САУ БОЛУДЫҢ ЕРЕЖЕСІ – САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН САҚТАУ

Әлемнің көптеген елдерінде Covid-19 вирусын жұқтыру деректері күрт көбейді. Инфекцияның қайта өршуінен көптеген мемлекеттер өз аумағында карантиндік шараларды күшейтуде. Соған қарамастан ауру саны артып барады.

Қазіргі таңда әлем бойынша вирус жұқтырғандар саны 38 млн.ға жуықтады. Індет 1 млн.нан астам адамның өмірін қиды. Эпидахуалы қолайсыз күйге түскендердің елдердің көш басында АҚШ, Индия, Бразилия тұр. Көрші Ресей Федерациясында да жағдай мәз емес. Бүгінде онда коронавирусты жұқтыру деректері 1 млн. 291 мыңнан адамды құрап отыр. Қазақстанда да ахуал қанағаттанарлық емес. Ауру жұқтыру деректері Қазақстанның барлық аймақтарында тіркеліп отыр. Ағымдағы жылдың 12-қазанындағы мәлімет бойынша елімізде вирус жұқтырғандар саны 108 831 адамға жеткен. Оның ішінде 104 041 адам емделіп шыққан. Қайтыс болғандар саны 1746 адамды құраған. Мамандар сақтық шараларын барынша күшейту қажеттігін айтады.
Өз кезегінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында сақтық шараларын қатаң ұстану қажеттігін ескертеді.
Еске сала кетейік, Шымкентте 2020 жылғы 12 қазандағы жағдай бойынша COVID-19 -дың 5203 жағдайы тіркелген. Оның ішінде — 2648 симптомдық, 2554 – симптомсыз. Қала бойынша коронавирустан емделген науқастар саны 5 108-ге жетті.
Сондай-ақ, қалада 11-қаңтардан 12-қазанға дейін пневмонияның 18 341 жағдайы тіркелген болса, оның 18 191-і ауруынан айыққан.
Бұған дейін қалада карантиндік шаралар 26-қазанға дейін ұзартылған болатын.