МЕКТЕПТЕР ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУҒА ДАЙЫН БА?
Шымкентте барлығы 172 мектеп бар. Ондағы оқушылар саны 211 796-ны құрайды. Оның 147-сі мемлекеттік мектеп болса (оқушылар саны 202 492), 25-і жекеменшік болып табылады. Олардың барлығы оқушыларды қашықтан оқытуға толық дайын.
Қаладағы 147 мектептің 145-і (2-уі түрме жанындағы кешкі мектеп) кең жолақты интернет желісіне қосылған.
Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева педагогика саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясында мәлімдеді. Онлайн түрде өткізілген шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, аудан әкімдері, ардагер ұстаздар және білім басқармасының, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Жылдағыдай емес, биыл пандемияға байланысты онлайн түрде өткізілген кеңесте аталған саладағы өзекті мәселелер, қол жеткізген жетістіктер, жаңа оқу жылына қарсы айқындалған міндеттер сөз етілді.
Ғаламторға қосуға 235 млн. теңге қаржы қаралған
Жаңа оқу жылын оқушылар қашықтан оқитыны белгілі. Бірақ ата-аналардың өтініші негізінде бастауыш кластар үшін кезекші сыныптар ашылатыны алдын ала ескертілген болатын. Осыған байланысты жаңа оқу жылы қарсаңында 14490 бастауыш сынып оқушысы үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, 996 кезекші сынып ашылды. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты кезекші сыныптардағы балалар саны 15 оқушыдан аспайтын болады. Және әлеуметтік алшақтық ережесі қатаң сақталуы үшін үзілістер әр класс үшін әртүрлі уақытта белгіленетін болады.
Сонымен қатар барлық білім ұялары «Bilim Iand — Onlinemektep.orq» интернет платформасында қашықтан оқытуға толығымен дайын. Бүгінде білім мекемелері толығымен интернет желісіне қосылған. Бұл бағытта 235,9 млн. теңге қаржы қаралған.
Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ арқылы шалғайдағы елді мекендердің, білім ұйымдарының интернет желісінің жылдамдығын секундына 8 Мб-тан 12-ге дейін ұлғайту жұмыстары жолға қойылуда. Және де интернетке мұқтаж 24 109 отбасының (42 368 бала) 17 706-на интернетке қосылған «әмбебап-нөмірлер», 6 403-не кабельді интернет желісі тартылуда.
Жылу маусымына дайындық өз деңгейінде
Тамыз кеңесінде білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық барысы да сөз етілді. Шымкент қалалық білім басқармасы Жанат Арысбекқызы білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталғанын айтты. Қазіргі таңда Шымкентте жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын жеткізілген. Жалпы жылыту маусымына жоспарланған бұл шикізаттар арнайы зертханадан өткізіліп, тиісті сертификат алынған.
Оқушылар қашықтан оқу құрылғысымен толық қамтылды ма?
Қазіргі таңда Шымкенттегі білім мекемелеріндегі компьютер саны 20 201-ді құрап отыр. Оның ішінде 10 975 дана компьютер ағымдағы жылдың шілде айында сатып алынды. Бұдан бөлек, ҚР Үкімет қоры және жергілікті бюджет есебінен 36 355 (7438 — компьютер, 24 716 — ноутбук, 4 201 — планшет) компьютерлік құрылғылар алу жұмыстары басталды.
Қашықтан білім беру жағдайында, 222 050 оқушының 35% (77 698 оқушы) 41 900 компьютерге мұқтаж екені анықталды. Оның ішінде 35 798 оқушы әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының балалары болып табылады. Бұл мәселені шешу үшін әлеуметтік көмекті қажет ететін 24 955 отбасының 35 798 баласына білім ұйымдарындағы компьютерлер уақытша берілді.
Алдағы уақытта сатып алынатын компьютерлік құрылғылар есебінен 41 900 оқушының құрылғыға деген қажеттілігі толық қанағаттандырылатын болады.
Жаңа бастаманың жемісі қандай?
Шымкентте жаңа оқу жылы қарсаңында «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты» жұмысын бастайды. Мектеп «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылған. Сондай-ақ, 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру арқылы жаңа бағытта жұмыс істейді. Осыған байланысты 12 STEM лабораториясын ашу да жоспарлануда. Өз кезегінде STEM білім беру дегеніміз инженерлік шығармашылық пен математика, жаратылыстану ғылымдары мен технологиялардың кіріктірілуі негізінде жоба және пәнаралық амалдарды байланыстыратын жаңаша ойлау және жаңа технологияларға бағытталған ғылымдардың бірігуі. STEM лабораториясын ашу арқылы сыни тұрғыдан ойлай алатын, ғылыми-техникалық білімді күнделікті өмірде пайдалана білетін, белсенді қарым-қатынас құру және командамен жұмыс жасаудың тетігін меңгерген, техникалық пәндерге қызығушылығы жоғары, жобаларға креативті және жаңашыл көзқарас білдіре алатын жас ұрпақ қалыптасады. Сонымен қатар осы жылғы оқу жылында «Оқушылар сарайы» базасында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген «IT-орталығы» қосымша білім беретін болады. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап Шымқалада халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «А. Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебі» жұмысын бастайды. Дарынды балаларға арналған мектеп қалада орта білім беру саласын дамыту, білім сапасын жоғарылату мақсатында ашылған.
А. САТЫБАЛДЫ.