АППАРАТТАР САНЫ АРТУДА
Шымкентте пневмонияға шалдыққан науқастарды медициналық тексеруден өткізу үшін 3 компьютерлік томография аппараты сатып алынды.
Жаңа қондырғылар қаладағы инфекциялық аурухана мен №2, №3 ауруханалар базасына орнатылды. Өз кезегінде қуатты құрылғылар өкпесі қабынған науқастарды емдеуде зор септігін тигізеді. Компьютерлік томографиялар орнатылған медициналық мекемелер тұрғындарға тәулік бойы қызмет көрсететінін айта кетейік. Сонымен қатар үшінші мегаполиске өкпені жасанды желдететін тағы 156 аппарат жеткізілді. Олардың барлығы тиісті медициналық ұйымдарда орнатылған.
Өз кезегінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов үш оттегі станциясын орнату бойынша құрылыс жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Өз кезегінде ол оттегі станциясы қалалық инфекциялық аурухана базасында және №3 қалалық ауруханада орнатылғанын, бұдан бөлек, медициналық ұйымдардағы 717 оттегі нүктелерін қосу және сұйық оттегіге арналған 9 цистернаны орнату жұмыстары жүргізілуде екенін мәлімдеді.
М. ӘБДІРАЙЫМ.