ОТБАСЫ – ҰЛАҒАТ ҰЯСЫ

Шарапат ҚҰРМАНБЕКОВА,
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы:

 

Қазіргі пандемия жағдайында қалыпты өмірдің күрт өзгеруі талай жұртты тығырыққа тіреді. Індеттің шырмауына түспес үшін уақытша карантин құрсауында болуды үреймен қабылдаған азаматтар көп болды. Міне сол кезде өмірдің ащы-тұщысын көп көрген, шаңырақтың ұйытқысы, тұтас әулеттің шамшырағы саналатын ақ әжелердің ақыл- кеңесі тағатсызданған талай жұртты сабырға шақырып, олардың жақсылыққа сеніп, алдағы күннен игілік күтуіне себепкер бола білді. Тұтас әулеттің шамшырағы саналатын олар бірлікті ту етіп, ынтымағымызды ыдыратпасақ әлемді бір уыс тарының қауызына сыйдырған коронавирус дерті тартқызған бұл сынақтан да өтер күн туатынын құрғақ сөзбен емес, игі шаралар арқылы келелі оймен жеткізе алды. Оларды оқырманға таныстыру үшін біз Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы, Еңбек ардагері, Отырар ауданының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері медальінің иегері Шарапат Құрманбековамен тілдескен едік.

– Шарапат Қожахметқызы отбасы құндылығын насихаттай отырып, қыздар, келіндер тәрбиесімен айналысу, ұрпақ тәрбиесі бағытындағы жұмыстарыңыз пандемия жағдайында қалай өткізілді?
– Санасы айқын әрбір адам басына түскен істен қандай да бір сабақ алады. Биыл болып жатқан пандемия кезінде көп адам жанында жүрген жақын адамдарымен көбірек уақыт өткізу арқылы, жанұядан асқан жылы ұя жоқ екенін ерекше түсінді деп ойлаймын. Пандемияға орай елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде біздің отбасының үлкені де, кішісі де үйде болды. Сыртқа шығудан шыны керек қорықтық. Әу баста-ақ қорғанбасаң оның кеулеп кететін кесел екеніне отбасымызбен сендік. Сөйтіп уақытымызды тиімді өткізу үшін ескі фотосуреттер жинақталған альбомды ашып, балаларыма ата-бабаларын тағы бір таныстырып, олардың жүріп өткен жолдары туралы әңгіме тиегін ағыттым. Сонымен қатар балаларымның балалық кездегі суреттерін көріп, өткен өміріндегі қызықты сәттерін есіме түсірдім. Тек қызықты сәттерді емес тарих қойнауында енген талай оқиғаларды айту арқылы, бұл сәттердің де артта қалатынына кәміл сендік. Одан соң отбасымызбен бірге жұмбақ жасыру, мақал-мәтелдер айтудан жарысып уақытты тиімді өткіздік. Қазақтың атақты билері, хандары туралы білетін әңгімелерімізді ортаға тастап, бір-бірімізді толықтырдық.
Сыртқа шықпасақ та алқаға мүше барлық әжелермен телефон арқылы тілдесіп, балаларымыздың амандығын сұрасып, немерелеріміздің қылықтарын айтып арқа-жарқа боламыз ғой. Сондай бір әңгімелесулерде мен уақытымды қалай өткізіп жатқаныммен бөлістім. Олар қолдап, үлгі болатын дүние екен деп туған-туыстарын, көрші-көлемін өз отбасында осындай «байқаулар» өткізуге шақырды. Әңгіменің әлқиссасында осы ойды бөліскенім дұрыс болар деп ойлаймын.
Ал биыл біз Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ерлік мұражайының қызметкерлерімен бірге «Батырлық пен ерлік киелі өлке өнегесі» атты онлайн түрде шара өткіздік. Батырлар рухына тағзым ете отырып, олардың ерліктерін жас ұрпаққа жақын таныстыру мақсатында өткізілген шара екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде отбасынындағы әжесінің немесе атаның өз немерелеріне Ұлы Отан соғысы туралы естелік әңгімелер немесе өлеңдер, әндер айтып беріп жатқаны туралы бейнелер сараланды. Екінші кезеңде ата мен әже айтып берген сол сұрапыл соғыс туралы немерелері эссе жазып жолдады. Оған барлығы он отбасы қатысты. Олардың жолдаған материалдарының барлығы әсерлі шықты. Мұндағы мақсат ата-бабамыздың ерліктерін жас ұрпақ санасына сіңдіру арқылы бүгінгі қиын сәтті де еңсеретін күн туатынына сендіру болды.
Әжелер алқасын құрудағы басты мақсат – қоғамды жақсы істерге, ынтымаққа ұйыстыру. Бұл мақсатта өзімізде қарап отырмай, қолымыздан келген барлық игілікті жасауда тартынып жатқан жоқпыз. Мәселен, елімізда төтенше жағдай жарияланған кезде дәріханалардан дәрі былай тұрсын бетперде таба алмай сандалған жұртты көрдік. Бұған құр қарап отыра алмаған Қаратау аудандық «Әжелер алқасының» төрайымы Қыздығой Жалмырзақызы, келіндерімен бірге дәкеден бетперде тігуге кірісіп кетті. Сөйтіп оны өзінің ауылындағы азаматтарға, мектептерге тегін үлестірді. Мақтаралды су басқан кезде де әжелеріміз қолынан келгенше сол аудандағы аналарды жылы сөзбен жұбатып, шама-шарқынша қажетті заттар жіберіп қол ұшын созып, қайырымдылықтарын танытты.
Абай ауданына қарасты «Асыл әжелер» тобы салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында да келелі шаралар өткізді. Одан бөлек, Қаратау ауданынан құрылған «Достық» әжелер тобы қаламыздағы келесі бір әскери гарнизонда «Әже дәмі» атты шара ұйымдастырды. Соның аясында ондағы сарбаздарға арнап өз қолымен жасалған дәм-тағамдардан дастархан жайды. Мұндағы мақсат Отан алдындағы борышын өтеу үшін ата-анасынан жырақта жүрген, ыстық ұясын сағынып жүрген сарбаздарға құдды бір өз үйінде отырғандай ауан қалыптастырып, мейірімге бөлеу. Мейірімге қанып жүрген баланың көңілі аласармай, жайнап, жадырап жүруі олардың өз міндеттерін биік деңгейде өткізуіне сеп болары сөзсіз.
Жалпы біз жыл басынан бері 17 іс-шара өткіздік. Оның ішінде Ш. Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған шаралар да болды.

– Шымкентте былтырмен салыстырғанда ажырасу саны айтарлықтай азайған. Сіз мұндай көзайым жаңалықты немен байланыстырасыз? Отбасын құрудағы жауапкершілікті сезіне білетін жастардың көбейгенімен бе әлде отбасы құндылықтарын насихаттаудағы жұмыстардың нәтижесімен бе?
– Бұл ақпаратты Сізден біліп отырмын. Өте қуаныштымын. Шынын айтқанда ажырасу деген сөзді естігім де келмейді. Бірақ біз қаласақ та, қаламасақ та өмір болған соң ондай жағдайлар болып тұратыны өкінішті. Ажырасу көрсеткішінің мейлінше азаюын нақты мына жағдай деп кесіп-пішуге болмайды. Оған әртүрлі факторлар әсер етеді. Мәселен, өзіміз отбасылық өмірі аяқталуға таяу тұрған біраз ерлі зайыптыны райынан қайтардық. Қазақтың салт-дәстүрі тәрбиенің қайнар көзі ғой. Егер әрбір адам ата-бабадан мирас болып келе жатқан құндылығымыз салт-дәстүрімізді берік ұстаса, оның тәрбиелік мәніне терең үңілсе, жолынан жаңылыспас еді деп білемін. Әсіресе, отбасын құруда, оны сақтауда. Отбасын құрған ерлі-зайыптының ажырасуының зардабын балалар тартады. Кейбір балалар ата-анасының ажырасуынан өзін тұрғыластарынан кем тұта бастайды. Мұның соңы баланы күйзеліске душар етеді. Ары қарайғы оның көңіл-күйі туралы айтудың өзі қорқынышты. Сондықтан да жұбайлық байланысты үзбеудің жолын тапқан абзал.

– Екі жас көтерген шаңырақ шайқалмас үшін әрбір әйел қандай қасиетті бойтұмар етуі керек?
– Жарасымды жанұя құруда аналардың, әжелердің орны зор. Жалпы қыз балалар тұрмыс құрмас алдын қазақтың салт-дәстүрімен сусындалуы керек деп білемін. Оған әбден қанық болса тіптен жақсы. Енелер де білуі тиіс. Ол жерде ененің міндеті де, келіннің қызметі қандай болуы керектігі жазылған. Міне сол үрдіс бұзылмаса шаңырақ шайқалмайды деп білемін. Енелер барынша ұқыпты болуы тиіс деп санаймын.
Қазіргі жастар үйленген кезде опыр-топыр дүниенің затын алып барудың өзі екі тарапты әжептеуір әңгімеге алып барады. Кейбір енелер, «пәленшенің үйіне түскен келіннің жасауы керемет екен. Ондай бұйымдарды саған әкелмеген» деп келінінің титығына тиіп, тиісіп отырады. Үлкен даудың басы осындайдан басталады. Шынтуайтында ол дүниелердің ғұмыры ары кетсе 2-3 жылды құрайтынын біле бермейді. Яғни, зат болған соң, киім болған соң тозады, сынады, бұзылады ғой. Сол үшін де енелер бақыт құшағында өмір сүріп жатқан отбасының шырқын бұзбас үшін оралымсыз сөздерден барынша ада болып, өзін биік ұстауы керек деп ойлаймын.

– «Ашушаң, эмоциясын игере алмайтын баланы тәрбиелемес бұрын, оның ата-анасына ем-шара жүргізу керек» деген ұстаным бар. Шынымен де ұрпақ ата-анадан алған тәрбиені ұстын етеді. Ендеше қазіргі ата-ана қандай болуы керек?
– Бұл ғажап ұстаным. Ата-ана болатын ұл мен қызды тәрбиелейтін де ата-ана. Кез келген бала ата-анасының оған ең жақын жанашыры, көзінің ағы мен қарасы екенін әрдайым білуі, сезуі керек. Бұл оңай дүние емес. Бала өзін ата- анасының көз қуанышы екенін ұмытпауы, жылдар бойғы түсіністіктің, қамқорлықтың, мейірімділіктің, сыйластықтың, құрметтің арқасында көкейге қонатын қымбат сенім. Және бала сол сенімді ақтай білу қажет екенін түсіне алуы қажет.

– Жас отбасыларға қандай кеңес айтасыз?
– Үй болғаннан кейін үйдей проблемалар болады. Отау құрған жастарымыз бір-біріне жол беруі керек. Қай заманда болмасын ер азаматтар пір деп аталған. «Үйдің егесі» деп оның мерейін үстем етіп көрсеткен. Баспанаға қол жеткізіп, үйлі болып жатса да мүлік отағасының атына жазылған. Қазір де сондай. Ал қыз бала өзінің орнын, өзінің алған тәрбиесін көрсетуі керек. Қазақ халқы «қызға қырық үйден» тыйым деп, оның неден бойын аулақ ұстауын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берген. Міне сондағы тәмсілді бойына сіңірген қыз бала ертеңгі күні кердеңдеген келін деген атқа қалмайтынына бек сеніңіз. Ал ұл балаларымыздың да өзіне тән жауапкершіліктерін жастайынан құлағына құйып өссе, ол құрған отбасының іргесі сөгіле қоймайды.

Дайындаған:
С. НҰРАЙ.