Айшылық алыс аймақтан жылдам хабар жеткізген
Байланыс саласы Созақ ауданында 1929 жылы құрылып, «Байланыс кеңсесі» /Контора почты/ аталып оның алғашқы бастығы болып Батырбеков Дүйсенбек тағайындалған болатын. Бұл кісі дүниеден өткенінше байланыс саласында 53 жыл қызмет еткен азамат. Газет-журналдар Түркістан-Ащысай арқылы түйемен Шолаққорғанға тасылып тұрған деуші еді Дүйсекең. 1936 жылы Ащысай,Серго,Түркістан бағытымен желі тартылып Шымкент қаласымен телефон байланысы орнатылған. 1958 жылы Шолаққорған ауылына МБ арқылы 74 телефон орнатылып, оның бір номері Сталин/қазіргі Аққолтық/ аулына орнатылған.
Сол жылдары ЦБ 960 қондырғысы арқылы қосымша 120 телефон орнатылып облыстық байланыс басқармасы бастығы Жақуповтың басшылығымен ауылдарға байланыс желілері тартыла бастады.1970 жылы аудан орталығында 500 номерлік аналогтік автоматты стансасы іске қосылды. Почта мен электрбайланыс қызметтері бірге болып 1993 жылға дейін Созақ аудандық байланыс торабы аталып халыққа қызмет етіп келді. Заман талабына сай, 1993 жылдың 1 тамызынан бастап аудандық байланыс торабы екі ашық акционерлік қоғамдардың бөлімшесі болып екіге бөлінді. Бірі «Созақ аудандық Қазпошта торабы» аталып, оның тұңғыш бастығы болып Нысанбаев Айдархан Әлтенұлы тағайындалды. Бірі «Созақ аудандық телекоммуникация торабы» аталып оны Нұртаев Спандияр Әзімбайұлы басқарды.
Бүгінгі күні аудандық телекоммуникация саласына қарасты 16 автоматты станциялардың бәрі санды станцияға ауыстырылды. 7 радиорелейкалық WLL CDMA EVDO станциялары арқылы шалғайда орналасқан Раң ата, Жуантөбе,Тасты, Шу ауылдарына телефон, Интернет қызметтері ұсынылуда. 2013 жылы тұрғындар көп шоғырланған Таукент елді мекеніне аудан орталығынан заманауи талапқа сай 52 шақырым ОК-24 оптикалы-талшықты кабель салынып 1000 Мбит/с ағым беріліп тұтынушыларға жоғары жылдамдық Интернет пен ID TV/телевидение/ қызметі берілуде. Бұл қызмет түрлері аудан орталығы, Созақ, Жартытөбе ауылдарында да ұсынылуда. Аудан бойынша 5319 телефон қызметін пайдаланатын абоненттер бар, оның 4491 жеке секторларда. Кең жолақты Интернет қызметін 3210 тұтынушы пайдалануда. Altel 4G, Теле-2 ұялы қызметтерін 1110 абонент пайдалануда. Білім саласының Интернет қызметінің жылдамдығын арттыру мақсатында аудан орталығындағы орта мектептерге 8 Мбит/с-10Мбит/с жылдамдық берілсе, биыл Балдысу, Сызған, Қозмолдақ, Шаға, Жаукебаев, Абай, Қарбұлақ елді мекендеріндегі мектептерге 10-30 Мбит/с жылдамдықпен Интернет қызметін беретін радиокөпір орнатылды. Биыл аудан орталығында орналасқан 6 орта мектептерге де оптикалық талшықты кабель тартылып ол мектептер 10-20 Мбит/с жылдамдықпен Интернет қызметін пайдалануға қол жеткізеді. «Цифрлы Қазақстан» Үкімет бағдарламасына сай, биыл ауданымыздың Бабата, Аққолтық, Сызған, Созақ, Қарағұр және Құмкент елді мекендеріне оптикалы-талшықты кабель салу жоспарланған, бүгінгі күні аталған елді мекендерге магистральды кабель жер асты салынып АТС тарға жеткізілді. Бабата, Аққолтық елді мекендерінде орта мектептер мен ФАП-тарға оптикалық кабель іске беріліп ол мекемелер 10-20 Мбит/с дейін жылдамдықпен Интернет қызметін ала алады. Құмкент елді мекенінде оптикалық талшықты кабель АТС-тен ауыл әкімшілігіне, мектепке және ауруханаға тартылып қазан айында іске қосылады. Созақ аулында да аурухана, Созақ лицейі мен Навои орта мектептеріне де кабель тартылып,қазан айының 10 дейін берілетін болады. Жоспарланған алты елді мекенге кабель салу жылдың соңына дейін аяқталады деп жопарлануда. Бұл жұмыстардың сапалы жүргізілуін ҚР «Құрметті байланысшысы» Нысанбаев Айдархан бастаған білікті мамандар жіті бақылауда. Тарихқа үңілсек ауданның байланыс саласының дамуына көп жыл қызмет етіп еңбектері сіңген азаматтар бар атап айтқанда: Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Байжанов Сұлтанмұрат, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері марқұм Қуанышбаев Асубай, Жанысова Шырайкүл, Сазанбекова Дәметкен, Отаров Жанайдар, Қуатбеков Айтжанғали, Мұқымбеков Жақып, Нүркеева Татьяна, Қораласбаев Жұмабек, Мұстафаев Қуандық, Атаулаев Ергешбай, Шәрібеков Нәлібек сынды көптеген ардагерлердің аттарын атап кетуіміз керек. Қазақтелеком АҚ құрылғанына 25 жыл толуына орай, осы мекемеде 25 жылдан астам жұмыс істеген «Қазақтелеком» АҚ Созақ ауданы бөлімшесінің басшысы Нысанбаев Айдархан, жетекші инженер Отаров Жанайдар, станция электромеханигі Байжанов Рашид, оператор Бименова Гүлсім, оператор Оспанова Айгүл, станция инженері Мұқымбеков Жақып, Оператор Бармағанбетова Светлана, кабель дәнекерлеуші Кемелбаев Ділдабек, монтер Тәтібаев Айтмет, электромонтер Шаймерденов Қайрат сияқты он қызметкерге мерекелік медальды мекеме басшысы А.Нысанбаев салтанатты түрде табыс етті. Бүгінгі күні Созақ ауданынан Қазақстан Республикасының «Құрметті байланысшы» атағын алған төрт азамат бар олар, Байжанов Сұлтанмұрат, марқұм Нұртаев Спандияр, Толов Абдолла және Нысанбаев Айдархан. Айтулы шара еліміздегі төтенше жағдайға байланысты күндіз,санаулы адамдармен карантин ережесін сақтай отырып шұғыл түрде өткізілді.
Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.