МҮГЕДЕКТІК БЕЛГІЛЕНГЕН АЗАМАТТАР САНЫ АЛҒАШ РЕТ АЗАЙДЫ

бірақ, шешімін күтіп отырған мәселелер әлі көп

 

Түркістан облысында 94 500 мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрады. Бұл аймақ халқының 5 пайызын құрайды. Биыл мүгедектік белгіленген азаматтар саны былтырмен салыстырғанда 18 пайызға аз. Облыста мүгедектікке шығу деңгейінің сәйкес кезеңдермен салыстырғанда анағұрлым азаюы алғаш рет төмендеп отыр.
Бұл деректі мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселелері қаралған Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Отырыста аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Облыс әкімінің сөзінше, биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тиісті оңалту шараларымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 4,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Аталған қаржы есебінен 34 мыңнан астам адам оңалтудың техникалық құралдарымен және әлеуметтік қызметтерімен қамтылатын болады. Бұл жалпы қажеттіліктің 74%-ын құрайды.
Бұдан бөлек, облыста бейімделуге жататын 2 895 нысанның 98%-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру талабына сәйкестендірілген. Бұл талапты 100 пайызға жеткізу мақсатында тиісті басқарма мен қоғамдық ұйымдар тарапынан мониторинг жүргізіліп, арнайы іс-шаралар атқарылуда.
Өңірдегі ерекше білім беруді қажет ететін балалардың 48%-ы (17 272 бала) инклюзивті және арнайы білім алуда.
Дей тұрғанмен әлеуметтік қорғауды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты мәселе көп. Оның бірі олардың жұмыспен қамту көрсеткішін көтеру болып табылады. Қазіргі таңда облыста тіркелген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 60 пайызы немесе 59,2 мың адам еңбекке қабілетті. Алайда оларды жұмыспен қамту көрсеткіші жоғары емес. Бұл мәселе облыста емес республика бойынша өзекті болып отыр. Мысалы, қазіргі таңда елімізде мүгедектігі бар азаматтардың 23 пайызы, немесе еңбекке қабілетті 430 мың адамның 100 мыңы ғана жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар бұл санаттағыларға арналған заманауи оңалту орталықтарын құру қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта өңірде 50 орындық 6 әлеуметтік нысанның және 200 орындық оңалту орталығының құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленеді. Соның негізінде тиісті құрылыс жұмыстары 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Оның ішінде 50 орындық 3 нысанның құрылысын бюджетке салмақ түсірмес үшін, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізу жоспарланған.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы биыл пилоттық режимде бастама алған «Әлеуметтік қызметтер порталы» 2021 жылы толық іске асырылады деп уәде етті. Аталған портал арқылы мүгедектігі бар азаматтар интернет арқылы адам өзіне қажетті оңалту құралдарына және мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне тапсырыс бере алады.
Айтпақшы, аталған отырыста Үкімет басшысы Асқар Мамин мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ахуалын жақсарту бағытында бірқатар ведомства басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келесі жылы мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтуды 80 пайызға, 2025 жылы 100 пайызға жеткізуді, жергілікті әкімдіктерге ХҚКО-да мүгедек адамдар үшін өз-өзіне қызмет көрсету аймақтарын ұлғайтуды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мүгедектіктің алдын алу үшін сырқаттарға диагностиканы ерте жүргізуге көңіл бөле отырып, салынып жатқан барлық оңалту орталықтарын уақытылы пайдалануға беруді қатаң қадағалау артылды. Білім министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылы балаларды инклюзивті біліммен қамтуды 50%-ға дейін кеңейтуді жүктеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедек адам бар. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны төрт пайызға артқан. Олардың ішінде 94 мыңы – балалар, 181 мыңы – зейнеткерлер.