ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ВАКЦИНАСЫН ҚАБЫЛДАЙДЫ
Елімізде коронавирусқа қарсы азаматтарға ерікті түрде екпе егу жұмыстары келер жылдың қаңтарына жоспарланып отыр. Президент қабылдауында болған Үкімет басшысы Асқар Мамин осындай мәлімдеме жасады. Бүгінде «Спутник V» вакцинасына қатысты Ресей мен Қазақстан арасында тиісті келісімдер түзілген. Қазіргі таңда көрші елден шығарылған екпені елге жеткізу жұмыстары қолға алынған. Індеттің таралуына тежеу болатын екпе ең алдымен қауіптің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, құқық қорғау органы қызметкерлеріне салынады. Тағы бір айта кетерлігі ресейлік «Спутник V» вакцинасын ел аумағында шығару үшін өндіріс орындарын ұйымдастыру жұмыстары қолға алынбақ.
Еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Спутник V» препараты алдағы уақытта Қарағанды фармацевтикалық кешені базасында шығарылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Биліктегілер бұдан өзге де зауыттарды қарастыруда екен. Өз кезегінде елде ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару логистикалық шығындарды азайтуға және қысқа мерзімде препаратты медициналық мекемелерге жеткізуге мүмкіндік бермек. Ресейдің тікелей инвестициялар қорының (РФТИҚ) бас директоры К. Дмитриев «Спутник V» екпесін Қазақстан аумағында шығару екі ел арасындағы технологиялық, ғылыми және медициналық тәжірибе алмасуды кеңейтеді деп мәлімдейді.
Дәл осы «Спутник V» вакцинасына әлемнің 50-ден астам елінен 1,2 млрд астам доза сатып алу туралы өтінім түскен. Өткен айда Н. Ф. Гамалеи атындағы ЭМҰҒО мен РФТИҚ «Спутник V» вакцинасының 40 000 еріктінің қатысуымен жүргізілген зерттеудің III кезеңінің екінші аралық талдауының оң нәтижелерін жариялады. Талдау қорытындысы бойынша «Спутник V»-дің тиімділігі 91,4% құрады.
Дегенмен де, ресейлік «Спутник V» препаратының сапасына Еуропа елдері мен америкалықтар күмәнданып отыр.
Жалпы коронавирусқа қарсы екпені тек Ресей ғана өндіріп отырған жоқ. Америкалық Frizer және BioNTech компаниялары коронавирусқа қарсы бірлесіп екпе жасады. Кешегі аптада Ұлыбритания қос компания жасап шығарған екпені осы аптаның соңынан бастап ел тұрғындарына егуге дайын екіндіктерін жариялады. Бұл үшін екпенің 40 млн. дозасына тапсырыс берген. АҚШ ақпан айының соңына дейін 100 млн. тұрғынға вакцина егуді жоспарлап отыр. Германия мемлекеті де америкалық компания шығарған екпені егуді жыл соңына дейін бастамақ. Италия билігі де екпенің 202 млн. дозасын сатып алғалы отырғанын хабарлады. Бұл елдердің билік мінберіндегілер екпе ерікті түрде жүргізілетінін атап өтуде.
Ал кешегі аптада Бразилия қытайлық вакцинаның алғашқы партиясын қабылдады. Мемлекет жыл соңына дейін екпенің 46 млн. дозасын алуды жоспарлаған. Ал көрші Ресей болса осы аптадан бастап өздерінде шығарылған «Спутник V» дәрілік затымен ковидке қарсы вакцинациялауды бастайды.
Бұған дейін Қазақстанда коронавирус індетіне қарсы отандық вакцина шығару қолға алынғаны айтылған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық 4 вакцинаны тіркеген. Қазіргі таңда отандық препараттар зерттеуден өтуде. Сондықтан да олар жалпы қолданысқа үміткерлер қатарында болып табылады. Отандық екпе 25-желтоқсаннан бастап 3 мың еріктіге егіледі. Ал сынақ толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталатын көрінеді. Ел ғалымдары ойлап тапқан вакцинаның әзірге кері әсері анықталмапты.
Бүгінде кең таралған кесел жер жүзінде 67 млн.-нан аса адамға жұққан. Оның ішінде 43 млн-нан аса емделсе, 1,5 млн.-нан аса адам ауру құрбаны болған.
Қазақстанда 13-наурыздан бастап 7-желтоқсан аралығында 136 983 адам індеттің ілмегіне ілінген. Емделіп шыққандар саны 120 799 болса, қайтыс болғандар саны екі мыңнан асып отыр. Ал коронавирустық инфекция белгілері бар пневманиямен 1-тамыздан 7-желтоқсанға дейін 43106 адам ауырып, 454 өлім жағдайы тіркелген. Жазылып шыққандардың саны 30956 жетті.
Ж. АРМАНОВА.