ШЫМКЕНТТІҢ БАС ДӘРІГЕРІ КАРДИОЛОГТАРҒА БАС ИДІ

Осы аптада Шымкенттегі кардиоорталық дәрігерлері кәсібилігімен тағы да бір отбасын қуанышқа бөледі. Олар едел-жедел түрде ем көрсетуінің арқасында жүрегі тоқтап қалған Шымкент қаласының тұрғынын өмірге қайтарды.

Мұндай сәттерде өмірге араша түсу дәрігерлердің бойынан зор білімділік, кәсібилік пен ептілікті талап етеді. Барлығын байыппен түсіндірсек.
Жедел жәрдем бригадасы Шымкент қаласының кардиоорталығына жіті коронарлық синдром диагнозы бар әйел кісіні шұғыл жеткізді. Пациенттің жағдайы өте ауыр болған. Сол үшін де операция үстелінде тестілеу басталғанға дейін оның жүрек қызметі кілт тоқтайды. Дәрігерлер дефибрилляция және жанама жүрек массажы бар реанимациялық шараларды дер кезінде жүргізудің нәтижесінде науқастың жүрегі іске қосылды. Осыдан кейін дәрігерлер инвазивті әдіспен инфарктқа тәуелді артерияны стенттеп, қан ағымын қалпына келтірді.
Бұл жағдайды Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасы арқылы жариялайды.
Өз кезегінде ол «кардиологтарда «алтын сағат» ережесі бар. Ол дегеніміз жүрек-қан тамырлары ауруы бар науқасқа хирургиялық көмек көрсетілетін уақыт. Мына жағдайда біздің дәрігерлер сол алтын сағат ережесін сәтті пайдалана білді. Дәрігерлер нақты және үйлесімді жұмыс жасады. Соның арқасында науқас аман қалды»,- дей отырып, кардиохирургтардың кәсібилігіне бас иетіні туралы лебізін білдірген.