ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ҮНДЕСТІГІ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Ғылым саласын дамыту туралы кеңірек атап өтті. Бұл мәселе бойынша бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын» деген болатын. Мемлекет басшысының өзі білім алушылардың ғылыммен айналысуына аса үлкен назар аударып, орасан мүмкіндіктер беріп отырғанда, мектепте оқушылардың ғылыммен айналысуына көңіл бөлінуі өзекті мәселе деп ойлаймын.

Сол себепті, жалпы білім беретін пәндерді оқыту барысында, танымдық әдістерді қолдануды қажет деп санаймын. Бұл үшін ғылыми танымдық әдіснама тәсілдерін 10-11 сыныптарда меңгертуді қолға алған жөн. Енді сол танымдық әдістер туралы түсініктеме беріп өткім келеді.
Әдіс – бұл белгілі бір қорытындыға жетуге көмектесетін әрекеттердің жиынтығы. Эмпирикалық ғылымның негізін салушылардың бірі — Ф.Бэкон танымның әдісін циркульмен салыстырған. Әрбір адамның ойлау қабілетінің деңгейі әртүрлі, сол себепті барлық адамдардың жетістікке жетуге деген мүмкіндіктерін теңестіру үшін белгілі бір құрал керек. Ғылыми әдіс осындай құрал болып табылады. Сондай – ақ, әдіс адамдардың мүмкіндіктерін теңестіріп қана қоймай, олардың іс — әрекетін біркелкі жасап, ғылыми зерттеулердің ұқсас нәтижесін алуға ықпал етеді.
Қазіргі заманғы ғылымда жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың методологияларының бір-біріне жақындасу тенденциясы байқалуда, бірақ олардың негізгі және қағидалық айырмашылықтары әлі де сақталуда. Ғылыми әдістер эмпирикалық және теориялық әдістер болып бөлінеді.
Эмпирикалық әдістерге төмендегілер жатқызылған:
1) бақылау – объективті шынайылықты арнайы түрде қабылдау;
2) суреттеу – объектілер туралы мәліметті табиғи және жасанды тілдің көмегімен бекіту;
3) өлшеу- объектілерді ұқсас қасиеттері немесе белгілері бойынша салыстыру;
4) тәжірибе жасау – құбылысқайталанған кезде қажетті жағдайлар қайталағанына байланысты өзгерістерді арнаулы дайындалған орындар арқылы бақылау.
Зерттеулердің теориялық деңгейіндегі ғылыми әдістерге төмендегілер жатқызылады:
1) формаландыру — зерттеліп отырған шынайы процестердің мағынасын ашатын абстрактылы-математикалық модельдер құру;
2) аксиомаландыру – дәлелдеуді керек етпейтін аксиомалар, яғни дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырымдардың негізінде теория құру;
3) гипотетикалық — дедуктивтік әдіс – нәтижесінде эмпирикалық фактілер тұжырымдалатын бір-бірімен, дедуктивті байланыста болатын гипотезалардың жүйесін жасау.
Зерттеу әдістерінің классификациясы аса күрделі мәселе болғанның өзінде де, дәстүрлі түрде оларды үш топқа: жалпы ғылыми, интерғылыми және жеке ғылыми әдістерге бөлу қабылданған. Жалпы ғылыми әдістер барлық ғылым салаларына тән және оларды біріктіретін зерттеу объектісінде пайдаланылатын логикалық әдістерді, яғни: бақылау мен тәжірибе, анализ бен синтез, жорамал мен гипотеза, индукция мен дедукция, аналогия, классификация мен систематизация, генетикалық әдіс, т.б. біріктіреді. Интерғылыми әдістерге – экстрополяция, интерполяция, модельдеу, ретроспекция, эксперттік бағалау, т.б. жатады. Жеке ғылыми әдістердің көптеген ғылыми топтары бар.
Жалпы ғылыми әдістер ішінде төмендегілерді бөліп көрсетуге болады:
— анализ – жан-жақты зерттеу мақсатында бүтін бір затты құрамдас бөліктерге (жақтарына, белгілеріне, қасиеттеріне және т.б) бөлу;
— синтез – заттың құрамдас бөліктерін біртұтас затқа біріктіру;
— абстракциялау — зерттеліп отырған құбылыстың қажетті емес қасиеттері мен қарым-қатынастарынан зерттеуге керек қасиеттері мен қарым-қатынастарын бөліп алу;
— жалпылау – объектілердің жалпы белгілері мен қасиеттерін анықтауға мүмкіндік беретін ойлау әдісі;
— индукция – жеке қорытулар негізінде жалпы тұжырым жасауға мүмкіндік беретін зертеу мен талқылау әдісі;
— дедукция – жалпы тұжырымнан жеке тұжырым жасауға мүмкіндік беретін талқылау әдісі;
— аналогия – объектілердің бірдей белгілерінің ұқсастығы негізінде олардың ұқсастығы туралы айтуға үмкіндік беретін таным әдісі, басқаша айтқанда, аналогия — ғылымның бір саласындағы қатынастардың, оның екінші саласына транспозициялануы, мысалға: тарихи аналогия, кеңістіктік аналогия және т.б
— классификация – зерттелетін пәннің зерттеушіге қажетті маңызды белгілері бойынша түрлі топтарға бөлу (әсіресе, биология, геология, география, кристаллогрфия, т.б. ғылымдардың түрлі бөлімдері).
Зерттеу процесі барысында төмендегідей интерғылыми әдістер қолданылады:
• экстрополяция – ойдың дамуы немесе белгілі бір тарихи кезеңдегі тенденциялардың ашылуы, яғни жасалған заңдар мен тұжырымдардың бақылау аймағынан басқа аймаққа ауысуы;
• интерполяция – құбылыстардың динамикалық қатарында көрінбейтін, бірақ осы қатар мүшелерінің арақатынасын ашу негізінде параметрлерді, функцияларды, көрсеткіштерді табу;
• модельдеу – шынайы түрде бар процестер мен құбылыстардың логикалық, информациялық және графикалық құрылымын жасау, яғни объектілерді жеңілдетілген түрінде бейнелеу; модельдеу – түпнұсқаның зерттеушіні қызықтыратын қажетті жақтарының дәлме – дәл көшірмесін түсіру арқылы зерттеу;
• ретроспекция – объектінің жүйелі түрдегі сипаттамасын алу үшін зерттеу объектісінің тарихи дамуын зерттеу, яғни оның әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі дамуының динамикалық қатарын зерттеу;
• эксперттік бағалау – эксперттің немесе эксперттердің тұжырымдары мен ойлары;
Күрделі құрылымды объектілерге анализ жасау үшін төмендегі әдістерді қолданады:
— декомпозиция – үлкен жалпы бір мақсатты бірнеше топтарға бөлу;
— селекция – зерттелуге келетін варианттарды іріктеп алып, маңызы жоқ фактілерді алып тастау;
— агрегирование – жекелеген сипаттамаларды жалпы сипаттамаға біріктіру.
Егер объектінің құрылымы жүйесіз болса, оны талдау үшін дезагрегациялау, яғни жалпылаушы сипаттамаларды жеке сипаттамаларға жекелендіреді.
Жоғарыда айтылып өткен әдістердің немесе тәсілдің ешқайсысы да, дара түрде зерттеудің негізіділігін, дәлділігі мен дәйектілігін қажетті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті зерттеуде жоғары нәтижеге жету үшін олардың бірнеше түрінің жиынтығын пайдалану ғана тиімді бола алады.
Зерттеу құралдарына түрлі процедуралар, әдістер, тәсілдер, методикалар, жүйелер мен методологиялар кіреді. Бұл түсініктер төмендегі логикалық қатарды құрайды. Әдіс — зерттеу барысында белгілі бір қорытынды алуға бағытталған, бір немесе бірнеше метематикалық, немесе логикалық операциялардың теорияға немесе практикаға негізделген түрі. Процедура – белгілі бір операциялар жиынтығының орындалуын қамтамасыз ететін іс-әрекеттердің жиынтығы. Тәсіл – күрделі әдіс болып табылады, ол зерттеу барысындағы бірнеше нысаналы әдістердің жиынтығы. Методика – бір немесе бірнеше әдістер жиынтығына негізделген зерттеу жолдары, немесе олардың жиынтығына негізделген әдістер. Методология — зерттеу әдістері, жүйелері мен методтары жөніндегі білімнің жиынтығы. Жүйе – күрделі құбылыстар мен процестерді зерттеу үшін қажетті техникалық құралдар мен методикалардың жиынтығы.
Ғылыми революцияларды талдау үшін, ғылымға парадигма түсінігін енгізген америкалық ғалым Томас Кун (1922-1996 ж.) олардың ерекшелігін – бұрынғы парадигманың жаңа парадигмаға ауысуы, яғни зерттеліп отырған процестердің жаңа, терең және күрделі түріне ауысуын көрсетіп кеткен. Оның пікірі бойынша ғылымның дамуын екі кезеңге бөлуге болады:
— қалыпты кезең, бұл кезде ғалымдар парадигманы жеке, арнаулы сипаттағы мәселелерді шешуге пайдаланған;
-экстраординарлық кезең — жаңа парадигманы іздеу кезеңі.
Осындай қөзқараста жаңа парадигманың бұрынғы зерттеулермен ешқандай байланысы жоқ бола тұрып, оның өзінің пайда болуы түсініксіз болатыны сөзсіз. Шын мәнінде, парадигмаға қарама-қарсы аномалиялық фактілер мысалдарынан – анализ, бағалау сияқты процестердің ғылымның кәдімгі даму кезеңінде-ақ пайда болып жатқандығын байқауға болады.
Қазіргі таңда білім берудің әлеуметтік құрылымы маңызды элементтердің біріне айналып отыр. Білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру. Қазіргі кезеңде білім беру жүйелерінде қайта құру жүріп жатыр, білім беру жүйелерінің жаңа ұлттық моделі құрылуда.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгілерінің бірі – мектептерде жалпы білім беретін пәндер бойынша берілетін білімді қайта жаңарту болып табылады. Міне, осындай маңызды мәселелерді шешуде жас ұрпақты сапалы да саналы ой еңбегіне тәрбиелеуде ғылыми танымдық әдістердің алатын орны ерекше. Білім беру жүйесінің қайта жаңартылуы баланың шығармашылық дарындылығын тануға және болжам жасауға жаңа көзқарасты талап етуде. Дарынды балаларды тану – нақтылы бір баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ үдеріс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы сынақтан өткізу). Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет.
Дарындылықтың табиғаты шексіз. Осы дарындылық пен шығармашылықты дамытудың түрлі жолдарының ішінде баланың өзіндік зерттеу тәжірибесі ең тиімді болып есептеледі. Зерттеушілік, ізденушілік – бала табиғатына тән құбылыс. Білуге деген құштарлық, бақылауға тырысушылық тәжірибеден өткізуге дайын тұру, әлем туралы жаңа мәлімет жинауға талпынушылық қасиеттер балаға тән дәстүрлі мінез.
Педагогикалық үдерісте балалардың дарынын ашуда оқушы мен мұғалімнің ынтымақтастығы қажет. Зерттеу білігі мен дағдысы тек ғылыммен айналысатын адамға ғана емес, сондай — ақ әр адамның түрлі саладағы қызметіне қажет. Оқушының өзіндік зерттеу әрекеті оның өзіндік талабын қанағаттандыруға ықпал етеді. Оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйде емес, өзі ашады.
Психологтар «зерттеу тәртібін» тұлғаның дамуы мен өзін — өзі дамытуда маңызды деп көрсетеді. Шынында да ізденушілік белсенділігі төмендеген сайын адам қолынан еш нәрсе келмейтін сияқты үрей туғызатын жағдайға тап болуы мүмкін. Сөйтіп, білімге деген ынтасы басылып, нәтижесінде өзінің қабілетін, мүмкіндігін әлдеқайда төмендетіп алуы ғажап емес.
Зерттеу ісі қазіргі кезде ғылыми қызметкерлердің белгілі топтарына ғана тән емес, сондай — ақ бүгінгі заман адамының өмір сүру тәсіліне енген, кәсіби шеберлігін танытуда өзіндік көзқарасына сәйкес қызмет болып табылады. Бұл пікірді Абайдың жетінші қара сөзіндегі «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Екіншісі – көрсем, білсем деп, ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, «ол неге өйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді», — деген ой — тұжырымы растайды. Биік танымдық қабілет, тұрмыс — тіршіліктің сырын ұғуға талпыныс баланың ерте жасынан туындайды екен. Сондықтан оқушыны ізденушілікке баулу бастауыш сыныптан басталуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені бастауыш сынып оқушысының түрлі сөздіктер мен қызықты әдебиеттерді іздеп табуға, оқып танысуға деген құштарлығын арттырады. Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеті болып саналады. Ал осы бағытта пәндерді оқытуда ғылыми танымдық әдістерді қолдана отырып, білім берудің маңызын ескерген жөн. Алаш қайраткері, жазушы, ғалым Жүсіпбек Аймауытовтың: «Ғылым білімге қонады, ғылымсыз білім тым құрғақ» деп айтқанындай, ғылымды меңгерген шәкірт әлемдік бәсекеге қабілетті білім иесі болып шығатынына күмән жоқ.

Арман ОРЫНБЕКОВ,
№90 дарынды балаларға
арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы директоры.
Шымкент қаласы.