Үміткер үміттендірер істер аз емес
Қазір бүкіл елімізде түрлі деңгейдегі мәслихат пен мәжіліске депутат болуға талаптанған азаматтар үлкен сын алдында өздерінің келешектегі ойларын сайлаушыларымен бөлісуде. Кандидаттарды саяси ұйымдар ұсынса, көптеген үміткерлер өздерін өздері сынақ бағына қарай жіберуде. Міне, сондай кандидаттардың бірі Диана Мұратханқызы Қараманова 1975 жылы Алматы облысы, Үшарал қаласында дүниеге келген.
Ол кісі қазір қағидасы қалыптасқан, тәжірибесі барынша мол, талай білікті істерді жүзеге асыруға қол жеткізген азаматшылардың қатарына келеді. Қазақ мемлекеттік басқару академиясында, Орталық Азия және Шымкент университеттерінде экономикалық, заңгерлік және педагогикалық білім алған. Еңбек жолын есепші-кассир болып бастап, алдына үлкен мақсат қоя отырып, табандылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында Алматы облыстық қаржы басқармасында, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ мекемелерінде бас маман болып қызмет атқарып, 2006 жылдан негізінен кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Атқарылған жұмыстарды екшеп қарайтын болсақ көп істің жүзеге асқанын, ауқымды міндеттердің одан әрі жақсы жағынан жалғасын тауып жатқанына еркін түрде көз жеткізуге болады. Алғаш рет Астана қаласында осыдан он бес жылдай бұрын «Керемет» атты жекеменшік бала-бақшасын ашып, өз бизнесіне тұрақты негіз қалады. Қандай да бір елге пайдасын берер, көптің өтеуіне лайық игілікті іс жасау айтуға оңай болғанмен, тікелей жүзеге асыруда көп міндет, көп қаржы және біліктілікті бірінші кезеңде талап ететіні сөзсіз.
Міне, Диана Мұратханқызы сондай сүрлеуден сүрінбей өткен, еңбегі жанған жандардың бірі десек, ол орынды баға болып саналар еді. 2010 жылы Шымкент қаласына қоныс аударуына байланысты ел астанасындағы өзінің алғашқы игі бастамасын жалғастырып, қаладан «Керемет-Оңтүстік» атты ірі жекеменшік бала-бақшаны ашып, мемлекеттің білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған басты бағдарламасына сәйкес көп істі жүзеге асыра алды. Ендігі басты бағыттардың бірі 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамыту бағдарламасына лайықты жаңа міндеттерді іске асыруға нақтылы негіз қалау үстінде.
Кез-келген стратегия билік пен қоғам арасында келісімге негізделетіндігін басты бағдар ете білген Диана Қараманова «Nur Otan» партиясының мүшелерінің үлкен сеніміне ие болуы үшін депутаттыққа өз кандидатурасын ұсынған кәсіпкер азаматша қазір сайлау алдындағы өзінің әдістері, міндеттері және сайлана қалған жағдайда атқаратын негізгі жұмыстарымен өз сайлаушыларын тереңінен таныстыруда. 2016 жылы қоғамдық негізде құрылған Шымкент қаласы аумағындағы «Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығы (КАНО)» филиалының директоры болып сайлануы Диана Мұратханқызының біліміне, білгірлігіне, белсенділігі мен іскерлігіне қарай үлкен сенімге ие болғандығын ерекше атап өткеніміз орынды. Содан бергі жылдар ішінде филиал Шымкент қаласы әкімдігімен, мәслихатымен, «Nur Otan» партиясының қалалық филиалымен, «Атамекен» өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен, Шымкент қалалық білім беру басқармасымен тұрақты түрде ынтымақтаса отырып, талай толымды мәселелердің шешілуіне атсалысты. Олардың қатарында әлеуметтік сала ұйымдары үшін коммуналды қызметтерде тарифтерді төмендету, өсіп жетілуінде ерекшеліктері бар мектепке дейінгі ұйымдардың балаларының өміріне инсклюзивті оқыту мен тәрбиелеуді енгізу, бір жастан бастап балаларды бала-бақшаға қабылдауды автоматтандыру бойынша Републикалық пилоттық жобаны іске асыру, салалық бизнесте дамытуға ықпал ететін жеке басшыларға арналған санитарлық ережелер мен нормаларға өзгерістер енгізу жолында талай-талай толымды мәселелерді көтеріп, оның жүзеге асырылуына, дер кезінде шешілуіне қосқан үлесі аз болған жоқ. Мына бір мәселені іске асырудаға Диана Мұратханқының мектепке дейінгі білім беру саласында істейтін Шымкент қаласы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау шеңберінде 2019 жылы КАНО мен Кәсіпкерлер палатасы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды 01.01.2020 жылдан бастап 26 пайызға ұлғайтуға қол жеткізді. Нәтижесінде кәсіпкерлер 294 млн. теңге көлеміндегі болашақ шығындардың алдын алды. Диана Қараманова басқаратын қауымдастық филиалы жыл сайын Шымкент қаласындағы жетім балаларға материалдық көмек көрсету жөніндегі акцияларына, Арыс қаласының тұрғындарына қайырымдық жәрдем беру ісіне де белсене арласып келеді. Қауымдастық өз есебімен биылғы жаз айында Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 840 мың теңгенің дәрі-дәрмектерін сатып әперді. Еңбекші ауданы әкімдігі деңгейінде Майлы Қожа, Челюскинцев көшелеріне кәріз жүргізу мәселесін аумақ тұрғыны ретінде көтеріп, ол оң шешімін тапты. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Еңбек және қоғамдық қызметтегі мол тәжірибесіне қарамастан Диана ханым алғаш рет сайлауға үміткер ретінде қатысып отыр. Депутаттыққа партия ішіндегі кандидат ретінде қадам жасаған Қараманова «Nur Otan» партиясы мүшелерінің өзіне деген сенімін жоғары бағалайтындығын өз сөзінде ерекше атап көрсетті. Үміткер көптің қолдауына ие болу үшін алдына кең көлемде міндеттер белгілейді. Диана Қараманова сондай депутаттық жұмыстың басымдықтарын өз сайлаушыларының алдында, кездесу барысында барынша байыпты түрде таныстыруда. Осы басымдықтар қатарында Еңбекші ауданында ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыру, қала бюджетін орнықтыруға қатысу, оның орынды жұмсалуын бақылау, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу, өмір сүру сапасының жақсаруы мен әлеуметтік жағынан қорғалуын арттыру, білім беру саласының дамуына, онда жұмыс атқаратын қызметкерлердің мәртебесін көтеруге жәрдемдесу, шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау, аудандық қауымдастық пен ынтымақтастық орнату секілді негізгі бағдарлардың бар екендігі үміткерге деген сенімділікті орнықтыруда.
Еңбекші ауданында қордаланған мәселелерді шешуде мәслихат депутаттығынан үміткер Диана Қараманованың белгілеген өзіндік бағдары бар екен. Бизнестік құрылымдары бастамаларын қолдай отырып, «үй жанында» жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу, ол үшін зейнет жасқа жақындаған адамдар мен мүгедек жандар үшін үлкен мүмкіндік болатындығын осы бағдарда айрықша атап көрсетеді. Сол секілді білім беру саласы бойынша меншік нысанына қарамастан инфляцияны ескере отырып істі қалыптастыру, кадр тапшылығы, шығындарды толық қаржыландырудағы өзекті мәселелерді батыл және тиімді шешу, алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз деңгейінде қамту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және қалалық бюджеттен жеке мектеп салуға қаражат бөлінуіне ықпал ету, қиындыққа тап болған жандарды әлеуметтік жағынан қорғау, жергілікті қоғамдастық, ұлтаралық келісім мен толеранттылық тұжырымдамасын іске асыруды жандандыру, ҰОС ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, «Nur Otan» партиясының жасы үлкен мүшелерінің мәртебесін арттыру, оларды «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға тарту және жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге ерекше назар аудару үміткердің қаперінен шықпайтын басты мәселелердің санатында екен.
Диана Мұратқанхызы тарапынан алғы күндерге деген мұнан басқа да көптеген істерді жүзеге асыру бағыты бар екендігіне біз жүздесу барысында көз жеткіздік. Өз сайлаушылары ол кісіге толықтай сенім білдіретіндігіне шүбәміз болмады.
С. НҰРАЙ.