ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚ ҚАЙСАР ЖАН

«Уақыт керуеніне бөгет жоқ» демекші, уақыт шіркін бас бермес асаудай арындап, жүйрік желдей жүйіткіп өте шығады. Олай демеске не шара, егер кеше ғана шымылдығы түріліп, сахна төріне шыққан еліміздегі тұңғыш праймериз додасы да әне-міне дегенше мәре сызығына жақындап қалса…

Әрине, бәйгеге атын қосып, тақымын қысқан талай замандасымыздың әліптің артын бағып, елдің бетке ұстар тұлғаларының өзара тайталасының нәтижесін күтіп отырғаны анық. Партияішілік іріктеуде кімнің айы оңынан туатынын айтуға әлі ерте. Дегенмен, халықтың көзі қарақты, қазір сөздің майын тамызып, әдемі сөйлейтіндердің емес, қолынан іс келетіндердің заманы, сондықтан, көпшіліктің кімге қолдау білдіріп, дауыс беретіні де беп-белгілі. Осындай халықтың ыстық ықыласына бөленіп, көптің қолдауына ие болуға әбден лайық жандардың бірі – Төреайым Сұлтанова.
Бүгінгі күні адамның денсаулығынан асқан байлық жоқ. Бұл ретте Төреайым Сұлтанованың айналысып отырған кәсібі нағыз халықтың қажетін қанағаттандыруға бағытталған десе де болады. Фармацевтика ісінің қыр-сырын меңгеріп, осы саладағы мол тәжірибесі мен терең білімін жеке кәсіпкерлікке бағыттай білген іскер ханымды Шымкент қаласының сан мыңдаған халқы тек табысты кәсіпкер ғана емес, көзі ашық саясаткер ретінде де жақсы біледі. 2012 жылдан бері қатарынан екі рет Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына сайланып, елге қызмет етіп келе жатқан оның қаланың келбетін ашып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосқан үлесі өз алдына, халық қалаулысы ретінде қарапайым тұрғындардың талап-тілегі мен мұқтаждықтарын биік мінберден билік басындағыларға жеткізіп отыратын еркін ойлы, батыл қарекеттері де көпке жақсы таныс. Нәзік иығымен нар жүгін көтеріп, қаншама үлкен істерге ұйытқы болып жүрген қайсар жанның халыққа әлі де берері көп. Сондықтан да ол биылғы жаңа дода – праймеризге қатысып, өз бағын сынап көруге бел буып отыр.
Байсалды бәсекеге жарқын жүзбен қатысқалы отырған үміткер Төреайым Сұлтанованы мақтаудың қажеті шамалы, оның қадір-қасиетін осы уақытқа дейін жасап келе жатқан жақсы тірліктерінің өзі-ақ айқындап бере алады. «Әр адам өзі білетін іспен шұғылдануы керек» дегенді өмірлік ұстаным еткен ол өз сайлаушыларының қажеттіліктерін атқарушы биліктің көмегімен шешуге ықпал етіп қана қоймай, қаншама қайырлы істердің басынан табылып, қамкөңіл жандардың ақ батасы мен алғысына бөленіп келеді. Маңдай терімен тапқан несібесін елмен бөлісіп, көптің қуанышын көру үшін аянып қалмаған асыл жанның халық игілігі үшін жасаған қамқорлығы көп-ақ.
Айталық, осыдан 5-6 жыл бұрын Шымкент қаласы аумағының кеңеюіне байланысты жаңадан төртінші аудан – Қаратау ауданы құрылғанда, оның енді еншісін алған жас шаңырақтай кем-кетігі көп еді, жоқ-жітігі де жетіп артылып жатты. Қайта жаңартып, жаңғыртуды қажет еткен әлеуметтік нысандардың қатарында осы аудандағы тозығы жеткен 100-ден астам балалар ойын алаңдары да болды. Осы тұста жергілікті кәсіпкерлердің көмегіне иек артқан Қаратау ауданы әкімінің бастамасын алғашқылардың бірі болып Төреайым Сұлтанова да қолдап, аз уақытта аудан аумағындағы балалар алаңдарын қызыл-жасыл арайлы түске бөлеп, жаңа құрылғылармен қайта жабдықталған ертегі әлеміне айналдырды. Осылайша қаншама бүлдіршінге шаттық сыйлап, аулаларды сәби күлкісіне толтырған іскер ханымның бұл демеушілігі әкімдердің айтқанына бақай есеп үшін бас шұлғу әрекеті емес, аналық жүрегімен балаларға жасаған базарлығы еді…
Бұдан кейінгі жылдары да өз сайлаушыларының әрбір талап-тілегін назарынан тыс қалдырмай, елді мекендердің инфрақұрылымдарын дамытуға, мектеп, аурухана, балабақша, мәдениет ошақтары сияқты әлеуметтік нысандармен қамтылуына барынша көңіл бөліп келе жатқан Төреайым Сұлтанова бюджеттің қалтасы көтермеген жерде жеке қаражатын шығарып, «жыртығын жамап» жіберуден, ел ішіндегі әртүрлі шараларға демеушілік жасап, талантты жастарды қолтығынан демеп отырудан аянып қалған емес.
Қазақ «қайғыны – ер, қазаны ел көтереді» деп тегін айтпаған. 2019 жылы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы оқ-дәрі қоймасы жарылып, бейбіт халық зардап шеккенде де бір шетте қапысыз қарап отыруға дәті шыдамаған Төреайым Сұлтанова осы апаттың салдарынан үйсіз-күйсіз, далада қалған тұрғындарға қолдан келгенше сөзімен де, ісімен де жәрдем беріп, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін арнайы құрылған қайырымдылық қорына 5 миллион теңге қаржы аударуы да азаматтың азаматына ғана тән іс дер едік.
«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, Арыстағы жарылыстың елдің жүрегіне салған жарасы жазылып, енді ғана ұмытыла бастағанда, Өзбекстан жағындағы су қоймасының көбесі сөгіліп, іргедегі Мақтаарал ауданын су басып қалды. Бір түнде үй-жайы мен мал-жанын тастап, үдере көшкен халықтың жан күйзелісі ешкімді бей-жай қалдырмады. Басындағы баспанасынан ғана емес, күнкөрісіне жараған егістік алқаптарынан да айырылған елдің күңіренген үні біраз жұртты бей-жай қалдырмады. Бірақ, бұл жолы да қаймана қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Алланың сынағына жұдырықтай жұмыла төтеп берді. «Үйі жоқтың күйі жоқ» екенін жақсы түсінген жергілікті кәсіпкер, қалталы азаматтар қолдан келгенше арнайы құрылған қорға қомақты қаражат аударып жатқанда, тағы да ер-азаматқа тән қайсарлық пен қайырымдылықтың үлгісін көрсеткен Төреайым Сұлтанова да мырзашөлдік ағайындар үшін мол материалдық көмек көрсетіп, иманды іске игілікті үлес қосты.
Жалпы, биылғы кібісе жылы оңтүстік халқы үшін оңайға соқпады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, осындай ойсырата соққы берген апаттарға ілесе келген індеттің зардабы да ауыр болғаны көпке белгілі. Кенеттен келген тажалдың құрығына ілініп, өмір үшін арпалысқан жерлестерінің жан қиналысы халық қалаулыларына тағы бір үлкен міндет жүктеді. Осы індетпен күресті күшейту мақсатында Шымкентте жаңадан тұрғызылған жұқпалы аурулар ауруханасына мәслихат депутаттарының атынан табысталған 40 БОБРОВ аппараттарын сатып алуда Төреайым Сұлтанованың да еңбегі мен қаржылай үлесі аз болмағаны айтпаса да түсінікті.
Тегінде, игілікті іс атаулы иманды жүректен шықса керек-ті. Қашан да әуелі бір Аллаға, сосын ата-баба әруағына сыйынып барып іс бастауға үйренген Төреайым Сұлтанова өзге жерлестерінің де имандылық бастауынан сусындауына сеп болып жүреді. Оның өз жеке қаражатына Сайрам ауданындағы туған жері Қ.Жандарбеков ауылынан «Жолдыбай ата» мешітін салып, мұсылман жамағаттың игілігіне беруі – осындай сауапты тірліктерінің бір ғана айғағы.
Айта берсек, ел анасына айналған асыл жанның Атымтай жомартқа тән үлкенді-кішілі қайырлы істерін жіпке тізіп тауысу мүмкін емес. Кісі баласының ала жібін аттамай, адал ақысын артығымен беруге асық тұратын оның әрбір қолға алған ісінің алдымен өзгелерге кесірін емес, пайдасын тигізуін ойлап жүретінін оны жақсы танитын үзеңгілес, әріптес азаматтардың көбі біледі. Дегенмен, ол ерен еңбекпен келген ен дәулетін оңды-солды таратпай, «балық емес, қармақ беру», яғни талабы бар адамға бағдар беріп, кәсіп үйретіп, істің көзін көрсету арқылы да талай жанның нәсібін табуына ықпал етіп келеді.
Осылайша табандылығы мен қайсарлығының арқасында талай белесті еңсеріп, біраз биіктерге шықса да, әлі де өзін өмірдің шәкіртімін деп есептейтін Төреайым Сұлтанова талмай ізденіп, жаңаны игеруге дайын тұрады. Әрдайым алдыңғы толқын ағалардың алдында иіліп, иба білдіріп жүретін кішіпейіл жан олардың әрбір ақыл-кеңесін көкейіне тоқып, өзінің өмір және еңбек жолында адастырмас темірқазық етіп келеді.
Жарты ғасырдан астам ғұмыр жолында көргені де, көңілге түйгені де көп, көшелі басшы, іскер кәсіпкер, елдің саяси және қоғамдық өмірінен хабары мол, қарымды саясаткер, жүрегі мейірімге тұнған ел анасы – Төреайым Сұлтанованың нағыз халық қамқоры екендігіне шүбә жоқ.

С. НҰРАЙ.