БАЛАЛАРҒА АМБУЛАТОРИЯЛЫҚ-ЕМХАНАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЕМ КӨРСЕТУДІҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Пандемия кезеңінде балаларға амбулаториялық-емханалық деңгейінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру ісі қалай жүзеге асырылады? Бұл сұраққа Шымкент қалалық №5 емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Гүлжанат Ереджепова төмендегіше жауап береді.
– Пандемия кезінде балаларға амбулаториялық-емханалық деңгейінде медициналық көмекті ұйымдастыру ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне және ҚР клиникалық хаттамаларына сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ, еліміздің Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес әрбір медициналық санитарлық алғашқы көмек көрсету кезінде эпидемияға қарсы режим сақталуына баса назар аударылады. Яғни, Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша қазіргі пандемия кезеңінде әрбір медициналық ұйымдар таза аймақ және лас аймақ болып екіге бөлінген. Соған сәйкес бойында коронавирус ауруы мен ЖРВИ-ге тән белгілер бар балаларды қабылдау лас аймақта жүзеге асырылады.
Ал профилактикалық екпе салдыруға келгендерге тиісті медициналық қызмет таза аймақта көрсетіледі. Қабылдау кезінде әрбір медициналық қызметкер санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұқпалы аурудан қорғанудың тиісті ережелерін бұлжытпай орындайды. Тиісінше балалармен келген ата-аналар да фильтрден өткізіледі. Соған сәйкес оның жағдайына сұрыптау жүргізіледі.
Балаларға амбулаториялық емхана деңгейінде медициналық көмек көрсету кезінде жас өскіннің бойынан коронавирус немесе ЖРВИ-ге тән белгілер бар болса, ол едел-жедел түрде оқшаулануға жатқызылады. Сосын оны дәрігер мұқият тексерістен өткізеді. Тексеру кезінде бала бойында коронавирусты жоққа шығармайтын белгілер бар болса амбулаториялық немесе стационарлық ем тағайындалады.
Әдетте коронавирустың жеңіл түріне шалдыққан балаларға амбулаториялық ем тағайындалады. Ал ахуалы стационарлық емге мұқтаж болса жедел жәрдем қызметінің көмегімен бала ауруханаға жатқызылады.
Бүгінде амбулаториялық емхана деңгейінде медициналық көмек алу үшін емханада қабылдау «Даму Мед» қосымшасы арқылы алдын ала жазылу арқылы жүргізілетінін баса айтқым келеді. Мұны әрбір ата-ана жақсы біледі деп сенемін. Алдын ала жазылу артық сабылуды алдын алып, балаңызды да өзіңізді де әуре-сарсаңға салмайтынын ұмытпаған абзал.
Пандемия кезінде балаларға үй жағдайында медициналық көмек көрсету учаскелік дәрігер, мейіргер немесе емханалар жанынан құрылған мобильді топ арқылы іске асырылады.
Мобилді топ балаларда ЖРВИ-ге тән симптомдар пайда болған жағдайда үйіне барып жағдайын бақылайды. Сол кезде баланың бетін бері қарату үшін не істеу керектігі, қандай ем-шаралар жасау қажеттігі жазылған жадынаманы ата-анаға қалдырады. Сонымен қатар, балаға қалай күтім жасау керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін де ата-аналарымен хабарласып, баланың дене қызуы, жалпы жағдайы туралы мобильді байланыста болады.
Егер баланың жағдайы алаңдатарлық күйде болса, яғни дене қызуы түспей, жөтелі асқынып, әлсіздік, бас ауыруы сынды коронавирусқа тән сипмтомар байқалса, оған зерттеу жұмыстары жүргізіледі. ПТР талдау жасалып, тиісті ем-домдар жасалады.
Егер диспансерлік есепте тұратын балаларда коронавируске тән белгілер байқалса жеке мамандарға хабарласып, стационарға жатқызуға әрекет жасаймыз. Себебі созылмалы ауруы бар балаларда коронавирус ауыр жүреді.
Жалпы пандемия кезінде профилактикалық екпе жұмыстары тоқтамайды. Профилактикалық екпе жұмыстары ҚР ДСМ-нің 2018 жылғы №361 бұйрығы бойынша тиісті санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтай отырып, жүргізіледі. Профилактикалық екпе жұмыстары жоспарланған түрде жүзеге асады. Екпеден өткен балалар дәрігер бақылауында болады. Бүгінде барлық емханаларда екпе салу жұмыстары балаларды коронавирустен қорғау мақсатында қатаң түрде белгіленген күндер бойынша бір уақытта жүргізіледі. Біздің емханада (№5 емхана) сейсенбі, бейсенбі күндері жүргізіледі.
Пандемия кезеңінде коронавирусты өзіңізге және балаларыңызға жұқтырмау өз қолыңызда. Ол үшін алдын алу шараларын ұстансаңыз жеткілікті. Балаларыңызға жеке гигиенасын сақтауды, қол жуу техникасын түсіндіріп, жөтелгенде, түшкіргенде майлық, бір реттік қағаз сүлгілерді қолдануды үйретіңіз. Сонымен қатар оларды ересек адамдар көп шоғырланатын жерлерден барынша алшақ ұстаңыз.
Жазып алған: С. НҰРАЙ.