3,4 МЫҢ ЖҰМЫСШЫ ТЕР ТӨГІП ТАПҚАН ТЕҢГЕСІН АЛА АЛМАЙ ЖҮР
Еліміз бойынша жұмыс берушілердің жұмысшыларға берешегі 1 миллиард теңгеге жетіп, ұзын ырғасы 3,4 мың жұмысшының табан ет, маңдай терінің өтеуі төленбей отыр. Өкініштісі бұл тиісті мекемелерге жазылған арыз-шағымдарды саралау кезінде шығарылған цифр. Түптің түбінде жалақысын ала алмай шақшадай басы шарадай болып жүрген жұмысшылар саны одан да көп болуы әбден мүмкін.
Осы аптада Сенат депутаты Андрей Лукин осындай мәселе көтерді.
Жұмысшыларға қарыздардың көлемі жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Бүгінде алып мегаполистегі жұмыс берушілердің еңбеккерлерге қарыз қаржысы 125,8 миллион теңгеге жеткен. Ал Алматы облысындағы кәсіпорындардың жұмысшыларға төлеуі тиіс берешегі 118,6 млн. теңге жетсе, Батыс Қазақстан облысында 109,3, Шығыс Қазақстан облысы 105,9 млн. теңгені құрап отыр.
Бұл жәйтті сенатор көтергенмен мәселе өз шешімін табу, таппауы неғайбыл. Себебі, өтелмеген ақыны талдау кезінде келесідей мәселелер анықталған. Атап айтқанда, жұмысшыларға барлығы 536,3 миллион теңге қарыз болып тұрған 50 кәсіпорынның жұмысы дәл қазіргі таңда тұралап тұр. Олардың тамырына қан жүгіреді деп айту да қиын. Себебі, олардың 42-сі банкротқа ұшыраған. Бұдан бөлек, 16 кәсіпорын 115,4 млн. теңгені төлей алмайтындары айдан анық болып тұр. Мекемеде қарызды жабатын мүлік те жоқ. Жұмысшыларға 455,62 миллион теңгенің жалақысын төлеп беруі тиіс 34 кәсіпорында сот даулары созылып кеткен.
Депутат алдағы уақытта мұндай оралымсыздықтар болмас үшін тиісті мониторинг жұмыстарын жүргізіп, әрбір кәсіпорын бойынша «әлеуметтік тұрақтылық индексін» және проблеманы шешу жолдарын анықтап алуды ұсынды. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың ішінде қала құраушы және ірі кәсіпорындарға баса назар аудару қажеттігін айтты. Себебі ол жердегі жағдай аймақтың саяси-қоғамдық ахуалына әсер ететінін жеткізді.
Сенаттың жалпы отырысындағы жиында Андрей Лукин карантиндік шектеулерге байланысты жұмысшыларын жұмыстан босататын кәсіпорындарды алдын ала анықтап, ол жерде еңбеккерлердің жұмыс орындарын сақтауға арналған жаңа меморандумдарды рәсімдеу керектігін атап өтті. Ал жұмыссыз қалған адамдарға «2020-2021 жылдарға арналған «2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жылдам жұмыс табуына жағдай жасаған жөн екенін ескертіп депутаттық сауал жолдады.
Биыл карантиндік шектеулерге байланысты 46 780 жұмысшы жартылай жұмыс күні, ақылы және ақысыз демалыс сияқты икемді жұмыс кестесіне ауыстырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл соңына дейін тағы 18,5 мың адам жұмыстан босатылатыны туралы болжам жасауы жығылғанға жұдырық болып отыр.
Қ. ҚАЛИЕВ.