ШЫМКЕНТТІҢ ИППОДРОМЫ ҚАЙ КҮЙДЕ? немесе атшабарды жаңарту аса қажеттілік пе?

Шымкенттіктердің арасында біраздан бері Бәйдібек даңғылындағы ипподром-атшабар жайында нанымды, нанымсыз талай әңгімелер айтылып келеді. Осыдан қырық жыл бұрын облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған марқұм Асанбай Асқаровтың дәуірінде іргесі қаланған, сол кездегі бағалау бойынша қазіргі ипподром ірі құрылыстардың бірегейі ретінде пайдалануға берілген екен.

Көне көздердің айтуы бойынша атшабатын арнайы алаң құрылысы өз дәуіріндегі жаңа құрылыстардың қатарында болған. Негізінен ипподром қаланың шетінде, ашық алаңда орналасқан болатын. Бір кездегі шағындау болған Шымқала қазір адам танымастай ауқымға жетті. Жаңа құрылыстар бой көтерді, отыздай шағын аудандар өмірге келді, халқының саны миллионнан асты.
Ел аузындағы асылықтау әңгіме біраз жылдан бері әр түрлі ұзынды-қысқалы өсектермен өрбіп келеді. Ұзақ қала ипподромына басшылық жасаған, Шымкент қалалық мәслихатының депутатаы Ғани Ахметбаевтің айтқан уәжіне, берген мәліметіне құлақ түрсек қазіргі таңда жаңа бір жоспарлар жүзеге асырылу үстінде екен. Ипподромның бүгінде еңсесі мүлдем төмен түскен, жан-жағынан алып талай үйлер бой көтеріп, ол бейне бір шұңқырда, барынша пәс жерде, еңсесі езіліп, көзге қораш көрініп тұр. Аумағы баяғыда ат шаптырымдай болып үлкен алаң санатындағы ипподромның қазіргі ат шабатын алаңының ұзындығы шақырымға да жетпей, тұлпарлардың тынысын тұншықтыратын орынға айналып кеткен. Қайбір жылдары Асанбай Асқаровты еске алуға байланысты үш күндік бәсеке кезінде толық тыныстай алмаған үш ат опат болған. Жабырқаулық туғызатын жайсыздау әңгімеге өзек болған «Ипподромды жауып, орнына тұғыры биік тұрғын үйлер салынады» деген сан-тарау хабарлар қаланы шарлап кетті.
Тиісті басшылар мен мамандардың бүгіндері айтқан мәліметтеріне қарағанда үшінші мегаполис қалада жаңа ипподром бой көтергелі жатыр. Бозарық шағын ауданынан қала әкімдігі 24 гектар алқап бөліп, сол жерде заманауи жаңа талапқа сай, ен атырапты алатын жаңа ипподромның жобасы жасалынуда. Ол тек бір ат шабатын алаңмен тоқтап қалмайды, онда жаттығатын орындар, ветеринарлық қызмет көрсететін комплекс, қоймалар секілді күнделікті қажетті көптеген қосымша құрылыстар бой көтермекші. 2012 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың алдында ауызға алынған келелі мәселе жақын мерзімдерде орындалатындығына ешқандай шүбә қалмайтындығына үлкен сеніммен қарауға болатын секілді.
Биік алаңға орналасатын жаңа атшабар шабысқа түсетін аттар үшін де аса қолайлы болмақ. 3-4 шақырымдық тұлпарлар жарысқа түсетін орын барлық жағынан уақыт талабына толық жауап бермек. Ипподром құрылысына демеушілік жасап, мол қаржы құятын жанашыр азаматтар жөнінде де жақсы сөздердің тарап жатқандығы көңілге кәдімгідей жұбаныш пен қуаныш ұялатады. Ал, ескі ипподромның орнында қандай құрылыстар болатындығы уақыт пен биліктің еншісінде болмақ.
Жекелеген қала тұрғындарының дәл осы ипподромды жаңа жайға көшіру жөніндегі айтқан пікірлері мен ұсыныстары еріксіз елең еткізеді. Олардың айтуы бойынша Шымкенттің ішінде халық демалатын, қызық көретін ипподромның қазіргі жайын басқа жаққа аудару аса қажет емес деген толғақты ой бар. Базбіреулері «бүтін тұрған дүниені бүлдіргеннен ешбір басшы жақсылық көрмейді. Жетпеген жерлерін қайтадан жасау кімге соншама қажет болып отыр? Атшабар алаңын алысқа алып қашқаннан кімге қандай пайда болмақ?» деген ауыздан шыққан сөздер аз болмай тұр. Кей сәті көбірек ойландыратын бағалалар да, көптің көңіліндегі қарсылықты аңғартып жатқан секілді. Қайбір азаматтар мен азаматшалар «тұрғын үй салуға ипподромнан басқа жер табылмай қалды ма? Қазақтың жері аз емес қой» дегендері де көңілде қағажу барлығын аңғартқандай. Алуан ой, сан түрлі пікірлер әзірге осылайша толастамай тұр.
Шымкент әкімдігінің бізге жеткен сенімді дерек көздеріне сүйенсек, BI Group компаниясы 135 миллиард теңге көмемінде инвестиция тартып, қазіргі тұрған ипподромның орнына тұрғын үй комплексін салуды жоспарлауда. Бұған қосымша жаңадан салынатын заманауи атшабардың мемлекеттің қаражатынсыз, өз есептерінен атқаруға бекем бел байлап отыр екен. Сонымен қатар «Тұлпар» көлінің маңын абаттандыру жұмысы да осы компанияның есебінен жүргізілетіндігі көңілге қанағат ұялатады. Егер осы көзделген міндет іске асатын болса, оған басшылық жасап отырған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы тұрғын үй жөніндегі күрделі мәселелерді түбегейлі шешіп, жаңа ипподром жақсы кейіпте халыққа қызмет көрсетеді. Сол кезде әкімге орынды-орынсыз айтылып жатқан бағалаулардың да, пайымдаулардың да барлығына нүкте қойылады.

Қ. АЙДАРОВ.