КАВАСАКИ СИНДРОМЫНЫҢ БЕЛГІСІ ҚАНДАЙ?
Кеселді келтірмеудің жолы не?
Екпіні күшті коронавирус індетінің түрлі ауруларды қоздыратыны туралы ақпараттар аз айтылып жатқан жоқ. Соның бірі балалар арасында кездесетін Кавасаки синдромына ұқсас қабыну болып табылады. Коронавирустың кесірінен кейбір балалардың бойында Кавасаки синдромының байқалып жатқаны ата-аналарды алаңдатқызып отыр. Өз кезегінде олардың арасында індет тісін батырған барлық балалар Кавасакиге ұқсас синдромға шалдығады деп жаңсақ жорамал жасап жатқандары да бар. Ал әсілінде олай емес.
Жалпы Кавасаки синдромы COVID-19 вирусы етек жаймас алдын пайда болған өте сирек кездесетін кесел. Бұған дейін дерттің мұндай түріне елімізде жыл сайын екі-үш бала шалдыққан. Сирек кездесетін сырқат бес жасқа дейінгі балалардың бойында байқалған. Және ол жұқпалы емес ауру түріне жатқызылған. Бірақ ағымдағы жылдың мамыр айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ілуде бір кездесетін бұл синдром коронавирус індетімен қабаттасып көрінуі мүмкін екенін ескерткен болатын. Мамандардың бұл болжамы дәл келді. Соңғы кездері елімізде кейбір балаларда коронавируске шалдыққан кейінгі белгілі бір уақыт арасында Кавасаки синдромына ұқсас қабынулар анықталып жатыр. Ауру асқыну дәрежесінде болмаса да, кеселге қатысты деректер көп кездесуде. Оның ақ-қарасын ажырату үшін мамандардың кеңесіне назар салған абзал.
Шымкенттегі ОҚМА Интернатура және бітірушілерді жұмысқа орналастыру бөлімінің деканы, жоғары санатты педиатр дәрігер Кемельбеков Канатжан Сауханбекұлы Кавасаки синдромына қатысты көпті толғандырған сұрақтарға төмендегідей жауап береді. Назар салыңыз.
– Коронавирус дертінің балаларға да тісін батыруы кездесіп жатқаны белгілі? Бұл туралы не айтасыз? Соңғы кездері балаларда Кавасаки синдромының анықталып жатқаны туралы деректер жоқ емес. Оның белгілері қандай?
– Коронавирус – пандемиялық вирустық инфекция. Ол адамның тыныс алу мүшелерін және жүрек қантамырлар жүйесін ауыр асқынулармен зақымдайтын өлім көрсеткіші жоғары болып келетін жедел респираторлық инфекциялық ауру. Бүгінде балалар арасында бұл індет өзекті мәселе болып отырғаны белгілі. Қазақстанда індет алғаш тіркелген 13-наурыздан бүгінге дейін (21-қазан) жұқпалы бұл кеселге 2,5 мыңнан астам бала шалдыққан. Өкінішке орай оның 110-нан астамы нәресте болып табылады. Әдетте, коронавирус балаларда ересектерге сәйкес белгілермен жүреді. Ауру белгілері дене қызуының жоғарылауы, тыныс алу мүшелерінің қабынуы, жүрек қантамырлар жүйесімен басқа да мүшелердің зақымдануын тудырады.
Жалпы балаларда кездесетін коронавирус инфекциясының ересектерде болатын ауру үдерісінен айырмашылығы індетпен екі жасқа дейінгі балаларға қарағанда ересек жастағы балалардың жиі ауыратындығы болып отыр. Қазіргі таңда осы індетпен ауырған кейбір балалар бойында ауру жұқтырғаннан кейін екі немесе үш аптадан соң Кавасаки синдромына ұқсас қабыну түріндегі өзгерістер тарап жатыр. Бірақ барлығында емес. Осы күнге дейін балалар арасында сирек кездесетін синдром белгілері байқалған 41 жағдай тіркелген.
Кавасаки синдромы – адам немесе бала ағзасының иммундық жүйесінің туа біткен немесе тұқым қуалаушылық жолмен өзгеріске ұшырауына байланысты орташа және кіші калибрлі қантамырларының жүйелі зақымдануымен жүретін мультижүйелік қабыну ауруы болып табылады.
– Кавасаки синдромының клиникалық белгілері қандай?
– Ең алдымен дене қызуының 38,5 немесе одан да жоғары болуы. Өзге аурулардан айырмашылығы қызуды түсіретін препараттарды қабылдағанына қарамастан, дене қызуының түспеуі болып табылады. Дене қызуының көтерілуі төрт тәулік немесе одан да көп уақытқа жалғаса түседі. Синдромға тән тағы бір белгі қызу көтерілгеннен кейінгі екінші тәуліктен бастап бала денесінде бөртпелердің пайда болуы. Және олар уақыт өткен сайын дененің өзге де аймақтарына тарала бастауы. Үшінші, төртінші тәулікте бұл белгілермен қоса-қабат бала ағзасында орта және кіші калибрлі қантамырлардың зақымдануына байланысты мойын аймағындағы линфатүйінділер ұлғаяды. Сонымен қатар бүлдіршіннің аяқ-қолдары ісінеді. Тамақ, тіл, ауыз қуыстары қызарады. Кейбір жағдайда баланың іші ауырып, диареялық белгілер қосылуы әбден мүмкін.
Айтқан жерден аулақ, егер ата-ана бала бойында осындай белгілер байқаған жағдайда учаскелік педиатр дәрігерге шұғыл хабарласып, тиісті ем-дом алуға асығуы тиіс. Бір айта кететін жәйт Кавасаки синдромы жұқпалы емес. Және оны емдеуге болады. Өз бетінше ем қабылдауға болмайды. Өз бетінше ем-шара жүргізу уақыт жоғалтып, ауруды асқындыртатынын ұмытпайық.
– Ата-аналардың кезекші сыныптарда оқитын балаларының көшеде немесе қоғамдық көліктерде ауру жұқтырып алады деп алаңдауына негіз бар ма?
– Жалпы коронавирус індетіне шалдығуға ересек жастағы балалар бейім болады. Ал ерте жастағы балаларда ауру жұқтыру көрсеткіші өте сирек кездеседі. Мұның себебі бала ағзасының анатомиялық физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты болып келеді. Жас өскін ағзасының жоғарғы тыныс алу жолдары мен төменгі тыныс алу жолдарында вирус келіп түскенде қабылдайтын арнайы рецепторлық белок болады. Ерте жастағы балаларда аталған белок әлі жетілмеген болады. Сондықтан да вирус жоғарғы тыныс алу жолдарымен шектеледі.
Қазақстандағы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде коронавирус тырнағына іліккен балалардың 80 пайызы дерттің жеңіл және сипмтомсыз түріне шалдығады. Тек 20 пайызында ғана індет ауыр жағдайда өтеді. Бұл балалардың өзінде көбінесе созылмалы аурулары бар, созылмалы аурулардың асқынулары немесе бірнеше аурулардың қосарланған жағдайларымен байланысты екені анықталған.
Сондықтан да мектептерде ашылған кезекші сыныптарда тиісті талаптардың барлығы жолға қойылатынын және жоғарыда жағдайларды алға тарта отырып балалардың ауру жұқтыру қаупі өте төмен болатынын баса айтқым келеді.
– Егер баланың денесінде қызыл дақ пайда болса, бұны Кавасаки синдромының белгісі деп қабылдау қажет пе?
– Өз балаңызға маманнан бұрын нақтама қоюға асықпаңыз. Кез келген бөртпені Кавасаки синдромының белгісі деп күдіктенуге болмайды. Егер баланың дене қызуы болмаса, ол бөртпе коронавирустан емделгеннен кейінгі уақыттан соң пайда болмаса бұл жағдайдан күдіктенбеген абзал. Ең әуелі сабыр сақтап, учаскелік педиатр қызметіне жүгініп, өзгерістің негізгі себебін анықтау қажет.
– Балаларды коронавирустан қорғаудың жолдарын бір қайтара айта өтсеңіз… Сирек кездесетін Кавасаки синдромына шалдықпаудың амалы қандай?
– Аурудан қорғанудың жолдары өте қарапайым. Ең әуелі кез келген жағдайда тазалықты қаперден шығармаған абзал. Бала үшін қолды жылы сумен жиі-жиі сабындап жууды қалыпты дағдыға айналдыру ата-анаға қойылатын ең басты шарт. Баламенен көпшілік шоғырланған жерлерге көп бармау аса маңызды. Бес жастан жоғары балаларға бетперде тағуды үйрету керек. Бетпердені екі сағаттан артық қолдануға болмайды. Себебі екі сағаттан соң медициналық масканың вирусқа тосқауыл болатын қауқары жойылады.
– Балалардың иммундық жүйесін көтеру үшін қалай тамақтандыру қажет?
– Жас өскіннің иммундық жүйесін көтеру үшін оның тамақтану реттілігіне баса көңіл бөлу керек. Балаларға күніне 4-5 реттік тамақтандыру ұсынылған. Қазір күз мезгілі. Барлық көкөніс, жеміс-жидек пісетін шақ. Осы кезде барлық көкөністер мен жеміс жидектердің құрамында бала ағзасына қажетті дәрумендер жетерлік. Сонымен қатар баланың дұрыс ұйықтауы, тың болып оянуы да көп рөл ойнайды. Осындай эпидахуал кезінде бала ауру-сырқауға мойымас үшін оның ағзасында С және Д дәрумендерінің жеткілікті болғаны жөн. С дәруменінің қайнар көзі жеміс-жидектер мен көкөністер. Ал Д дәруменін дәріханалардан сатып алу үшін оның қандай мөлшерде тұтыну қажеттігін учаскелік дәрігермен келісіп-пішіп алу керектігін ескертемін.
Қазіргі кезде қалада балалардың арасында коронавирустың таралуы тұрақты. Санитарлық жағдайларды сақтап отырсақ, біз бұл сынақтан сүрінбей өтіп кетеміз.
Материалдар Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған деректер бойынша әзірленді.