ҚАН ҚЫСЫМЫН ҚАЛЫПТА ҰСТАЙЫҚ

Елімізде әрбір оныншы тұрғынның қан тамырының қысымы жоғары. Мамандар сырқаттың бұл түрін адам өліміне апаратын аурулар тізімінде бірінші орынды бермей келетінін айтады. Дәрігерлер қан қысымы жоғары адамдар денсаулығына ұқыппен қарамай, күтімді қаперіне алмаса «айналдырған ауру алдырмай қоймайдының» керін киюі әбден мүмкін екенін ескертеді.

Олардың қатарында Шымкент қалалық №13 емхана дәрігерлері де бар. Аталған емхананың дәрігері Гүлбану Мырзабаева қан тамыры қысымы жоғары адамдарға қойылатын артериялық гипертензия ауруы туралы тұрғындарға былай деп кеңес айтады.
– Артериялық гипертензия систолалық қан қысымының 140-тан, ал диастолалық қан қысымының 90-нан жоғары болып мерзімді және тұрақсыз көтерілуі болып табылады. Мұндай жағдай кем дегенде үш рет әртүрлі уақытта қайталанса дәрігерлер науқасқа артериялық гипертензия диагнозын қояды. Сырқаттың бұл түрі елімізде ғана емес, әлемде кең тараған. Ол біріншілік эссенциалды және екіншілік симптоматикалық болып екіге бөлінеді.
Біріншілік эссенциалды гипертензия сырқатында қауіпті жағдайларға семіздік, құрамында тұзы көп тағамдарды көп тұтыну, қимыл қозғалыстың аздығы себеп болады. Ал екіншілік симптоматикалық гипертензияға апаратын жағдайларға жүйелік органдарының бұзылуы жатады. Эндокриндік аурулар, қан айналымының бұзылысы мен бүйректің жетіспеушілік аурулары сырқаттың қосалқы аурулар болып ағзаға «орнығуына» өз әсерін тигізеді.
Артериялық гипертензия жеңіл, орташа және ауыр болып үш топқа бөлінеді. Аурудың сатысын артериялық қан қысымының систолалық жағдайына қарай анықтайды. Систолалық жағдайда қан қысымы қалыпты 130 көрсеткішінен ауып, 140-тан 159-ға дейін жоғарыласа жеңіл, 160-тан 179-ға барса орташа, одан жоғарыласа ауыр түріне жатқызылады.
Артериялық гипертензия сырқатын дәрігерлер дәрі-дәрмектер арқылы бақылап отырады.
Шымкент қалалық №13 емхана дәрігерлері ауруды емдеп қана қоймай, тұрғындар арасында жоғары қан қысымын алдын алу шараларына да көп мән береді.
Бұл ретте аурудың айналып соғуына мүмкіндік бермейтін басты қағидаларды айта кетейік. Салауатты өмір салты қағидаларын ұстану. Алкогольды ішімдіктен бас тартып, темекі тартуды тастау. Белсенді қимыл-қозғалыста болу. Ата-анасы, туған-туыстарының қан қысымы жоғары азаматтарда артериялық гипертензия ауруының батпандап кіру қаупі жоғары. Сондықтан да олар өмір дағдысына ұқыппен қарауы тиіс.
Адамдарды күйзеліске түсіретін ішкі ағзалардың созылмалы сырқаты да артериялық гипертензияны тудырады. Оны алдын алу үшін күйзеліске берілмей, көңілді басқа арнаға бұру қажет.
Осылай деген дәрігер Гүлбану Бекжанқызы артериялық гипертензияның басты белгілерін атап өтті. Оларға таң-ертең ұйқыдан оянған кезде,эмоционалдық тұрғыдан қиналған сәтте және кеш түссе желке тұсының ауырсынуы, бастың айналуы, көздің қарауытуы, ұйқысыздық, мазасыздық, жүрек тұсының ауырсынуы мен көз көруінің нашарлауы болып табылады. Дей тұрғанмен қан қысымын өлшемей түпкілікті тұжырым жасауға ерте. Ал нақты диагноз қалай қойылады? Бұл сұраққа дәрігер «Егер сіздің бойыңызда жоғарыда атап өткен белгілер байқалса, араға көп уақыт салмастан учскелік дәрігеріңізге барып, қаралыңыз. Дәрігер тиісті тексерулер жүргізіп, диагноз қояды. Егер артериялық гипертензияға шалдықсаңыз тіркеуге алып, ем тағайындайды»,-деп жауап береді.
Артериялық гипертензия кезінде дәрігерлер жазып берген дәрі-дәрмектен бөлек, гипертензияның медикаментозды емес нұсқаулығын ұстануды тұрмыстық әдет дағдыларына айналдыру қажет. Оған дұрыс тамақтану, ас тұзын тәулігіне 5 граммнан артық қолданбау, алкогольді барынша шектеу, темекіден бас тарту, физикалық белсенділікті арттыру, артық дене салмағынан арылу, күйзеліске түспеу және жүйелі түрде қан қысымын бақылау. Бұл ережелерді сақтаудың сізге тигізер пайдасы болмаса зияны жоқ.
Айтпақшы былайғы өмірде де ашуға бой алдырмаңыз. Көп жағдайда ашу қан қысымының тез арада жоғарылауына апарып соқтырады. Мұны мамандар гипертониялық криз деп атайды. Сол себептен ашуға артық берілмеңіз.