«ЖАҢАТАЛАП» ЖҰРТЫ ӘКІМГЕ СЕНГЕН ЕДІ…
Былтыр Шымкенттегі Абай ауданында инфрақұрылымды дамыту үшін 29,3 млрд. теңге қаржы қаралған. Бөлінген қаржының 2,2 млрд. теңгесі ауыз су жүйесіне бағытталса, электр жүйесіне-381,4 млн. теңге, табиғи газ жүйесіне-65,4 млн. теңге, асфальт жол төсеуге-8,2 млрд. теңге, жолдарға шағал тас төсеуге-100 млн. теңге, көшелерді жарықтандыруға-342,3 млн. теңге бағытталған.
Бұл туралы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 2020 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп беру жиыны кезінде айтты.
Десе де, ауданда инфрақұрылым мәселесі бойынша тұрғындар көңілін күпті еткен мәселе әлі түпкілікті шешілмеген. Мәселен, ауданда 34 елді мекен бар болса, оның 24-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Қалған 12 елді мекен жұрты суды құдықтан тартып немесе тасып ішеді. Атап айтқанда, «Қызылжар», «Игілік», «Жаңаталап», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Көкбұлақ» «Жаңатұрлан» тұрғын алабы ұңғыма суын ішсе, «Ынтымақ-2», «Ақтас-2», «Солтүстік саяжай», «Құрсай» және тағы басқа шағын аудан тұрғындары тіршілік нәрін тасып ішіп келеді.
Аудан басшысы есеп беру жиыны кезінде жыл соңына дейін бұл елді мекендерде ауыз су мәселесі толық шешімін табады деп сендірді.
Естеріңізде болса, былтыр 14 ақпанда қала әкімі Мұрат Әйтеновтың есеп беру жиынына дәл осы Абай ауданы «Жаңаталап» елді мекенінің Әбдіғани Әшіров есімді тұрғыны келіп «Шымкенттегі «Жаңаталап» тұрғын алабы тұрғындарының ауыз суға жарымай жүргеніне 10 жыл толды. Осыншама уақыттан бері ондағы тұрғындар жер асты суларын пайдалануға мәжбүр. Біз сапалы ауыз суға мұқтажбыз. Біздің тұрғын алап орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қашан қосылады?» деп сұрақ қойған. Сол кезде қала басшысы ол кісіге «Осы бағытта қаржы бөлінді. Жыл аяғына дейін «Жаңаталап» тұрғын алабының тұрғындары орталықтандырылған су жүйесіне қосылады»,- деп жауап бергені әлі есімізде.
Ал Бұхарбай Пармановтың қала әкімінің ел алдында айтқан уәдесін құр құрғақ сөзге айналдырып отыр.
Айтпақшы есеп беру жиыны кезінде Бұхарбай Парманов осы жылы аудандағы 44,5 шақырымды құрайтын топырақ жолға шағал тас төсеу жұмысы үшін 173,6млн теңге қаржы бөлу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сонда әр шақырымға төселген шағал тас үшін 4 млн.ға жуық бюджет қаржысы жаратылады ма? Сонда мұншалықты кең пішілген бюджет қаржысына көшенің әр метрі үшін қандай қалыңдықта, қанша массада тас төселеді екен? Халық мұның бәрін білуі тиіс. Біліп қана қоймай, бақылауы да қажет сияқты.
«Уақыт»