Гүлнара Каримова Швейцария сотында жеңіске жетті
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова Швейцариядағы сотта жеңіске жетті. Bloomberg басылымының хабарлауынша, бұл оған бұғатта тұрған 350 миллион долларды қайтарып алуына мүмкіндік береді.
3 желтоқсанда Швейцарияның Федералды апелляциялық соты Гүлнара Каримованың шағымын қолдап, Гибралтарда тіркелген Takilant Ltd. компаниясының заңды бенефициары деген шешім шығарған. Бұл компания атындағы есепшоттағы қаражат 2018 жылы бұғатталған болатын.
«Бұл Гүлнара Каримова үшін маңызды жеңіс. Федералды прокуратура оның активтерін тәркілеуге тырысты», – деді швейцариялық адвокат Грегуар Манжа.
Биыл қыркүйек айында Швейцария Өзбекстанмен келісімге келген. Оған сәйкес 2012 жылдан бері Гүлнара Каримованың есепшотындағы 131 миллион доллар өзбек билігіне қайтарылады.
Бұл келісімге сәйкес, Ташкент қаржыны халықтың жағдайын жақсартуға арналған жобаларға жұмсауды міндетіне алып, есепті ашық жариялап отырады.
Бұдан басқа 650 миллион швейцар франкі (715 миллион доллар) әлі бұғатталып жатыр. Егер бұл ақша да Өзбекстанға қайтарылатын болса, жоғарыдағы келісімге сәйкес жұмсалуы тиіс. Бұдан бөлек қаңтар айында Өзбекстанның бас прокуратурасы Гүлнара Каримова Швейцариядан 70 өнер туындысын қайтарады деп мәлімдеген.
Өзбекстанда Каримоваға қарсы үш бірдей қылмыстық іс қозғалған. Үшінші іс бойынша 13 жыл, төрт айға сотталған.
Биыл мамыр айында Франция Өзбекстанға Каримованың 10 миллион долларға жуық активтерін қайтарды.
Өзбекстан билігі қазір Швейцария, АҚШ, Франция, Ресей елдеріндегі 1,3 миллиар долларға жуық активтерді қайтару бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген.
Қазір Гүлнара Каримова Ташкент облысындағы Зангиата әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатыр.
Орта Азия жаңалықтар
қызметі.