Ардагерлерлеріміздің абыройын асқақтатып қайттық

Апта басы айта жүрер жаңалықпен басталды. «Алдыңғы толқын аға буын ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды» деген тәмсілді кейінгі жас буын құлағына сіңіріп өсіп келеді. Өйткені арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, соңғы дөңгелек солай жүретіні заңдылық. аӘрбір оңды игі істер кейінгі өскелең ұрпаққа айта жүрерліктей ұлық өнеге.

Біз сөз еткелі отырған шараның басты себебі, ел ағалары қатарында аудандық ардагерлер кеңесі деген сергек ұйымның берекелі тірлігі. «Береке басы-бірлікте, бірлік басы- ынтымақты тірлікте» демекші аудандық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен сонау Түлкібастың төрінде, өрелі таудың бөктерінде орналасқан «Таң нұры» деген тамаша шипажайда демалып жатқан ауданымыздың ақсақалдары мен ақ жаулықта аналарының жай-күйін біліп қайту мақсатында кеңес төрағасы Қабыл Еспенбетовің жол бастауымен шипажайға барып қайттық. Ардагерлер ұйымының төрағасы жанына аудандық газеттен мені, аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінен көптеген байқаулардың жеңімпаздары, күміс көмей әншілер Мархабат Бейсенова мен дәстүрлі әнші Талғат Жайылханды ертіп ардагерлердің көңілін сергітіп қайтпақ ниетте екен. Бізді «Таң нұры» шипажайының директоры, талай жылдар мемлекетік қызметтерде істеген Қалмұрзаев Нұржігіт, шипажайдың бас дәрігері Садық Мақсұтұлы ағаларымыз және бір топ шипажай қызметкерлері қарсы алды. Сол тамаша басқосуда карантин режимін сақтай отырып, аз да болса саз дегендей облыстың түкпір-түкпірінен келген шағын демалушылардың қатысуымен кеңес төрағасы бірқтатар шипажай қызметкерлерін аудандық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен марапаттады. Оған себеп осының алдында барып демалып, ем алып қайтқан ардагерлердің шипажай қызметкерлеріне деген ыстық ықыласынан туындаған болса керек. Сондай-ақ ауданымыздың ақын ардагері, айына бір рет шығатын республикалық «Тұлға» журналының тілшісі Төлеген Кәрібеков ағамыз өзі қызмет ететін журналдың бір санын осы шипажай қызметкерлеріне арнаған екен. Ол да болса Созақ ауданы деген атымызға үлкен сеп болды. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» дегендей демалушыларының артынан арнайы іздеуші болып ардагерлер кеңесінің төрағасы, білдей ақын азамат қолдау жасап арнайы барып жатқанына аудан ардагерлері өзге аудан ардагерлері алдында бір марқайып қалды. Демалушылар Тұрсынбаев Ақайша, Жұманазаров Ахмет, Абдраманов Рысбай, Рысбай Бекберген, Бақтыбайұлы Тұрсын, Ердәулетова Тұрсынкүл, Тұрдықұлов Әбсаттар аға-апаларымыз кезегімен сөз алып аудан басшылығына, аудандық ардагерлер кеңесіне ақ баталары мен ақжарма тілектерін себелеп жатты.
-«Өсетін елдің баласы бірін бірі батыр» дейді демекші расында осы уақытқа дейін облыс өңірінің аудан-қалаларынан бірде бір аудан өкілдері дәл сіздердей демалушы ардагерлерінің артынан келмеп еді, біз сіздердің, аудан халқының ынтымағы мен пейілдердеріне риза болып отырмыз,-деді шын ыстық ықыласын білдірген шипайжай басшысы Нұржігіт Нұрпейісұлы.
«Тұлға» журналы атынан ақын Төлеген Кәрібеков шипажайдың бір топ қызметкерлері Мақсұтұлы Садық, Битанова Назипа, Сандыбаева Гүлайым, Бекпенбетова Айнұр, Досалиева Жадыра есімді мейірімді жандарға арнайы төсбелгіні тағып, алғыс хатын тапсырып абыройлы азаматтарымыз бен қызғалдақтай құлпырған қыздарымыздың мерейін бір асырып тастады. Ауданымыздың күміс көмей әншілері Мархабат пен Талғат Созақтың әнұранына айналған «Теріскей» әнін шырқағанда айнала тау іші жаңғырып, бейне бір Созақ ауданы Түлкібастың төріне қонақтармен бірге көшіп келгендей әсер қалдырды.
Біз жоғарыда айтқанымыздай еліміздегі дүрбелең жағдайға байланысты карантин жүйесінің ережесін сақтай отырып, уақытты барынша үнемді пайдалануға тырыстық. Әрі бірер секундқа бетпердемізді шешіп фотоаппарат обьективіне қарасып, естелік суретке түсіп алуды да қалт жібермедік. Сонымен киелі Түлкібас жеріне барған өнегелі шарамызды аяқтап, жерлестерімізге жақсы демалып, ем алып қайтыңыздар деген игі тілегімізді білдіре отырып қимай қоштасып кері қайттық.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,
Қазақстан журналистер
одағының мүшесі.