ЕЛІМІЗДЕГІ 7 ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫНДА ТИІСТІ ҚЫЗМЕТТІ ТАБА АЛМАЙСЫЗ
Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету мүмкіндігі қаралмаған 7 теміржол вокзалы бар. Олар Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Павлодар облыстарындағы жергілікті атқарушы органдарға қарасты. Жалпы еліміздегі теміржол вокзалдарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы ортаны қалыптастыру жұмыстарына жиыны 800 млн. теңге қажет.
Бұл туралы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.
Жүрдек пойыздардың жүрісін үйлестіретін бекеттердегі мәселе осымен шектелмейді. Министрдің сөзінше теміржол көлігі саласында арнайы вагондардың жетімсіздігі де күн тәртібіне шыққан. Бұл бағыттағы мәселені 2022 жылдың соңына дейін толық шешу жоспарланған.
Сонымен қатар ведомства басшысы Қазақстанның автовокзалдары мен автостанцияларында да сәйкестік мониторингі жүргізілгенін де атап өтті. Республика аумағында барлығы 33 автовокзал мен 114 автостанция жұмыс істейді. Оның ішінде 32 автовокзал және 98 автостанция мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімділік талаптарына сай. Ал қалалық бағыттарда қызмет көрсететін 10 623 автобустың тек 30% проценті қажетті талаптарға сәйкес екен.