ӨКПЕ БІРАЗҒА ДЕЙІН ӨЗІНЕ КЕЛЕ АЛМАЙДЫ
Жалпы жиыны 200 адамға лайықталған Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар орталығы коронавирустың ықтималды екінші толқыны кезінде науқастарды қабылдап, ем көрсетуге дайын. Бұл мақсатта аурухананың материалдық-техникалық базасы қажетті технологиямен жарақтандырылған. Бүгінде ол жерде 200 оттегі нүктесі, 136 дана өкпені жасанды желдету аппараты мен «Бобров» тыныс алу аппараттары бар.
Мекемедегі дәрі- дәрмектер қоры екі айға есептелген.
Төрт сайманы түгел ауруханада дәрігерлер науқастарға сапалы ем көрсетуі үшін онлайн форматқа негізделген біліктілікті арттыру шараларына қатысады. Арнайы мамандар да келіп дәрістер өткізеді.
Бұл туралы аталған орталықтың жауапты дәрігері Бекен Сырбекұлы мәлімдеді.
Қауіпті кеселден қорғану құралдарының барлығы жеткілікті екенін де тілге тиек еткен дәрігер қала тұрғындарына төмендегідей кеңес айтты.
– Біздің ауруханада науқастарға ем көрсету шарасы тегін жүргізіледі. Сондықтан да сіздің немесе жақыныңыздың бойында коронавирус белгілеріне тән симптомдар байқалса, уақыт создырып алмай, дер кезінде біздің ауруханаға келіңіз. Сіз ем-домды неғұрлым ерте бастасаңыз оның шипасы да соғұрлым нәтижелі болады. Тұрғындар өз бойында коронавирус ауруының белгілері байқалған сәттен бастап өз бетінше ем жүргізбей дәрігерлер қабылдауында болуы біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Covid-19 вирусының жеңіл не ауыр түрі болсын ем-шараларды ерте бастау асқынуларды болдырмай, оңалту шараларына мәжбүрлікті тудырмайды.
Жалпы коронавирус індеті өкпенің жауы. Егер індет салдарынан өкпенің көп мөлшері зақымданатын болса, науқастың қалпына келу уақыты ұзақ болады. Естеріңізде болса осы жылдың маусым-шілде айларында вирусты жұқтырғандар мен пневманияға шалдыққан науқастар көп болды. Олардың көпшілігі емделіп шықты. Бірақ қазіргі таңда олардың өкпелерінің зақымданғаны белгілі болып отыр. Сондықтан да біз оларға қажетті кеңестерімізді беріп, тиісті мамандарға жолдаймыз.
Осылай деген Бекен Сырбекұлы «Менде коронавирустың, пневманияның немесе ЖРВИ белгілері байқалып жатқан сияқты. Бірақ ауруханаға тек ауру асқынып жатса ғана барамын» деген ойдан мүлдем арылу керек. Өзіңізді жайсыз сезінген алғашқы сәттен бастап учаскелік дәрігеріңізге, жедел жәрдемге хабарласуыңыз қажет. Сол кезде сізді мамандар алдын ала қарап, компьютерлік томография, рентген аппаратымен өкпеңіздің жай-күйін біліп, тиісті ем-домдар жасайды»,-деді.
Сондай-ақ ол, қала тұрғындарына «Сіздердің ең қымбат байлықтарыңыз — денсаулық. Оны қорғау, сақтау көп жағдайда өздеріңізге байланысты. Дәрігерлер көмектесе алмайтын кездер болады»-, деп денсаулықты, сақтық шараларын сақтауға шақырды.