ерлан Мелдебеков болса Түркістан қаласында 900-ден астам трансформатор бар екенін, оның 165-і аталған мекеме меншігінде болса, қалғаны қалалық инфрақұрылым бөлімі мен жеке азаматтарға тиесілі екенін жеткізді.
Сонымен қатар, кешегі аптаның демалыс күндеріндегі қолайсыз ауа райы жолға шыққан жолаушыларды да әуре сарсаңға түсірді. Қалың жауған қар, бет қаратпас бораннан 17 ауыр жүк көлігі мен 90 жеңіл автокөлік жолда қалып қойған. Авариялық құтқару жұмыстарының нәтижесінде қар құрсауында қалған 377 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілген. Оның 75-і балалар болған. Табиғи құбылысқа байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылған. Өңірде республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының 2 учаскесі және облыстық маңыздағы автомобиль жолдарының 7 учаскесінде көліктердің жүруіне шектеу қойылған. Кейіннен қауіп сейілген аумақтарда жол қайта ашылған.